Мата мен кендірден жасалған ерекше көліктер

Мата мен кендірден жасалған ерекше көліктер

Кейде автокөлік өндірушілерінің көлікті металдан не болмаса пластикадан жасауы бүгінде әдеттегі нәрсеге айналды. Сондықтан болар, кейде көлік жасаушылар жұртшылыққа тым тапқыр көрініп жатады. Бір қуанары, көп өтпей-ақ, олар өз ойларынан айнып, әдеттегі ісіне оралады. Бүгін біз осы саладағы мамандардың көлік экстерьеріне қатысты тапқырлықтары жайлы сөз қозғамақпыз, нақтырақ айтсақ, көлік сыртын жасаудың ең ерекше 8 түрі жайлы болмақ. 

Кендір 


Таң қаларлығы, каннибасқа (есірткі зат) негізделе пластикадан кузовтық панельдер жасаған аты әлемге әйгілі өнеркәсіпші Генри Форд болып табылады. Көпшілікке тұңғыш рет 1941 жылы таныстырған Soybean Car ретінде танымал болған автокөлік - әлемде кузовы пластикадан жасалған алғашқы көлік атанды.  

Дегенмен, кузовтағы кендір үлесі аса мол бола қоймаған: көбіне ол соялық бұршақтардан жасалған екен. Ал автокөлікке жанармай ретінде алкогольден алынған этанолды немесе кендірді қолдану жоспарланыпты.

Генри Фордтың аталған кузовтың әдеттегіден екі есе жеңіл және салыстырмалы түрде бекем деп мәлімдегеніне қарамастан, мұндай машиналарды жаппай өндіру жоспары іске аспай сол күйі жсопар ретінде қалды. Бұған себеп: Екінші Дүниежүзілік соғыс.

Ағаш 


Ағаш автокөлік өзінің бастауын машина жасаудың алғашқы кездерінен алады. Металл жаппай қолданылмай тұрып, өзі жүретін арба конструкциясына күймелерге қолданылған материалдар қолданылды.

Бастапқыда ағаш машиналар тәжірибелік мақсаттарға қолданылып жүрді. Әсіресе, оларды поезд жолаушыларын вокзалдан қонақ үйге дейін немесе кері бағытта тасымалдауға қолданылды. Көлік кузовының кеңдігінің арқасында мұндай машиналарға жүктер салып, жолаушыларға лайықты жайлылық ұсыну мүмкіндігі туды. Вокзалдардың қажеттілігімен тығыз байланыста болғандығы үшін бұл көліктер Station Wagon деп аталды. Аталған термин әлі күнге дейін қолданыста бар – көптеген автоөндірушілер өздерінің әмбебап (универсал көлік) көліктерін осылай атайды.


Аталған материалды қолдануды Генри Форд жалғастырды. 1920 жылдардың соңында ол Model A көліктеріне ағаш материалдардан жасалған элементтерді шығарумен айналыса бастады. Кейінірек конвейерді ойлап тапқап адамның әдісін көптеген өндірушілер қолдана бастады оның ішінде General Motors та бар.

Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде ағаш көліктер кеңінен таралды. Мұның себебі металдың майдан қажеттілігіне байланысты қолданылуында. Дегенмен, ағаш көліктердің құны арзан бола қойған жоқ, соған байланысты жаппай өндіру 1950 жылдардың басына дейін жалғасты – бұдан соң автокөлік компаниялары толықтай металға көшті себебі, оны қолдану - экономикалық тұрғыдан алғанда өте орынды саналды әрі қауіпсіздік жағынан да тиімді болды.

Ағаш көліктерді әлі де жасайды. Мәселен, 2007 жылы Солтүстік Каролина университетінің аспиранттары Джо Харман есімді дизайнермен бірлесе отырып ағаш көлік жасап шықты. Команда 600 ат күші бар бензинді қозғалтқыш орнатылған ағаш суперкар жасау мақсатын қойды. Сыртқы безендірілуінен бөлек «Сплинтер» атты көліктің басқа да элементтері де ағаштан жасалған.

Мата 


Автокөлік өндірісінде батыл шешімдер жайлы сөз қозғалғанда, BMW маркасының кескінін түбегейлі өзгерткен Крис Бэнглді айтып кетпеуге болмайды. Әңгіме BMW Gina деп аталатын 2008 жылғы концепт-кар жайында. Кузовтың классикалық панельдерінің орнына машина толықтай матамен қапталған.

Мата арнайы металл арқандарынан құралған қаңқаға кигізілген. Жобалаушылардың айтуынша, бұл, өз кезегінде, әрбір жүргізушінің қалауына байланысты көлік көрінісін өзгертуге мүмкіндік береді екен. Ең таң қалдыратыны, аталған көліктің алдыңғы шырақтарының адам көздері секілді ашылып-жабылуы.

«Мата автокөліктің шын мәнісінде қандай болу керектігі жайлы ойды өзгерте алады, - дейді Бэнгл, - ал бұл материалдың иілгіштігі көлік жобалаушыларына дизайн саласында көбірек еркіндік береді. Сонымен қатар, мата автокөліктің ішкі тораптарын қорғауға, аэродинамикалық дұрыс форманы беруге мүмкіндік береді».

