- Негізгі бет
- Ең, ең,ең...
- Жүргізушісіз қозғалатын көліктер...
Жүргізушісіз қозғалатын көліктер таңдау жасай ала ма?
Өзін-өзі басқаратын автомобильдер заманы жақындап келеді. Біз көлік өндірісіндегі жаңа жүйе туралы осыған дейін де мәлімет берген болатынбыз. Бүгін смарт-көліктердің таңдау жасау мүмкіндіктері туралы сөз қозғамақпыз.
Алдағы бірнеше жылдың төңірегінде жүргізушісіз қозғалатын көліктердің орталық процессоры миллисекунд ішінде маңызды шешім қабылдау мүмкіндігіне ие болады. Шындығында, «ақылды» көліктер оқыста жолға жүгіріп шыққан баланы қаға ма, әлде одан бұрылып сізді апатқа ұшырата ма? Ал сіз мұндай өзгеріске дайынсыз ба?
Бұл – классикалық философияның тұңғиығы. Мысалы, сіз балаларды тасымалдайтын автобус жүргізушісісіз. Көлік жол апатына ұшырағалы жатыр. Автобустың ішіндегі балаларды құтқару үшін қарсы жолға шығу керек. Ал қарсы бағытқа шығып кетсеңіз, өз перзентіңіз отырған көлікті соғып кетесіз. Осы сәтте қандай таңдау жасар едіңіз? Бір топ баланы ма, әлде өз туған ұлыңызды ма?
Адам баласы кез келген жағдайдың басқаша орын алуын немесе таңдаудың әртүрлі нұсқасы болуын үнемі талқыға салады. Себебі біздің табиғатымыз сондай. Әйткенмен де, дәл сондай қиын жағдайға түспей мұның қаншалықты маңызды екенін аңғара алмаймыз. Ал өзін-өзі басқаратын көліктердің әртүрлі жағдайда қалай әрекет ету керек екендігі алдын ала бағдарламаға енгізіледі. Осы мәселені Алабама университетінің (АҚШ) ғалымдары алға тартып отыр.
Зерттеуші ғалымдардың айтуынша, компьютерлік бағдарлама маңызды шешім қабылдау үшін кез келген шешімнің мүмкін болатын этикалық жақтары туралы ілімді игеруі тиіс. Бірақ америкалық зерттеушілер компьютердің мұндай сезімді игеруге шамасы жетпейтінін айтады.
Басты мәселе таңдаудың қандай болуында емес, оның әртүрлі болу мүмкіндігінде. Бүгінде екі түрлі шешімнің де оң жақтарын анықтап, бағдарлама межесіне енгізу міндеттелуі қаралып жатыр. Осы сынды мәселелерге қатысты сан түрлі көзқарас жаңа автокөліктердің жаппай қолданысқа берілу уақытын тежеп келеді. Сондықтан автономды қозғалысқа ие көліктердің сенімді немесе қауіпті екенін анықтап, таңдау жасау адамның қолында.
Ал сіз бұл мәселе бойынша қандай таңдау жасар едіңіз?
Ж. Өрісбай