- Негізгі бет
- Ең, ең,ең...
- Авто. Суперавтобус...
Авто. Суперавтобус
| Нидерланды елінің студенттері бір жағынан ұзын, екінші жағынан қарағанда сюрреалисттік, ғажайып көлікті ойлап тапқан болатын. Көлік авторлары темір тұлпарды заманауи техниканың барлығымен "қаптап" қойған. Оның ішінде заманауи сұйықкристалды теледидарлар мен мр3 ойнатқышы бар. Бұған қоса, ұзындығы 15 метр болатын 16 есікті автобустың ішінде 23 жолаушы жайлы жайғаса алады. Көлікті қуаты 300 киловатт болатын электр қозғалтқыш "жүгіртіп" отырып, теория бойынша Superbus 250 шақырым/сағат жылдамдықпен жүре алады. Ең қызығы "суперавтобус" бір зарядпен 200 шақырым жерді жүріп өте алады екен. Көліктің биіктігі 1,7, ал ені 2,5 метрді құрайды. Superbus-тың жобалануы мен құрастырылуы осыдан бес жыл бұрын басталса, бүгін ол пайдалануға 100% дайын толыққанды көлік болып табылады. Жақында Нидерланды елінде қалың қар түскен кезде, жоба авторлары көліктің тежегіш жүйесін сынақтан өткізді. Тежегіштің жұмысына көңіл бөлген авторлар автобустың максимал жылдамдықпен келе жатқандағы тежелетін жолы 200 метрден аспайтынын айтып кеткен. Салмағы 9,5 тонна болатын көлік үшін өте жақсы көрсеткіш. Қауіпсіздіктің қосымша деңгейін көлікте орналасқан бөгеуілдерді алдын ала анықтайтын компьютер қамтамасыз етіп отырады. Қыс мезгілінде сынақтан өткен суперавтобус 85 шақырым/сағ жылдамдықпен келе жатып, басқару мен маневрлеудің жақсы деңгейін көрсетті. Сынақты мына бейнебаяннан тамашалай аласыз. Көліктің конструкциясын жеңілдету үшін жобалаушылар рама мен шанақты темірден емес, көміртегі пластигінен жасады. Жолаушылардың жайлылығын қамтамасыз ету үшін көліктің ішінде былғары орындықтар мен ғаламторға шығатын мүмкіндік қарастырылған. |
Сурет: superbusproject.com