- Негізгі бет
- Әдеп
- Бастыққа ұнамайтын 5...
Бастыққа ұнамайтын 5 сылтау
Басшыға бағыну – парыз. Бұл ежелден келе жатқан үрдіс. Дегенмен түрлі жағдайлар орын алып, бастыққа жақпай қалып, жұмыстан шығып кетуіңіз мүмкін. Оның себепкері көбіне өзіміз. Неге?
Кептелісте тұрып қалдым
Жұмыс уақыты сағат 9-да басталатын болса, сіз сол уақыттан жарты сағат не он бес минут кешігіп келсеңіз бұл үлкен қателік болады. Себебі он бес минут жұмыс барысы үшін тым көп уақыт. Ал бұл бастыққа жақпай қалатыны анық. Сіз құтылу үшін «кептелісте болдым» деп сылтау айтасыз. Бірақ логикалық жағынан сіз бір сағат ерте тұрып, бір сағат ерте шықсаңыз, ешқандай кептеліске түспейсіз. Адам қай жағынан алсын кешігіп шыққан кезде ғана осындай жағдайға тап болады. Ең дұрысы басқа сылтау табыңыз.
Ауырып қалдым
Адам болғаннан кейін аурып қалу қалыпты жағдай. Бірақ аурып қалу деген аяқты ұрып алу, бастың сақинасы ұстап қалу емес. Ол ауруханаға барып, күні бойына сонда ем алу деген сөз. Бастыққа «үйде аурып жатырмын, мазам болмай тұр» деген сылтау айтпаңыз. Тіпті бұл жағдай жиі қайталана берсе, жұмыстан шығып кетуіңіз мүмкін.
Жұмыстарым шығып қалды
Қоғам сәт сайын қозғалысқа толы. Себебі қозғалыс болмаса, өмір сүру мүмкін емес. Сондықтан адам кез келген жағдайға тап болады. Соның бірі жұмысынан бөлек өзінің жеке басына байланысты жұмысының шығып қалуы. Мұндай жағдай орын алған кезде алдын-ала сұраныңыз. Өйткені жұмыс уақытында «жұмыстарым шығып қалды» деп бастыққа ақталу және мұндай сылтау айту, сыйластықтың жоқтығы.
Ұйықтап қалыппын
Бірден ескертеміз, бұл сылтауды ешқашан пайдаланбаңыз! Себебі жұмыстан шығып кетуге ең бірінші алып келетін сылтау осы. Ұйықтап қалған күні кешігіп келсеңіз де, басқаша жауап табыңыз немесе сол күні жұмысқа шықпаңыз. Себебі көзіңіз ісіп тұрса немесе ұйқылы-ояу келіп тұрсаңыз бастықтың жүйке жүйесіне әсер етуі мүмкін.
Демалыс екен деп қалдым...
Түрлі жағдайларға, мерекелерге байланысты мемлекеттік демалыстар болады. Ол күнтізбеде белгіленеді немесе арнайы ақпарат беріледі. Ал сіз іштей «солай екен деп ойлап қалдым» деп демалыс емес күні демалып келсеңіз бұл да үлкен қателік. Себебі ХХІ ғасырда «білмей қалыппын» деген сөздің өзі ұят.
Жұмысыңызды сүйіңіз. Сүймейтін болсаңыз ақша үшін жұмыс жасаудың қажеті жоқ. Себебі ерте қартайып кетесіз. Ал ақыры жұмысқа бел шешіп кіріскен екенсіз, сылтауға жол бермеңіз!
М. Ақан