Мұғалімді қалай сыйлау керек?

Мұғалімді мазақ етіп, оған қол көтерген ролик интернет бетінде дауға айналды. Қазақстан мектептерінің бірінде болған жәйт көрерменнің сынына ұшырап, ұзақ талқыға ұласып кетті.

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/pHKEsYPjNDg&feature","width":"450","height":"255"});

Видеоның қайда түсірілгені әзірге белгісіз. Үш жасөспірімнің мұғалімге қыр көрсетіп, мазақтап тұрғанын байқайсыз. Білім алушының бірі әйел адамның мойнын қысып, тұншықтыруға тырысады. Жалғыз әйел үш бозбаладан дәптермен ұрып құтылмақшы болады. Сонымен қатар, видеодан бұл сұмдықты көріп отырғандар да күліп, ажыратып, қарсы шықпайтынын да көресіз. 

Біз өз кезегімізде оқушының қандай болуы керектігін, мұғалімге деген құрметі қандай болуы қажет екенін оқушылардың есіне тағы да бір салып қойсақ дедік.

Есей Жеңісұлы, ақын, ерекше аттестат иегері:

- Дәл қазіргі уақытта мұғалімді Құдайдай сыйлау керек. Мен ойлап тапқан тіркес емес, қазақта бұрыннан бар сөз. Өйткені, қазір қоғамның бар ауыртпалығы мұғалімнің мойнында. Сайлауға елді үгіттеу, тізімдеу, қонақ күту, аудан, қала көлеміндегі ірілі-ұсақты шараларға ақша жинау, соған түгелдей қатысу, балаларды оқыту, тестке дайындау, отбасын асырау - бәрі мұғалімдердің мойнында. Ата-аналардың басым бөлігіне рақат: бала тәрбиесіне тек мектеп жауапты деп қарайды, құрсақтан шыққан перзенттері ессіз, жынды болса да мұғалімнен көреді, өзі үйінде кітапты отқа жаққан соң, әжетханаға апарып қойған соң, баласы да ілім мен мәдениет әлеміне солай қарайды. Осы күйге бас-аяғы 20 жылдың ішінде түсе қалғанымыз өте өкінішті. Біз мектепті аласапыран 1990 жылдардың ортасына таяу бітірдік. Қытайдың екі күндік киімін киіп жүрсек те, қазіргі аста-төк ас пен байлық түсімізге кірмесе де, ұстазға құрметіміз еш төмендеген емес. Жақында 20 жылдық кездесу өткізіп қайттық. Сыныптастарымның бәрі бала-шағалы, өз алдына отау, өмірді үйренген жандар ғой, айналайын ұстаздарымызға тік тұрып құрмет көрсетті. Барын аяған жоқ. Ұстазға қол көтермек түгілі, алдын кесіп өтуге жасқанатын ұрпақпыз, соны мақтан етемін. Қазіргі ақылсыз, таяз, өмірдің бәрі жеңіс деп ойлайтын, тіпті ойлана алмайтын жастарды жолықтыра қалсам, іштей ұстазын аяп кетемін. Орыстың атақты актері Олег Табаковтың "Страна за теми, кто есть" дегені бар. Егер біздің елге сол жазбадағы "жалынды жастар" ие болатын болса, болашаққа қарауға да қорқамын. Жас қой, естерін жияр. Кейін осы әрекеттеріне өкінсе ғой, ең бастысы.

Жапатова Ақтоты, "Алтын белгі" иегері:

- Мен Ойылдағы Ж. Жүсіпәлиев атындағы орта мектептің түлегімін. Бізде мұғалімдер тек оқуға ғана үйретпейтін, сонымен қатар өмірде де сыйласып, құрмет тұтып жүретіндей тәрбие берді. Мәселен қосымша дәрістер тыңдайтынбыз. Ал сол дәрістер үшін мектептегі мұғалімдеріміз үшін ақша төленбейді. Бұл өз ісіне берілген, білікті мамандардың ғана қолынан келеді деп ойлаймын. Ал Ақтөбеге қосымша курстарға барғанымда сағаты біткен соң сені танымай кететін мұғалімдерді де кездестірдім. Сол үшін біз мектептегі мұғалімімізді оқуда ғана емес, өмірде де сыйлауды үйрендік. Қазірде де сол кісілерге барып, сәлем беріп, құрметімізді аямаймыз.

Нұрбол Нұрмаханұлы, "Алтын белгі" иегері:

- Біз мектеп табалдырығын алғаш аттаған кезде есті кісілер мұғалімді екінші ана ретінде қабылдаңдар деп әр кезде айтып отыратын. Бұл ұстаздарымыздың даралығын, қоғамда ерекше орын алатынын білдіреді. Себебі кез келген ғалым, ақын, президент болсын ұстаз алдынан өтеді. Былай ойланып қарасаңыз балалық шағымыздың көп бөлігі мектепте болды. Ол дегеніңіз сіздің біліп-білмей істеген бүлдіргілеріңізді, еркеліктеріңізді бастан-аяқ шыдап келді деген сөз. Тілшінің сөзіне сенсек, аталмыш видеоға байланысты еш шағым түспеген, осыған сәйкес мұғалімнің жомарттылығын байқайсыз. Мен, жеке басым мектеп, университет оқушылары мұғалімдерін туған анасындай сыйласа деймін. 

Маржан Үкібаева, "Алтын белгі" иегері:

- Өз басымда мұғаліммен ешқашан конфликт болған емес. Жалпы мұғалім қандай болса да оны сыйлау оқушының бірінші орында тұрған міндеті деп ойлаймын. Тек мектепте оқып жүрген кезде емес, оқытып, тоқытқан мұғалімді өмірде де сыйлап, құрмет көрсетіп жүру керек деп ойлаймын. Ал таяуда шыққан видеоны көріп жағамды ұстадым. Оқушылардың ісі қай жағынан болса да дұрыс емес.

Қарлыға Бүйенбай, "Алтын белгі" иегері:

- Өмірдегі ең алғашқы ұстаздарым болған ата-анам жастайымнан мұғалімді сыйла, айтқан сөзін екі етпей орында деп үйрететін. Олардың білікті маман екендіктерін алға тартып, әрдайым солардың жақтасы болатын. Сөздерінің жаны бар секілді. Өзгелері аялаған бір баласын қарауға уақыты жетпей жүргенде, сыныптағы 30 оқушының еркелігін көтеріп, әрқайсысымен индивидуалды қарым-қатынаста болады. Түрлі мінезді оқушымен жұмыс істейді. Мұның өзі ерлік емес пе? Көпке топырақ шашпаймын, алайда ұстазын сыйламаған баланың тәрбиесіне ата-ананың, өзіміз секілді аға-әпкелердің әсері де жоқ емес. Ұстазды сыйлау деген - мойынсұну емес, тәртіпке бағыну. Ал тәртіпке бағыну деген сөз, болашақта саналы азамат болып қалыптасудың алғашқы қадамы. 

P.S. "Алтын белгі" иегерлерінің айтқан ойлары бір жерден шығып отыр. Бұл дегеніңіз алғыр, зерек оқушы боламын десеңіз бірінші кезекте мұғаліміңізді сыйлауыңыз керектігін білдіреді. Мұғалімдерімізді сыйлайық! 

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: өңделген