- Негізгі бет
- Ең, ең,ең...
- Тоңазытқыштан машина жасалды...
Тоңазытқыштан машина жасалды
АҚШ-тың Небраска штаты, Валзилл қаласының тұрғыны Ерние Адамс 50 жыл уақытын жұмсап, көне тоңазытқышты машинаға айналдырған. Тіпті кейбіреулер бұл көлікті 450 мың АҚШ долларына сатып алмақшы болған екен, бірақ Ерние бұл көлікті сатпайтынын білдірген.
Ерние Адамс 1965 жылы тоғыз дана көне тоңазытқышты пайдаланып, тұңғыш рет жүре алатын көлікті жасап шыққан. Сол уақыттан бастап, бүгінге дейін 100-ге жуық «тоңазытқыш көлік» жасаған. Оның ішінде танымал спорт көліктері мен әйгілі маркалы көліктер бар.
Адамс үйінің ауласын "кішкентай көлік зауыты" деп атайды. Шынымен де бұл жерде оның жарты өмірі өтті.
«Бір көлікті жасауға 3000 сағаттан 4000 сағатқа дейін уақыт кетеді, - дейді Адамс, - 13 жасымда үйіміздің есік алдындағы көне тоңазытқышты көргенде бейне бір машинаны көргендей болдым. Машина құрастыру менің бала күнгі арманым еді, сонымен дәл сондай тоғыз тоңазытқыш жинап, алғашқы көлігімді жасадым және онымен жолға шығып, табысқа жеттім. Мен қазір өмірімдегі ең соңғы тоңазытқыш көлікті жасап жатырмын».
Адамс тағы да: «Адамдар үнемі менен "мұндай машинаны айдау қалай өзі?" деп сұрайды. Мен оларға "бейне парашютпен ұшып жүргендей сезімде боласың" деп әзілдей жауап беремін. Жол жақсы болса, менің көліктерім өте жайлы жүреді. Ал нашар жолдарда өте жайсыз жүріс болады. Қай жерге барсам да, оларды айдап жүремін», - дейді ол.
Бұл көліктерге қызыққан адамдар көп болған. Кейібірі сатып алуды ойласа, кейбірі өздерінің қымбат бағалы көліктеріне ауыстырып алғысы келеді екен. Бірақ Адамс олардың бәріне тойтарыс берген.
Адамстың ұлы былай дейді: «Әкем ертеде маған "мен өлгеннен кейін осы көліктерді сатып, ақшаға жарат" деген еді. Бірақ мен бұл көліктерді сатпаймын. Өйткені бұл менің әкемнің көзі ғой. Осы көліктер үшін арнайы мұражай ашып, оларды мәңгілікке қоюды, тіпті де көп адамның бұл қолөнер туындысынан ләззат алуын ойлап жүрмін».
Сурет: dailymail.co.uk
M. Auelkhan