Жетті жұттың бірі — жалқаулық. Ол шынымен адамды жұтып тынуға қауқары жететін жаман әдет. Ал бір мемлекетте жалқаулар көп болса, онда ол елдің болашағына тұтастай қауіп төнді дегенді білдіреді. Егер гендік қару секілді, адам бойындағы жалқаулықты арттыратын қару ойланып табылса, онда сөз жоқ кез-келген ел ол қаруды жауына қарсы күш ретінде пайдаланар еді. Демек, біз жалқау болсақ, дұшпанымыздың бірінші тілегін бұлжытпай орындап береміз деген сөз. Назарларыңызға осы туралы психолог зерттеуді ұсынамыз.
Тәуелсіздік алғанымызға аттай жиырма бес жыл болды ең болмаса бір техниканың, бір ғылымның майын ішіп, сүйегін шашқанымыз бар ма? Өзге мемлекет біздің немізді тұтынады? Ештеңе! Бұның бәрі еріншектік, жалқаулық нәтижесі деп білемін. Еріншектік қанымызға сіңіп, психологиямызды дендеп алған. «Сыныққа сылтау табылар» дегендей неше түрлі сылтау айтамыз да тұрамыз. Өзгенің қолынан келетін дүние менің де қолымнан келеді деген сөз ойымызға кіріп те шықпайды. Міне, осы мәселелерді психологиялық тұрғыда қарастырып көрейік.
Жалпы жалқаулық ауру ма, әлде әлсіздік пе?
Бұл сұраққа нақты жауап беру қиын. Өйткені жалқауларда көптеген көріністер бар. Тұжырымдай келе жаулқаулар әлсіздікке жақын болып келеді. Қазіргі өмірде көбінесе жалқаулықты басқа іспен ауыстырады. Мысалы, студент емтиханға дайындалудың орынына уақытын телефон шұқылаумен, видео көрумен немесе жолдастарымен көшеде жүрумен өткізеді. Ауру деп нақты бір мәселе болғанда, қашан адам ағзасы әлсіреп, тыныштықты іздеген кезде айтатынымыз бар. Бұндай аурулар психикаға немесе ағзаға әсер етеуі әбден мүмкін. Айтпақшы, біріншісінен екіншісін бөліп қарастыру қиын емес. Жалқаулық адамның өзіне тән қасиеті болмаса, алайда сондай кейіпте жүрсе, онда бірден оны ауру санатына қоса салуға болмайды. Бұны біз депрессияға түсуі деп білеміз. Бірақ депрессияның өзі ауру алып келетінін естен шығармау қажет.
Егер жалқаулық пен еріншектік әу бастан өзіне тән қасиет болса, онда ол-әлсіз, жігерсіз және болашағына күмәнмен қарайтын адам.
Олар бір-бірімен тығыз байланысты және тұйық орта құрады. Басында айтып өткендей жалқаулық ерте заманнан адамға серік болып келеді. Оның жеке адамның дамуына өсіп-өркендеуіне кедергісі барын ұмытпауымыз қажет. Бірақ қандай нәрсе болса да оның шығу жолы және емі барын ұмытпайық.
Мысал ретінде еврей халқының бұрынғы президенті Шаронның сөзін келтіре кетсем:
«Біз келген орын тақыр жер, тастақ және батпақты аймақ болатын, сондай жерге қарамастан біз шешім қабылдадық. Себебі бізде өзіміздің жеке жеріміз болмады. Мемлекетіміз пайда болғаннан кейін бізде бір ғана мақсат болды, ол — қайтсек мемілекетімізді көтереміз деген тығырықтан шығу. Сол себепті бәріміз бірінші кезекте ғылыммен айналысып өзгелерден білімді болуға тырыстық. Адамдар жоқтан бар етудің амалын қарастырып, сусыз жерден су өндіруді қолға алды. Сонымен қатар ауылшаруашылық өнеркәсібімен және бақша көкенісімен айналыстық. Ең аз су ішетін жемістер егуге тырыстық және бәрі нәтижелі болды. Өзімізді және ұрпақтарымызды қайраткер болуға, мықтылыққа баулыдық. Жатпай-тұрмай жұмыс істедік. Еңбек демалысы дегенді білмей еңбек етумен болдық. Бұның бәрін сіздерге не үшін айтып отырмын? Қазіргі жастарға айтарым бар жалқаулықты қойып ерінбей еңбек етсеңіздер бұдан да ары жетістікке жетесіздер деймін. Мүмкіндік барлық адамдарда бар, бірақ олар еріншектікке жақын болып келеді. Барлығы аспаннан өзі түспейді. Оған еңбек керек.»
Біз де осы айтылған ақылға ден қоюымыз керек. Жайбарақат жататын уақыт бітті. Іске көшетін уақыт жетті. Әркім өз ісінің маманы бойынша болса, нәтиже шығатынына күмәнім жоқ.
Автор: Ермек Нұрымов
Дерек: «Алауинформ»