Пікір – қоғамдағы кез келген тұлғаның ойы. Ол әртүрлі жағдайда туындайтын алуан ойлар желісі. Бірақ пікір жазудың өзіне тән қағидалары бар.
Естіген дүниеге емес, көріп оқыған дүниеңізге ғана пікір жазыңыз.
Қоғамда түрлі қайшылықтар туындап жатады. Соның бірі әркімнен естіп алған ақпаратына пікір білдіру. Бұл сіздің сауатсыз екеніңізді көрсетуі әбден мүмкін. Өйткені өзіңіз білмейтін, көрмеген, оқымаған дүниеге сіз тек сыңар жақ пікір ғана білдіре аласыз.
Пікір жазбастан бұрын өзіңізге мына сұрақтарды қойыңыз: Неге? Не үшін? Не жаза аламын?
Үш сұрақ арқылы неге пікір жазасыз, не үшін жазасыз, одан қандай пайда бар және де қандай пікір жазайын деп тұрсыз деген дүниелерге дайындық жасаңыз.
Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді.
Сіздің бір ауыз пікіріңіз, тіпті сөйлем емес, бүкіл бір шығарманың, берілген ақпараттың бағытын өзгертіп немесе сол жерде отырған оқырман арасында дау тудыруы мүмкін. Ал даудың оты өзіңізді де шарпуы ғажап емес. Әрбір сөзге байыппен, баппен қараңыз, қайта-қайта сараптама жасап барып пікір жазыңыз.
Пікір жазу тек ой бөлісу емес...
Пікір жазу тек ойыңызды бөлісіп қана қою емес. Ол – сол жазған ойыңыздың біреуге әсер қалдыра білуінде. Мәселен, жаңадан бір фильм шықса, ең бірінші оның өзін көрместен бұрын сол фильмді көрген адамдардың пікіріне мән береміз. Бұл – фильмді көру керек пе, жоқ па деген сұраққа жауа іздеу. Дегенмен ол адам жай ғана ойымен бөлісе салуы да мүмкін. Мұндай жағдайда сіз керемет бір фильмді көруден бас тартасыз. Сондықтан барынша сауатты әрі саралай жазылған пікірге мән беріңіз және өзіңіз де сол қатардан табылыңыз.
Пікір өзіңізге абырой, біреуге жігер береді.
Жазылған дүниенің құнды болуы оған жазылған пікірдің, сынның, міннің деңгейіне байланысты. Жазған дүниеңіз мақтаудан гөрі сараптамаға түсіп жатса қуаныңыз. Өйткені сізді оқып жатыр әрі талдап жатыр деген сөз. Ал кейде сіздің жазған пікіріңіз біреудің әрі қарай шығармашылықпен айналысуына себептігін тигізеді. Бұған күмәніңіз болмасын.