Бес жасар Кристофер Microsoft компаниясы ұсынған Xbox бағдарламасы арқылы ойын ойнап, оған беріліп, ақылы ойындарды ешқандай төлемсіз жалғастыра берген.
Кристофер Вон Хасселдің әке-шешесі осы жылдың басында баласының онлайн компьтерлік ойындар ойнауға мүмкіндік беретін Xbox Live-ті еш төлемақысыз қолданып жүргенін байқап қалыпты. Ол парольді ұрлаған жоқ, керісінше, Microsoft өнімінің осал жерін тапқан. Мұндай IT қабілет Кристоферге әкесінен дарыған болу керек. Себебі оның әкесі Дэвис Сан-Диегодағы ақпараттық жүйемен қамту саласында жұмыс атқаратын ServiceNow компаниясының техникалық қауіпсіздік жөніндегі инженері. Калифорнияның Сан-Диего қаласының тұрғыны Кристің арқасында Xbox бағдарламасын құрастырушылар кеткен қателікті жедел жөндеген.
Бала өз әкесінің атынан кіріп, тек ойындар ғана емес, басқа да қызметтерді тегін пайдаланған. Ал Xbox-тің қауіпсіздігін қамтамасыз етуші мамандар хакерді тапқанымен, оның бес жаста екеніне еш сене алмады. Арнайы мамандар алдымен: "баланың қолынан келмейтін дүние" деп сенбеген болса, кейіннен оның бәрі айқындалып, "таң қалудан өзге шамамыз қалмады" дейді Xbox бағдарламашысы Джон Брайант.
Ендігіде Кристофердің есімі аталмыш компанияның қауіпсіздігін бұзған хакерлер тізімін толықтыратын болады (Members of Microsoft Security Reseachers). "Біз әрқашан өз тұтынушыларымыздың сұраныстары мен талаптарына жауап беруге тырысамыз және олардың(тұтынушылардың) біздің қателіктерімізді табуға өз үлестерін қосқандары үшін алғысымыз шексіз" - деді Брайант мырза AssociatedPress ұлттық баспасөз қызметіне есеп беру кезінде.
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/KvewDw3VqTE","width":"450","height":"338"});
Кристоферге 50 АҚШ доллары көлеміндегі сыйақымен қоса Xbox Live бағдарламасына жылдық абонемент ұсынылды.Әрине, бұл сома басқа тапқыр хакерлердің қомақты ақшасымен салыстыруға келмейді, дегенмен Кристофердің көңілі жай тауып отыр, себебі енді ол бір жыл көлемінде Xbox-ты тегін пайдаланатын болады.
Дайындаған: Жолдас Өрісбаев
Сурет: edition.cnn.com