Ferrari компаниясы әлемдегі ең беделді компания болып шықты. Италиялық компания BMW, Mercedes-Benz, Volkswagen, Lexus және Audi секілді алпауыттарды басып озып қана қоймай, Google, Coca-Cola сынды үлкен корпорацияларды да артта қалдырды. Бұл Brand-Finance компаниясы мамандарының есептемелерінде көрсетілген.
Компания беделі мынадай көрсеткіштерге сәйкес бағаланған: таза пайда, әрбір клиенттен алған ақшалай түсім, маркетинг пен жарнамаға кеткен шығын. Бұдан басқа, мамандар клиенттің брендке деген адалдығы мен құштарлығын да есепке алған.
Дегенмен, рейтингтің алғашқы бестігіне енген компаниялардың ішінде Ferrari-дің ғана бағалау құны ең төмен болып отыр. Ол 3,6 миллиард долларын құрайды. Өз кезегінде, екінші орынды иеленген Google Brand-Finance ақпараты бойынша 52,1 миллиард доллар тұрады. Ал үздік үштікті тәмамдап отырған Coca-Cola корпорациясы 34,2 миллиардқа бағаланған.
Өткен жылдың қазан айында әлемдегі ең қымбат брендтердің рейтингін Interbrand компаниясы да жасаған болатын. Автокөлік маркалары ішінде бірінші орын «Тойотаға» бұйырған еді. Оның құнын 30,25 миллиард долларға бағалаған болатын.
Дайындаған: Ерғали Елдос
Сурет: xn--80ae0baehegf.xn--j1aef.xn--p1ai