Қазір кез келген адам 2–3-тен ұялы телефон ұстап жүретіндіктен, телефонмен сөйлесу туралы сөз қозғаудың өзі артық секілді. Алайда үйде болсын, көшеде болсын телефонмен сөйлесіп жатқандардың әңгімесін естігенде қарның ашады. Мысалы: "– Қалай жағдай? – Норм. Өзің қалай? – Мен де сол, жүріп жатқан... – А, жақсы онда... – Аха, жақсы..."
Қазіргі әңгімелесудің сиқы осылай болып келеді. Ватсап және басқа да әлеуметтік желілерде СМС жазу бұдан да сорақы. Сөйлеу сауаты мен жазба сауаты әлі қалыптаспаған балалар мен жастар үшін бұл - қауіпті құбылыс. Мобильді телефонды ұзақ уақыт пайдалану, оны денеңе жақын жерде ұстау, түнде ұйқыға жатқанда алып жатудың денсаулыққа кері әсерін мамандар да айтады. Атап айтқанда адамның иммунитетін, есту, көру қабілеттерін төмендетеді, психикаға зиянды әсер етеді.
Сондықтан мамандар компьютер сияқты телефонды да пайдаланудың ережелерін ұсынады: күнделікті телефонмен сөйлесу 10–60 минуттан аспау қажет. Егер осы мөлшерден асып кетсе, онда 6–14 сағат көлемінде үзіліс жасау керек. Жаңбыр жауып, найзағай ойнап тұрғанда қорабы металдан жасалған байланыс құралын пайдалану адам өміріне қатерлі. Телефонға тек байланыс құралы ретінде осылай салғырт қарау қарым-қатынас мәдениетін төмендетіп, сауатсыздыққа алып келетінін және денсаулыққа да зиянды әсер ететінін тек өзіңіз оқып қоймай, жақындарыңызға да айта жүріңіз.
Автор: Фариза Әбілова
Сурет: Massaget.kz