1903 жылы америкалық ағайынды Райттар әлемдегі тұңғыш ұшақты құрастырып, көкке көтерген. Ауада небәрі 8 секунд болып, 32 метрге дейін ұша алған. Содан бері ұшақ құрастыру технологиясы әртүрлі деңгейде дамыды. Бүгінгі қолданыста бақылау радарларына түспейтін жылдам ұшақтар бар. Ал келесі жылы қанаттарының ұзындығы 117 метрді қамтитын әлемдегі ең үлкен ұшақ ұшырылады.
Stratolaunch ұшақ тарихындағы ең алып құрылыс нысаны болмақ. Аталған ұшақ жобасы АҚШ-тың оңтүстік-шығысында орын тепкен Мохаве шөліндегі халықаралық аэроғарыштық орталығында (Калифорния штаты) құрастырылып жатыр. Ал жобаны Scaled Composites аэроғарыштық компаниясы қолға алған. «Рух» лақап атына ие болған Stratolaunch ұшағы 6 Pratt & Whitney реактивті қозғалтқышы мен 28 дөңгелектен құралады. Қанаттарының ұзындығы 117 метрді қамтиды.
«Егер бұл ұшақты футбол алаңына орнықтыратын болсақ, қанаттары екі қақпадан 5-5 метрден шығып тұрады», - дейді Scaled Composites компаниясының президенті Кевин Микки.
Осындай алпауыт дизайнымен Stratolaunch аты аңызға айналған «Хьюз H-4 Геркулес» ұшағынан 20 метрге, кеңестік «Боран» (АН-225) зымыран тасымалдағышынан 30 метрге, заманауи Аэробус А380-нен 37 метрге ұзын болмақ. Ұшақтың негізгі бөлігі екі Боинг лайнерінен құралады. Бұл идея Microsoft корпорациясының негізін салушылардың бірі Пол Алленге тиесілі.
Stratolaunch ұшағын жаңа рекорд орнату үшін құрастырып жатқан жоқ. «Рух» жобасының негізгі мақсаты – жасанды спутниктерді ғарышқа жеткізудің ұтымды жолын жасау. Stratolaunch ұшағының екі лайнерінің арасына үш бөлшектен тұратын зымыран орнықтырылады. Ұшақ атмосфераның сыртқы қабатына жеткен кезде зымыран іске қосылып, ары қарай өз күшімен орбитаға шығады. Ұшақ пен зымыранның біріккен салмағы 600 тонна болмақ. Ғалымдардың айтуынша, мұндай әдіспен Жердің төменгі орбитасына 6 тоннаға дейін зат тасымалдай аламыз.