- Негізгі бет
- Егер...
- Аяқ киім табаны...
Аяқ киім табаны тайғақ болса
Еліміздің кей өңірлерінде қар қалың жауып, халықты әуре-сарсаңға салып жатыр. Жер тайғақ, барлық жерді қар көміп тастаған. Жүру де қиындап кетті. Кейбіріңіз осы ауа райында қай жерде қалай құлар екем деп ойлана бастаған боларсыздар. Әсіресе, ғимарат алдына келе бергенде. Олай болса, тайғақ жерде сырғанамау үшін сіздерге мынадай кеңес береміз.
1-әдіс: Желім
Бұл әдісті жаңа етікке жасауға қимайтын боларсыз. Көптен киіп жүрген етікке жасау қиын емес. Алдымен, аяқ киіміңіздің табанын құрғатып алыңыз. Кейін аяқ киім тақасына және табанына сұйық желім жағыңыз. Содан соң, суға төзімді егеуқұм қағазын аяқ киім табанына сәйкес ойып алып, жабыстырыңыз. Егер мұндай қағаз табылмаса, желім бетіне топырақ сеуіп қойсаңыз болады. Желім кепкеннен кейін топырақ аяқ киімді тайғанамайтындай етіп ұстап тұрады. Әр шешкен сайын аяқ киімнің табанын тексеріп отырыңыз. Егер желімі кетіп жатса, қайтадан жасауға болады.
2-әдіс: Картоп
Аяқ киім сырғанамау үшін далаға шығар алдында етіктің табанын қабығы ашылған картоппен сүртіңіз. Болмаса, суға крахмалды езіп, етікің табанына жағыңыз. Бұл әдісті далаға шыққан сайын жасап тұрсаңыз болады.
3-әдіс: Таймауға арналған жапсырма
Егер аяқ киім жөндейтін шеберханаға барсаңыз, сырғанаудан қорғайтын арнайы жапсырманы аяқ киімге орнатып бере алады. Бұл әдіс сырт қарағанда әдемі көрінеді әрі жүргенде білінбейді. Өзіңіз-ақ жапсырып алатын жапсырмалар да кездеседі. Олар көбіне саяхат заттарын сататын дүкендерде болады.
4-әдіс: бұрамалар
Бұл әдісті қолдансаңыз, қыс соңына дейін сырғанамай жүресіз. Әрине, егер етігіңіздің табаны қалың болса ғана. Қалың табанды етікке кішкентай бұрамаларды бұрап, қадап қойыңыз. Бұдан кейін аяқ киім сырғанамайтын болады, бірақ тақа секілді тық-тық етіп жүреді әрі ағаш еденнің бетін сызады.
Г. Берік