Былғары 


Бүгінде көзге ерсі көрінетін былғары экстерьер 1920 жылдардың аяғымен 1930 жылдардың соңында әдеттегі нәрсе болған. Әсіресе «былғары» машина шығарумен DKW ( кейінірек Auto Union концернінің құрамына кірді, ал бұл қазіргі Audi компаниясы) деп аталатын неміс кәсіпорны айналысты. Айта кетсек, Ингольштадттегі Volkswagen премиум-брендінің мұражайында DKW-ның  4=8 моделі мен  F1 «былғары» көліктерін көруге болады.

Бүгінгі автокөлік әлемінде кузовты былғарымен қаптау қызметін автоөндірушілерге қарағанда көбіне тюнинг-ательелер ұсынады. Мәселен, 2012 жылы америкалық рэпер The Game тері «кигізілген» Ferrari F430 спорт купесінің иегері атанды. Көлікті жабдықтаумен латвиялық Dartz компаниясы айналысты – олардың кузовты былғарымен қаптауларына 16 күн кеткен.

Бұдан бөлек жер шарының әр жерінде әртүрлі уақытта «былғары» BMW X6 мен BMW 318i де жасалды. Соңғысын да латыштар - Vipon фирмасының қызметкерлері жасаған екен.

Фарфор 


Тіпті ең қымбат автокөліктердің ішкі безендірілуінде сирек кездесетін элемент  - фарфор мен керамика. Экслюзивті лимузиндер мен суперкарлардың өндірушісі клиенттерінің кез келген қалауын жүзеге асыруға дайын екені белгілі, бірақ кузовында фарфордан жасалған бөлшектері бар машина жасап, оны сатылымға шығаратын әлемде жалғыз ғана бренд бар. Ол – Bugatti.

Француздар Veyron - L’or Blanc суперкарының ерекше нұсқасын жасау үшін Берлинде орналасқан  фарфордың корольдік мануфактурасының мамандарын шақыртыпты. Алайда, Германия астанасынан келген мамандарды аз ғана жұмыс күтіп тұрған. Ауқымды жұмыс орнына Bugatti-дің жанармай багының қақпағы мен дөңгелек дискілерінің ортаңғы бөліктеріндегі бітеуішті ғана фарфорға ауыстыру қажет болыпты.

Экстерьердің осы бөлшектері, сонымен қатар, бірегей бояу «Вейронды» әдеттегі нұсқадан 600 мың евроға қымбат етті. L’or Blanc 1 миллион 650 мың евро немесе 2 миллион 150 доллар тұрады.

Сым 


Негізінде бұл тақырып қызығарлықтай емес: көптеген жылдар бойы британдық суретші Бенедикт Редклиф сымнан автокөлік модельдерін құрған.

Жай ғана қызығушылықтан бөлек, бұл Редклифке жақсы пайда әкелді: мысалы, Lamborghini Countach моделі 65 мың долларға, сатылды, ал Toyota компаниясы жарнама аясында суретшіге сол кезде жаңадан шыққан «Королланың» моделін жасауға тапсырыс берді. Кейбіреулер тіпті бұдан да асып түсіп жатты: мысалы, сымнан жасалған көліктерді басқыш қозғалтқышпен жабдықтап жатты.

Джо Гомеза секілді кейбір энтузиастар нәзік кузовтарды өз көліктеріне қолданды.

Жұқалтыр 


Ханес Лангедер есімді тағы бір суретші Porsche 911 GT3 RS-ді жұқалтырдан жасаған. Бұл автокөлік те басқыш қозғалтқышпен жабдықталған, оның болат рамасы және велосипед дөңгелектері бар, ал «кузов» болса, пластикалық құбырдан жасалған қаңқаға жабыстырылған алтын жұқалтырдан тұрады. Лангедердің бұл туындысы бар болғаны 99,6 келі екен. Дегенмен, бұл тарихта ең баяу Porsche екенін айта кеткен жөн.

Алтын


Көлік сырты түгелдей алтынмен қапталса да, оны стильдің шынайы белгісі деуге келмейді, бірақ мұндай ысырапшылдықтың өзін өздігінше бағалауға болады: Бұл көлік иегерінің қоғамдағы статусының көрінісі іспетті. Мысалы, Бруней сұлтанының гаражында таза алтыннан жасалған Rolls-Royce бар: сұлтан бұл көлікпен тек бір ғана рет жүріпті – өзінің таққа отыруы кезінде. Сонымен қатар, әлемде алтынмен қапталған көлік бар. Ол - әлемдегі ең арзан көлік – шағын Tata Nano.

Алтын Tata Nano-ны 2011 жылы жасады. Үнді зергерлері 80 келі алтын «құйыпты» және соның бәрін 15 келі күміспен және басқа да бағалы тастармен, соның ішінде гауһар таспен дұрыстаған екен. Бүгінде алтыннан жасалған үнді шағын көлігі 4,6 миллион долларға бағаланып отыр. Айта кетсек, бұл фарфорлы «Вейроннан» екі есе және қарапайым Tata Nano-дан екі мың есе қымбат.

Алтынмен жасалған тағы бір тәжірибемен ресейлік суретші әрі дизайнер Денис Симачев көзге түсті. Ол өзінің Porsche 911 купесін толықтай сом алтынға айналдырған. Дизайнер көлік инкрустациясына шамамен 20 келі алтын жұмсапты.

Бірақ Симачев өзінің «алтын» «Поршесінен» айырылуды жөн көріпті. Өткен жылдың көктемінде машина 330 мың евро деген бағамен сатылымға қойылды. 

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: motor.ru, moto-tapety.pl

Ж. FM