- Негізгі бет
- Ең, ең,ең...
- 100 шақырымға 50...
100 шақырымға 50 мл отын тұтынатын көлік
Испандық Мигель Эрландс атындағы университетінің студенттері 100 шақырымға 50 мл отын тұтынатын көлікті ойлап тапты. Ал жанармайдың бір литрі 2000 шақырымды жүріп өтуге жетеді, - деп хабарлайды Auto.mail.ru. Қазіргі жанармай тапшылығын ескеретін болсақ, бұл өте жағымды жаңалық болмақ.
Студенттер өз өнертабысына Datil 12 деген атау қойған екен. Бұл көлікті жобалаудан бастап, толығымен салып болғанша, 9 ай уақыт кеткен. Оның салмағы 38 келі, ұзындығы 3,2 метр болса, ені мен биіктігі 60 сантиметр.
Суперүнемді темір тұлпар Ротердамда 17-19 мамыр аралығында жыл сайын өткізілетін Shell Eco-Marathon атты байқауда халық назарына көрсетілмек. Бұл жылы осы шараға 250-ге жуық команда қатысады. Бұл байқаудың басты мақсаты - жанармайды мейлінше аз тұтынып, ұзақ қашықтықты жүріп өту болып табылады. Ең бастысы көліктердің жылдамдығы 25 шақырым/сағаттан кем болмауы тиіс.
"Испандық суперкөлік" жобалаушыларының бірі профессор Мигель Оливаның айтуы бойынша, оның командасы ертеректе де бұл жарысқа қатысып, өте жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген. Өткен жылы Оливаның құрастырған көлігі 1 литр жанармаймен 1455 шақырым жерді жүріп өткен екен. Бұл жылы Datil 12 көлігінің трансмиссиясы мен қозғалтқышына елеулі өзгерістер енгізіліп, оның техникалық мінездемелері жақсартылған болатын.
Бұндай көліктер сериялық өндіріске шыға ма, жоқ па, әлі белгісіз. Бірақ, бұндай машиналарға сұраныстың жоғары болатыны айдан анық.
Сурет:auto.mail.ru