Логикалық сұрақтардың ретімен таныстыруды жалғастырамыз. Мінеки, тағы отыз түрлі сұрақ сізді дұрыс ойлауға бағдарлайды. Ал сәттілік!
1. Гиппократтың айтуы бойынша, сәбидің алғашқы тістері неден пайда болады?
2. Францияның белгілі зерттеуші ғалымы өзінің Ганьян есімді досымен бірге автономды құрылғы ойлап табады. Олар аталған құрылғының көмегімен әлемдегі ең үлкен су алқаптардың бірін зерттейді. Нақтырақ айтсақ, мұхиттың тереңдігін зерттеумен айналысқан. Сұрақ: Зерттеушінің есімі мен оның құрылғысын табыңыз?
3. Жергілікті тұрғындардың көне аңыздарына сәйкес бұл кішкене таулы елдің (Еуропа) азаматтары өздерін қара бүркіттің ұрпағы деп санайды. Нақтырақ айтсақ, олардың тотемі – қара бүркіт. Сұрақ: Қай елдің атауы қазақшаға аударғанда «Бүркіттер елі» дегеді білдіреді?
4. Альпы – Батыс Еуропадағы ең биік тау сілемі. Аталған тау сілемдері 7 елдің территориясында жатыр. Олар: Аустрия, Италия, Франция, Швейцария, ФРГ, Югославия және ... Сұрақ: Қай ел жетінші болады?
5. Театрдағы музыкалық аспапты оркестр қойылымының кіріспесі «увертюра» деп аталады. Ал оның кейінгі актілері қалай аталады?
6. Бұл ағаш түрі тек Африканың саванналарына тән. Оның жемісін әрі адамдар, әрі жануарлар тұтынады. Ал мешіндер үшін бұл таптырмас азық. Ағаштың өзі жанбайды. Жапырағы қыста емес, жазда төгіледі. Сұрақ: Бұл қандай ағаш?
7. Францияда Людовик XIV 72 жыл билік құрған. Ал Людовик XV 59 жыл басшылық етсе, Людовик XVI 18 жыл тақта отырған. Ендеше Людовик XVII қанша жыл билік басында болды?
8. Италияның солтүстік-шығысындағы облысқа 7 провинция кіреді. Олар сол жердегі бас қалалардың атауымен аталған. Атап айтқанда Верона, Виченца, Беллуно, Падуя, Тревизо, Ровичо және ... жетінші провинцияның атауы облысқа да берілген. Сұрақ: Қай провинция туралы сөз болып жатыр?
9. Бұл үй жануары 13-тен 20 жасқа дейін өмір сүреді. Оның 18 тырнағы бар. Және қоршаған ортаны сұр түсте көреді. Сонымен қатар, мына дыбыстарды айта алады: в, г, м, к, о, ф, к. Сұрақ: Бұл қай үй жануары?
10. Кинологтардың халықаралық клубы иттерді 6 түрге бөледі. Олар: аңшылық, жұмысқа бейімделген, үйдің иті, терьерлер, спорттық және ... Сұрақ: Алтыншысы қандай?
11. Қай сөз жапон тіліне аударғанда «жағадағы үлкен толқын» деген мағынаны береді?
12. Орта Азияда ОЛАРДЫ «мазанг», Арменияда «боша», ал Иранда «карами» дейді. Орыстың ұлы ақыны Пушкин ОЛАРДЫҢ мәдениетін жақсы көрген. Тіпті ОЛАР туралы бір поэма да жазып қалдырған. Сұрақ: ОЛАР кімдер?
13. Нью-Йоркты аралап жүрген саяхатшы бір ғимараттың жоғарысында мынадай Рим санын көреді: MCMXCVII. Кейіннен бұл ғимараттың құрылған жылын білдіретінін білген. Сұрақ: Сонымен ғимарат қай жылы құрылған?
14. Әлемде құрлықтар саны алтау: Аустралия, Азия, Америка, Антарктида, Африка және Еуропа. Ендеше материктер де алтау екен. Бірақ Еуропа мен Азия құрлықтары бірігіп Еуразия материгін құрайды емес пе? Олай болса қалай материк алтау бола алады?
15. Бұл белгілі сәулетші Бордодағы көпірді, Гарабидегі виадукті ( терең сай немесе тау аңғарының үстінен өту үшін салынған көпір), Будапешттегі вокзал мен Панама арнасын салған. Дегенмен соңғы жүргізген сәулет нысаны оған әлемдік даңқ алып келді. Сонымен сөз қай белгілі сәулет нысаны туралы болып жатыр?
16. Лоренцини есімді италиялық жазушы өзіне лақап ретінде анасы туылған қаланың атауын алады. Кейіннен ол жазған ертегінің бас кейіпкеріне мүсін орнатылыпты. Ертегінің сюжеті Алексей Толстойдың «Буратиносына» өте жақын. Сұрақ: Лоренцини өзіне қандай лақап ат алған?
