Америкалық Hennessey компаниясы өзінің Venom GT атты суперкарын Канаверал мүйесінде орналасқан Джон Кеннеди атындағы ғарыш орталығының арнайы трассасында жылдамдық бойынша сынақтан өткізді. Оның қорытындысы бойынша суперкар әлемдегі ешбір автокөлік жетпеген жылдамдықты тіркей алды. Нақтырақ айтсақ, Venom GT моделі сағатына 435,3 шақырым жылдамдығын көрсетіп, ресми түрде әлемдегі ең жылдам көлік атанды. Осыған дейінгі рекордты Volkswagen компаниясының полигонында Bugatti Veyron Super Sport қойған еді. Сол кезде ол 434 шқ/сағ жылдамдығын ресми түрде тіркеп, Гиннестің рекордтар кітабына енген болатын.
Hennessey Venom GT көлігін сырттан қарасақ, ол бізге созылған Lotus Exige моделін көз алдымызға елестетеді. Алайда одан айырмашылығы, Venom GT капотының астында көлемі 1,8 литр болатын төрт цилиндр емес (Lotus Exige көлігіндегідей), 7 литрлі сегіз цилиндр орналасқан. Ол Bugatti Veyron көлігінен 62 ат күшіне қуаттырақ келеді. Ал салмағы бар болғаны 1244 келіні құрайды (Bugatti 1888 келі тартады).
Hennessey компаниясының өкілдері өздері қойған әлемдік рекордпен тоқтап қалмақ емес. Айтулары бойынша, жақын болашақта олар 450 шқ/сағ межесіне жетуді жоспарлап отыр.
Қазіргі кезде бұл компания жылына Venom GT моделінің тек бірнешеуін ғана шығарады. Ал оның бағасы $600 000 - $1 000 000 аралығын құрайтынын айта кетейік (мотор күшіне байланысты). Одан бөлек компания алдағы уақытта Еуропа, Таяу Шығыс, Азия мен Ресей аймағында дилерлік желілерін ашуды жоспарлап отыр.
Ескерте кетейік, төмендегі бейнероликте көліктің жылдамдығы мильмен көрсетілген
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/gWAavCjVQvM","width":"450","height":"320"});
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: motorauthority.com