Гүл сыйлау мәдениеті бойынша халық арасында тақ санды гүл сыйлау керек деген ұғым бар. Екі не он гүл берсе, ренжіп, алмай жататындар да бар. Мұның себебі неде? Бұл түсініктің түбі қайда жатыр?
Ежелгі орыс халқында «ажал жалғыз келмейді» деген ұғым болған. Біздегі «қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» деген түсінікке жақын. Яғни КСРО елдері осы қағиданы ұстанып, жұп санды гүлдерді қабірге ғана апаратын болған. Тірі адамға жұп санды гүл сыйлауды өлім тілеу белгісі ретінде қабылдаған. Кім неге сенсе, сол болады. Өзіміз жамандық шақырып, астары жоқ аңызға сенбей-ақ қоюға болады. «Құда да тыныш, құдайғай да тыныш» болсын десеңіз, гүл шоғын сыйлаңыз. Гүл шоғы қандай гүлден құралатыны жөнінде мына деректі біле жүргеніңіз де артық болмас.
Қызғалдақ (тюльпан) нағыз сүйікті жандарға сыйланады.
Гүл шоғы бақытгүл (хризантема), сүмбіл (гиацинт) және қалампыр (гвоздика) гүлдерінен құралса, бұл – сый-құрметтің белгісі.
Нарғызгүлден (георгина) жасалған шоғыр табыспаған махаббат нышанын білдіреді.
Сізге деген сезімі жүрек түкпірінде жасырынып жатса, мұны мимоза гүл шоғын сыйлауынан біліңіз.
Ақ және қызыл раушандар сыйласа, сізді жүрегімнің жартысы деп қабылдағаны.
Қызыл не алқызыл раушандар арасына сарыгүл (ирис) араластырылған шоғыр берсе, нағыз шынайы махаббаттың сипаты.
Адам алғашқы махаббатына мамыргүл (сирень) сыйлайды.
Лалагүл (лилия), камелия гүлін сыйлауы – сол адамға деген құштарлығы мен ынтазарлығы.
Лаванда не шегіргүлді (фиалка) қою қызыл түсті раушандармен бірге берсе, адамға таңданысын танытады.
Жаңадан танысқан адамға кездесудің ары қарай жалғасқанын қалайтыныңды білдіру үшін хризантема мен орхидеядан құралған шоғыр тарту етуге болады.
Ал шығыс гүлі (гортензия) әлде сары қалампыр сыйлау адамға деген сенімнің жоғалғанын білдіреді.