"Жүре берсең, көре бересің" деген осы екен.
Қытайда BMW компаниясының ұйымдастыруымен мынадай бір қызық конкурс өтті. Аталған компанияның 1-сериялы автокөлігіне қолын тигізіп, бір орында ең ұзақ тұра алған адамға дәл осы машина сыйға тартылатын болыпты. Бір қызығы сайысқа сырттан көз салып тұрған жұрт түгілі, конкурсты ұйымдастырушылардың өздері қатысушылардың шыдамдылығына қайран қалып, таңдай қағыпты. Енді ше? Жеңімпаз бір орында тапжылмастан 87 сағат тұрған. Яғни, 4 күн 3 түн!
Сайыс жеңімпазы Он Цзя
Он Цзяға сайыстан соң медициналық көмек көрсетілуде
Конкурстың жеңімпазы қытайлық Он Цзя атанды. Көрсеткен ерекше шыдамдылығы мен табандылығы үшін оған BMW автокөлігінің 1-сериясы тарту етілді. Бірақ 5 жылға ғана.
Дәл мұндай сайыстар қытай жерінде алғаш өткізіліп тұрған жоқ. Мысалы, 2007 жылғы сайыста сәбидің емізігін аузында ең ұзақ уақыт ұстап, емген адамға Chevrolet Aveo автомобилі тарту етілген болатын. Бұл кезде үй сатумен айналысатын 27 жасар Жанг Чуниинг жеңіске жеткен еді. Жанг емізікті ауызында 27 сағат 40 минут бойы ұстап тұрған. Бірақ бұл әлі айналайын. Бұл әйел азамат бұл әрекетін бір аяқпен тұрып, ештеңеге сүйенбей іске асырған еді.
суреттер: cfp.cn, epochtimes.ru