Париж тұрғындары туристерге не үшін өкпелі?

Париж тұрғындары туристерге не үшін өкпелі?
Фото: vk.com

Арман қала Парижге бару әркімнің де қалауы. Бірақ Париж тұрғындары туралы бүгінде тек жақсы пікір ести бермейтін болдық. Бірақ Париж тұрғындарының бұған себебі де көл-көсір. Қала тұрғындарынан сауалнама алынған екен, онда олар саяхаттаушылар мен қонақтардың қандай әдеті үшін тоздыратынын айтып берген.

Алаңғасарлық

Қала тұрғындары туристердің үнемі ақшасын ұрлатып алғанын, ұялы телефонын қолды қылғанын айта беретіндіктерін ұнатпайды. Себебі сол ұрлықшылар тек туристерді емес, өздерін де тонап кетететінін айтады. Франция астанасының тұрғындары туристерге алақ-жұлақ етпей, алаңғасарлыққа салынбай, өз заттарына жауапкершілікпен қарауларын сұрайды.

Ағылшын тілі

Туристер француздардың көп бөлігі ағылшын тілін өз тіліндей білетінін біле бермейді. Тілге қатысты түсініспеушілік көп кездесіп жататынын айтқан париждіктер тіл үшін өз елдерін, қаласын жамандап, сөкпеуге шақырады. Мәселен, туристер француздарды ағылшынша түсінбейді екен деп, олардың көзінше әртүрлі әңгімелер айтып жатып, ал оны француздар түсініп қойып, ыңғайсыз жағдай көп болады-мыс.

Махаббат құлпы

Туристер Парижді махаббат қаласы деп санайды. Сондықтан өздерінің түрлі махаббат жоралғыларын да алып келеді. Мысалы көпірге құлып салып, оның кілтін Сена өзеніне лақтыру қала тұрғындарының жүйкесіне тиеді екен.

Сәлемдесу

"Bonjour" деген сөзді Францияға барған әр адам айтуды үйренеді. Бірақ туристердің тек бір ғана сол сөзді айта беретіні қала тұрғындарының шамына тиетін көрінеді. Бір жағынан сауалнамаға қатысқандардың бір тобы туристердің көмек сұраған кезінде сәлемдеспейтінін айтыпты.

Сол үшін көмек сұрағаныңызда «Bonjour» емес, «Excusez-moi» десеңіз де болатындай.

Метродағы тәртіп

Туристердің метродағы тәртібі қала тұрғындарының тек шамына тиіп қана қоймай, жол жүрулеріне де кедергі келтіреді.

Еуропадағы метро туристер үшін мәдени орын, бірақ жергілікті тұрғындар үшін бұл ең бірінші кезекте көлік түрі. Сол үшін суретке түсіп, би билеп, ел жүретін жерді босатпай қоймаңыз. Оның үстіне әрбір турист өзімен бірге сөмке, шамаданын арқалап жүріп, тар жерде тамаша болып жатса кімге ұнасын?

Велосипедтер

Көптеген турист велосипедпен бірге жүрсе париждіктердің жол жүруіне қатты кедергі келтіреді екен. Мәселен, Velib велосипед жалға беру жүйесі әсілі қала тұрғындары үшін жасалған транспорт. Көлік кептелісі кезінде жұмысымен я шаруасымен асыққан тұрғындар жетер жеріне тезірек жеткісі келсе де, велосипедті Сена өзені бойымен серуендеп тебуге алатын туристер жүйкені тоздырмағанда қайтсін?

Суретке түсіре беру

Әрбір тау-тасты суретке түсіре беретіндер үшін де жергілікті халық өз қаласының мұндай әдемілігі үшін қуанбайтын дәрежеге жеткен. Эйфель мұнарасында, Елисей алаңында, тағы да сондай атақты орындарға ел-жұрт тек суретке түсу үшін ғана келеді дейді тұрғындар. Ал нағыз әсемдікті жүрегімен сезіп білмейді.

Дауыстап сөйлеу

Қала тұрғындарының бірі туристердің өте қатты дауыстап сөйлейтінін айтып ренжіген. Бұл қалада адамдар өте сабырлы және шарапты көп ішпейді. Сондықтан да Париждегі күндерін өте қызықты еткісі келетіндер тұрғындардың шамына тиіп жүр екен.

А. Құлтай