Қазіргі ақпараттық замандағы ең үлкен дерт – көпшіліктің назарынан тыс қалу. Яғни сізді екшім елемей қойса, сіздің суретіңізге «лайк» баспаса, сізге пікір қалдырмаса, сізде белгілі бір психологиялық ауытқулардың белгілері пайда болады. Бірақ оны өзіңізге айтса мойындамайсыз.
Инстаграм әлеуметтік желісінде адамға әсер ететін екі дүние бар: лайк және жазылған адамдардың саны. Адам алғаш осы әлеуметтік желіні ашқан кезде аса мән бермейді. Бірақ уақыт өте келе, жазылымдағы адамдар санының көбейіп жатқанын көріп, лайктарының жүзден аса бастағанын сезіп, іштей абыройға кенеледі. Бірақ бұл ол жұлдыз болып кетті деген сөз емес. Ең қызығы тағы біраз уақыт өткен кезде жазылым саны түсіп, лайк азайып кетсе «Неге?» деген сұрақ іштей жей бастайды. Бұл депрессия мен күйзеліске алып келеді. Әсіресе сезімтал нәзік жандылар үшін аса қауіпті дерт.
Дәл сол секілді вконтакте әлеуметтік желісінде, әсіресе оқушылар жағы өздерінің суреттеріне лайк басылмай қалса, пікір білдірілмесе, достары аз болса реніш білдіріп, амал жасауға тырысады. Ол үшін өз достарына хабарлама жіберіп, лайк басуын өтінеді, одан қала берді танымайтын жаңа досын өзіне қабылдау үшін өтініш жасайды. Ашығын айтқан кезде көңіл аудару үрдісі жетіспей қалады.
Бұл дерттің әсері 12-17 жас аралығындағы енді жетіліп келе жатқан жастардың психологиясына тікелей әсер етіп, олардың өмірден түңілуіне алып келеді. Тіпті суицидке алып келуі мүмкін. Ал қоғамдағы ең үлкен дерт деп отырғанымыз онымен ауыратын адамдардың көптігінде. Ең жаманы алдын алу үшін арнайы заң немесе медициналық көмек жасай алмайсыз. Себебі бұл әр адамның санасына байланысты. Ал санаға сіз қалай тәрбие бермексіз?
Ойланыңыз, жас дос!