Әлемнің көптеген елі жапон ұлтының мәдениеттілігіне, мол еңбектенетініне тәнті екендігін жиі айтады. "Тәрбие – тал бесіктен басталады" дегендей, мұндай дәрежеге жету үшін аталған елдің де аз еңбек жасамағаны белгілі. Ең алдымен балалардың кішкентай кезінен бастап ержеткенге дейінгі мезетін жақсылап назарда ұстау керектігін жақсы білген дана халық бүгінде барлық жағынан өздерін күллі әлемге дәлелдеп берді. Сонымен вундеркинд бүлдіршіндер мен нағыз мәдениетті сәбилердің қандай тәрбие алатынын тізімдеп көрсек.
Ерте кезде жапондықтардың балаларына қатты көңіл аударуына уақыт болмаған. Қиыншылықты көп көрген жұртшылық сәбилерін арқалап жұмысын да, бала тәрбиесін де бірге жасаған. Осыған қарамастан жапон әйелдері сәбилерімен сөйлесіп, оларға жасаған жұмыстарын айтып отырған. Туғанынан кәсіптің ортасында жүрген бүлдіршіндер алғаш аналарының жұмысында сөйлеп, тәй-тәй басқан. Бұл үрдіс талай уақыт өтсе де әлі күнге дейін өз құндылығын жоғалтпаған. Балалар дүкендерінде аналарға арналған ыңғайлы киімдер, сәбилерді арқаға асуға арналған дүниелер сатылады.
Қазіргі қарыштап дамыған Жапония елінде балаларды тек аналары ғана емес, әкелері де назарларынан тыс қалдырмайды. Сонымен қатар бұл елде ата-аналардың бүлдіршіндермен сөйлесуден бас тартуына болмайтыны да сақталған. Олар қатты сөйлемеу, үлкендерге дауыс көтермеу, адамдармен жылы амандасу сынды қағидаларды басты назарда ұстайды. Сондай-ақ өздерінің жағымсыз әрекеттерін сөзбен емес, арнайы қимылмен көрсетуге тырысады. Жапонның қабағы жайдан-жай түйілмейді.
Жапон елінің азаматтары бала кезінен мәдениетті миларына жақсы сіңіріп, ата-ананың берген тәрбиесімен үлкендерді қатты құрметтейді. Өзінің эмоциясын сыртқа көрсетпеуге тырысатын жандар көпшілік ортада көп жылай бермейді.