Бассейн – адам көп келетін орын, оның түстен кейін бос болғанын көрмейсіз. Ол да бір ерекше қоғамдық орын, оның да өз ережелері бар. Бассейнге келген әр адам өз рахаты үшін жүзіп, өзгелерге кедергі келтірмеуі үшін мына негізгі ережелерді, бассейн этикетін сақтаған жөн.
Жүзу алдында душ қабылдау міндетті
"Бассейнге түспес бұрын душ қабылдаңыз" деген жазу кез келген спорт кешенінде ілулі тұр. Не себепті душ қабылдау керек? Бассейн – бәріне ортақ. Оны қолданбас бұрын душқа түсіп, макияждан, бактериялардан, терден, терінің ұсақ қалдықтарынан айығып, тазаланып алу керек. Жүзу алдында парфюм қолдануға болмайды. Ол суға тез таралып кетеді. Өзіңізге және өзгелерге құрметпен қараңыз.
Жүзу жолағын дұрыс таңдау керек
Бассейнге адамдар түрлі себеппен келеді: біреу дене шынықтыру үшін, біреу тек демалып қайту үшін, ал біреулер жүзіп үйрену үшін келеді. Соған байланысты әр адамның жүзу деңгейі мен мақсаты әртүрлі. Жүзушілер бір-біріне кедергі келтірмеуі үшін, әркім жүзу жолағын дұрыс таңдауы тиіс. Жаңадан үйреніп жүрген әуесқойлар екі шеткі жолақта жүзгені дұрыс. Себебі олар шаршағанда бассейн жиегін ұстап, көп үзіліс жасайды. Ал тәжірибелі жүзгіштер ортаға жақын жолақтарды таңдағаны дұрыс. Себебі олар үшін бассейннің бір басынан екінші басына демде жүзіп бару қиын емес.
Жүзу ережесін сақтау керек
• Бассейн жолақтарындағы белгілер жүзушілердің дұрыс бағытта жүзуі үшін жасалған. Жүзудің түрлі техникасы бар. Олардың күрделілері физикалық дайындық пен жағдайға қарай жүзушіні қиғаш бағытқа бұрып жіберуі мүмкін. Сол үшін бассейн түбіндегі түзу сызыққа қарап бағыттан таймау керек.
• Әр жолақтың арасында айырғыштар болады. Олар бассейн суындағы толқындарды тежеп, судың тынық болуын қамтамасыз етеді. Демек, бассейн жиегінде аяқты суға малып жөнсіз шөлпілдетудің, артық қимыл жасаудың реті жоқ. Ол өзге жүзушілерге кедергі болуы мүмкін.
• Егер ортадағы жолақтан шеткі жолаққа шұғыл ауысу керек болса, өзгелердің өтіп кеткенін күтіңіз.
• Бассейнде адам көп болғанда бір жолақта бірнеше адам жүзіп жүреді. Мұндайда мұз айдындағы ереже сияқты сағат тіліне қарсы айналмалы қозғалыс қолданылады. Яғни жолақтың тек оң жағымен жүзу керек.
• Біреу сізден озып, қасыңыздан айнылып жүзіп бара жатса, сәл тежеліп өткізіп жіберіңіз. Біреумен жарысамын деп өзгелерге кедергі келтіруге болмайды. Өзара жарыстар бассейнде адам аз болғанда ғана ұйымдастырылуы тиіс.
Арнайы киімдермен жүзу міндетті
Бассейнге күнделікті киіммен түсуге болмайды. Оның арнайы өз киімдері бар. Әсіресе су баскиімінсіз бассейнге түсу қатаң тыйым салынады. Суда қалып қалған шаш жүзушілерге, бассейн фильтріне кедергі келтіруі мүмкін. Сондай-ақ бассейнге жалаң аяқ келуге болмайды. Бассейнге арналған бөлек резеңке шәркей болған жөн.