- Негізгі бет
- Әдеп
- «Бізде сондай...» дейтін...
«Бізде сондай...» дейтін дәстүрлердің керегі бар ма?
Қазақтың дәстүрі мен салты ерекше. Басы тәрбиеге, ар мен ұятқа негізделген. Бұл кейінгі шыққан қандай да бір жаңалық емес. Сонау көшпелі жұрт кезінен бері қалыптасқан, қанға сіңген ғұрып. Бірақ кейбір дәстүрлердің түсініксіздеу тұстары бар. Тіпті олардың бұрын болғаны туралы күмәніміз бар.
«Қалың мал»
Бұл ескіден бар салт. Кезінде қыздың құны деп қыздың артынан келген жігіт жақ жағдайларына қарай төрт түліктің ірі-қарасын, не жас мал әкелген. Оның өзінде жігіт «Тең-теңімен, тезек қабымен» дейтін қағиданы ұмытпаған. Соған орай қалың мал төленіп, қыз жақ барға қанаған қылған. Ал қазір еліміздің оңтүстік өңірінде «қалың мал» салты өзіндік қасиетінен гөрі, бизнеске айналып кеткен. «Миллион теңге кемде-кем» деп, қызының бақыты емес, оның артынан келетін құн үшін осындай талап қоятын ата-аналардың әрекеті дұрыс па? Оңтүстіктен қыз алуға өзге өңірдің азуы батпаса, жағдайларының төмендегі. Қыздарын оңтүстікке бергілері келмесе, олардың дәтүрі бойынша қыз саудамен келген соң, оның құнын төлеген соң, күң болып жұмыс істеуінде. Ал бұл қоғамдағы белгілі бір тепе-теңдікті бұзары анық.
Батыс өңірдегі өзгешелік
Батыс Қазақстанға күйеу бала болып бара қалсаңыз, сізді «қалың мал» деп қинамайды. Бірақ аяқ киімді тығып қою, қызды көру үшін ақша төлеу дәстүрлері бар. Ақыры «қалың мал» бермедіңдер дегендей... Дегенмен бұл жердегі ақшаның шашылуы, күйеу баланың қалтасын осылай сынау қай жағынан дұрыс?
Той кезінде ән салған немесе өнер көрсеткен еңбектеген баладан бастап, еңкейген қарияға дейін ақшаны атап беру ше? Бұл дәстүрлердің айналып келген кезде сананы тұрмыс билей бастаған тұстан бастап қалыптасқаны анық.
«Алып қашу»
Келіспей, келісіп болсын «алып қашу» дәстүрін әлі де болсын қоғамда жүзеге асыру ендігі жабайылықтың белгісі емес пе?! Себебі үкілеп отырған бір үйдің қызын ештеңе деместен көлікке салып алып кете беру дегеніңіз де, «қалың мал» дәстүрі секілді, қызды бұйым көру ғой. «Ұзату» қазақтың төл дәстүрі. Қыздың ұясынан ұшып шыққаны дұрыс. «Алып қашу» операциясын жасаған белгісіз жігіт, бәлкім қыздың шынайы махаббатын құртқан да болуы мүмкін. Бұл адамгершілік жағынан үлкен қылмыс.
Он екіден қалдырмай ұзату
Жалпы қыз баласын күн ұясына кірмей жатып ұзатып алып кету керек. Бұл нағыз салт. Батыс өңірдегі ерекше бір дәстүрдің сақталғаны, ұзатылған соң қызды түнде алып кетпейді, ертесі күндіз өз үйінен шығарып салады. Міне бұл нағыз керегі. Ал көп өңірлерде қызды бастысы түнгі он екіден қалдымрмай ұзатып алып кету керек-ті. Сонда тәулік ауысудың рөлі қандай? Қыздың тәрбиесін көрсетудің де бір ерекшелігі оның күн ұясына кірмей ұзатылып, бақытын табуы шығар.
Түйін: кейбір дәстүрлеріміздің шектен шығып кететіні рас. Сондықтан көшпелі көзқарастың арнасын заманына қарай бұру керек. Бірақ еуропалық идеологияны сіңіріп алу деген сөз емес. Санадағы сүзгіге салып, ойланып барып жұмыс жасау керек. Сіз ше қалай, оқырман?
М. Ақан