Шымкенттік тұрғын оқ өтпейтін әскери көлік құрастырып шықты

Шымкенттік тұрғын оқ өтпейтін әскери көлік құрастырып шықты

Шымкент қаласының тұрғыны Алексей Шевлягин Қазақстанда тұңғыш рет оқ өтпейтін, әскери нағыз жауынгерлік көлік құрастырып шықты, деп хабарлайды 24.kz.

"Сарбаз" деп аталған машина аты аңызға айналған ГАЗ-66 көлігі негізінде құрастырылған. Өнертапқыштың айтуынша, ол толығымен брондалған және "нағыз әскери көлік" деп айтуға тұрарлық өнім. Көлік жақында ғана өткен сынақтар барысында өзін тек жақсы қырынан танытқан көрінеді. 

Әскери мамандар да жаңа көліктің үлкен сыйымдылығы мен жүккөтергіштігіне оң баға берген екен. Айта кетейік, көлік 5 тоннаға дейінгі жүкті өз мойнына артуға қабілетті. Жаңа көлік әскерде штабтық, санитарлық және барлау жұмыстарына қолдануға барынша ыңғайлы етіп жасалған.

Шымкенттік инженердің сөзінше, оның машинасында заманауи көлік бөлшектерінің барлық жиынтығы орналасқан. Қозғалтқыш пен беріліс қорабын ол Беларусьтен алдырса, бронь Ресейден жеткізілген екен.    

Құрастырушы "Сарбаз" көлігіне қазірдің өзінде баға қойып үлгерген. Сонымен оны сатып алу үшін сізге қалтаңызды 100 мың АҚШ долларына жұқартуға тура келеді. Егер Қазақстан әскери күштерін аталған көлік түрі қызықтырса, онда биылғы жылдың өзінде Шымкентте дәл осындай машинаның 20 түрі құрастырылуы мүмкін. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: 24.kz

Б. Қосмағамбет