Америкалық жазушы Джек Кенфилд адамдарды жігерлендіру мақсатында тренингтерді жиі өткізеді. Осындай кезекті жиылыстардың бірінде ол бір қатысушының жанына келіп:
– Мен семинарлар мен дәрістерді жиі өткіземін. Бірақ қатысушылардың ішінде бұрын-соңды осынша ақымақ адамды көрмеппін,– дейді.
Бұл сөз отырған қыздың шамына тиіп кетсе керек, ол бірден бозарып, түсі бұзылып кетеді. Ал Джек оны сабырға шақырып, жай ғана тәжірибе ретінде айтқанын, сөзін әлі аяқтамағанын аңғартады.
Ол тағы да қызға қарап:
– Мен семинарлар мен дәрістерді жиі өткіземін. Бірақ қатысушылардың ішінде бұрын-соңды осындай жасыл шашты адамды көрмеппін,– дейді.
Бұл жолы қыз жай ғана күлімсірейді.
– Неге күлесіз?– деп сұрайды одан.
– Себебі менің шашым жасыл емес.
– Онда бірінші сөзіме неге шамдандыңыз?– деген сұрақ қояды.
Біз сын айтып тұрған адамның сөзімен іштей келісетін жағдайда ғана айтылған сөз ашуымызға тиеді. Өзімізге сенімді болып, ақылды, әдемі, сымбатты, жомарт екенімізді анық білетін болсақ, басқалар не айтса да оның бос сөз екенін жақсы білеміз.
Адамдар жазылған пікірден, әннен, көзқарастан, әзілден сын табады. Көбіне ол жоқ жерден табылады.
Атыңызға айтылған сынға көңіліңіз бұзылса бірден, осы «жасыл шаш» шынында да менікі ме деп ойланыңыз. Содан соң бұл сөз сіздің жетістік жолында өсуіңізге оң әсерін беретін пайдалы жайт деп қабылдаңыз.