17. Көне Грецияда сөзге шешен көсемдер кейде ел алдына шығып пікір таласудан бас тартатын болған. Оған көбіне көсемдердің суықтап қалуы себеп болады екен. Қарапайым халық болса кейде олардың суық тиген тамағын күміспен емдеп жатқанын айтатын. Сұрақ: Мұнда күмістің қатысы қанша?
18. Канури халқы Африканың Чад елінде өмір сүреді. Олардың тілінде «чад» сөзі «көл» дегенді білдіреді екен. Ал «теңіз» сөзі канури тіліне қалай аударылады?
19. Еврипид жазбаларында «бұл ағаш Иллионның қанша жасын төккізді» деген жыр жолы кездеседі. Сонымен негізге алынып отырған ағаштан не жасалған еді?
20. Грецияның Фессалия полисінде ерекше аттың тұқымы өсірілген. Ал көне гректер бұл аттардың басын бұқаның басына ұқсатады екен. Аудармасы «бұқа басты» болатын Буцефал есімді тұлпардың иесін атаңыз.
21. Африканың акан тайпасының тілінде ОЛАРДЫ джуда, бенеда, мунуда, яуда, фида, мененеда және квасида деп атайды. Бар болғаны жетеу. Ал бізде ОЛАРДЫ қалай атайды?
22. Дж. Р. Р. Толкиннің туындыларындағы кейіпкерлер әр түрлі халықтың өкілдері болып келеді. Атап айтқанда адамдар, эльфтер, орктар, хоббиттер және гномдар. Гномдар туралы Толкин өз естелігінде былай дейді: «Олар өз дәстүріне адал, өзге халықтарға сіңісіп кетпейді және өмір сүріп жатқан елдің тілінде сөйлеуге тырысқанымен, өз тілін жоғары деңгейге қоя алады». Осы тектес ерекшеліктеріне қарай Толкин гномдарды әлемнің ОСЫ ұлтымен салыстырады, яғни белгілі бір ұлтқа ұқсатады. Сұрақ: Гномдар қай ұлтқа ұқсас болып келеді?
23. Қытайлар, жапондар және полинезиялықтар бір жағынан, ал кельттер, финикиялықтар және берберлер бір жағынан тарихи географиялық ашу жасауға тырысқан. Ғалымдар олардың қай жерді ашуға талаптанғанын табыңыз.
24. Екі қыз бір отбасында бір күн, бір ай, бір жылда дүниеге келген. Бірақ олар егізектер емес. Сонда олар кімдер?
25. Әлемдегі тұңғыш арулар байқауы Америкада ұйымдастырылмаған. XVI ғасырда Ресей империясында болған байқауға мың жарым сұлу қатысады. Сұрақ: Байқауды кім және не үшін ұйымдастырған?
26. Бұл әскери атақты иемденгендер әлемде санаулы ғана. Атақты алғаш болып француз королі Карл IX-ның інісі алған. Сосын Король Генрих III ие болады. Ал орыс тарихында Суворов пен Сталин лайық деп табылыпты. Сұрақ: Бұл қандай әскери атақ?
27. Пушкин білім алған лицей білімгерлері киімдерінің сол жақ иығында әрбір білімгерге тиісті сан болған. Пушкиннің иығында 1 саны болған еді. Сонымен әрбір білімгерде бар сан нені білдірген?
28. Бұл зат белгілі бір елдің тарихында маңызды орын алады. Зерттеушілер ОНЫҢ тоғыз түрлі атауы бар екенін анықтаған. Олардың бірі «вакидзаси», қазақша аудармасы «қын қабында» болады. Сонымен әңгіме қай ел және қандай зат туралы болып отыр?
29. ОНЫ 1661 жылы Генри Бишоп пошта қызметі үшін ойлап тапқан. ОНДА бар ақпараттың біршамасы күнделікті өзгеріп отырады. ОЛ не?
30. Ресейдің бұрынғы президенті Борис Ельцин жүрегіне ота жасау алдында Виктор Черномырдинге басқару билігін беру туралы қаулыға қол қояды. Дегенмен Ельцин қаулыны мұқият оқып, мәтінге бір сөз қосады. Сосын қол қояды. Сұрақ: Ельцин қаулыға қандай сөзді қосып жазады?
Әдеттегідей логикалық сұрақтардың жауабы бір күннен кейін жарияланады. Оған дейін дұрыс тапқан жауаптарыңызды пікір ретінде қалдыруыңызға болады.
Сурет: www.namespedia.com
Оқи отырыңыз:
Логикалық сұрақтар #1
Логикалық сұрақтар #1 (жауабы)
Логикалық сұрақтар #2
Логикалық сұрақтар #2 (жауабы)