Логикалық сұрақтар #2

Логикалық ойлауды үйрену кезінде бір нәрсені ұғыну керек. Мысалы, қойылған сұраққа қатысты нақты тарихи немесе географиялық деректі білмей тұрсаңыз да, жауапты оңай табуға болады. Қалай дейсіз бе? Бастысы сұраққа дерек жағынан қарамау керек. Онда қолданылған әрбір сөзге мұқият мән берер болсаңыз, жауапқа бір қадам жақындай түсесіз. Кейде жауапты сұрақтың ішінен тауып алуға болады.

1. Стэнфорд университетінің магистранттары Джерри Янг пен Дэвид Файло "іздеу" платформасын жасап, оны "Yahoo!" деп атайды. Браузердің атауы Джонатан Свифттің "Гулливер саяхаттары" кітабынан алынған. Романда "Yahoo" сөзі санасыз жануар кейпін кешетін адамдар қоғамының атауы ретінде қолданылады. Сұрақ: Неге компанияның атауында "!" (леп белгісі) қолданылған? 

2. Немісше «ойро», французша «юро», испанша «эоро», ал қазақша қалай? 

3. Лондон метросында әдеміше келген қыз сыпайы кейіппен қыздарға арналған журнал оқып отыр. Қызға қарай жақындай түскен жас жігіт журналға қарап: «Ұлы химик Д.Менделеев шабадан жасаудан шебер болған екен. Бірақ оның жасаған шабаданын Сталин жақтыртпай, оны репрессияға ұшыратыпты. Мұнда Сталиннің қатысы қанша? Менделеев 1907 жылы қайтыс болды емес пе?», - деп қызға сұраулы ойымен көз тастайды. Сондағы қыздың берген жауабы жігіттің айтқан ойына сәйкес келмесе де, қыздардың әдетінше берген жауабы болыпты. Сонымен қыз не деп жауап берген? 

4. Сатурнның табиғи серігі Титанды зерттеу мақсатында ұшырылған еуропалық зымыранның аты неге "Гюйгенс" деп аталған? 

5. Англия патшасы футбол ойынын көруге барыпты. Ойын барысында болған голды төреші есепке алмай қояды. Бұл сәттің куәсі болған Патша оған: «Менің ойымша, гол болған сияқты» деп хат жазып жібереді. Сондағы төрешінің жауабын табыңыз. 

6. Елизавета ІІ-мен ресми кездесу болар алдында Достастық елдері ханшайымының толық британдық атақ-дәрежесі оқылады. Бірақ кейбір жағдайда оның шетелде иемденген атақ-дәрежесі мен академиялық әрі әскери жетістіктері де қатар оқылады екен. Осындай сәтті пайдаланып, ханшайымның қызметкерлері нені жасырғысы келеді? 

7. Мәскеуде болған Олимпиада ойындарында өнер көрсеткен Вьетнам елінің спортшылары өз ісінің асқан шебері болса да, жүлдесіз қайтады. Расында оларға қолайсыз орта кедергі болған. Сонымен олар қай спорт түрінің шебері болған? 

8. “Битлз” тобының бұрынғы мүшесі Пол Маккартниге бала кезінде анасы «үлкен болғанда бақытты боласың» деп үнемі айтады екен. Кішкене Пол бұл сөзді бір сәт те ойынан шығармапты. Күндердің күнінде Полдың ұстазы оқушыларға «Үлкен болғанда кім болатындары туралы» шығарма жаздырады. Сонда Пол «Мен бақытты боламын» деп жазыпты. Ұстазы кейіннен оны жеке шақырып алып, сұрақты дұрыс түсінбегенін айтады. Сол кезде Пол не деп жауап береді? 

9. Кеңес кезінде шығарылған Волга маркалы көліктердің ең алғашқы шығарылымы алдында құрастырушылар Сталиннің алдына келіп: "Біз жаңа көлік шығарғалы жатырмыз. Сол көлікті «Родина» (Отан) деп атауды жөн көріп едік. Сіз қалай ойлайсыз?", -  деген екен. Кейіннен оның атауы "Победа" болып шыққаны белгілі. "Родина" сөзі алынып тасталған. Сұрақ: Сол кезде Сталин көлік құрастырушыларына не деп жауап берген? 

10. Жуль Верннің «20 мың лио су астында» атты романында темір китті аулауға шыққан кеменің екі аңшысы Капитан Нэмоның тұтқынына айналады. Өздері кит деп білген су асты кемесінде біршама уақыт өмір сүре бастағаннан кейін, Капитан Немо ол екеуін орманға барып, бірге аң аулауға шақырады. Олар бірден келіседі. Себебі аңға шығу үшін Наутилиус, яғни «темір кит» жағаға жақындауы сөзсіз. Сол кезде қашуға әрекет жасаймыз деп ойлайды. Дегенмен олардың ойлаған айласы іске аспай қалады. Неліктен? 

11. KLM әуекомпаниясының бизнес-класын жарнамалайтын плакатта аққу бейнеленеді. Расында суреттегі аққу жарнаманың логикалық қисынына келмейді екен. Оның орнына тырна көбірек сай келетін. Сонымен компания нені жарнамалағысы келген? 

12. Нью-Йорк қаласындағы пиццериялардың бірі өзінің тамаша мәзірімен танымал болған. Қара икра қосылған пицца ресторан қонақтарының үздік таңдауы болатын. Әрбір дайындалған пиццаның дәмі керемет болған болса да, дәмханаға кірген адамдар бір уақыт межесінде түйіліп қалады екен. Сұрақ: Пиццерия қонағы қай кезде түйіліп қалады?

13. Драматургияда әйгілі түпнұсқасы «To be or not to be» болатын, ал қазақшасы «Өлу немесе қалу» фразасының авторы кім? 

14. Саяхатшы Әулие Павел соборының шатырына қарағанда Орталық Лондон монументінің үстінен қаланың панорамасын тамашалаған тартымдырақ деп жазады. Саяхатшы неге олай деп есептеген? 

15. Высоцкий туралы "Высоцкий. Спасибо, что живой" атты фильм шыққаннан кейін, оның ұлы Никита Высоцкийден тілшілер сұхбат алуға асығады. Никита олардың бетін бір сөзбен қайтарады екен. Фильмде әкесіне қатысты бірталай шындықтар ашылған болса да, ол сұхбат бермеген. Сонымен, Никита тілшілердің бетін қалай қайтарған? 

16. Лос-Анджелесте Оскар сыйлығын беруден бірнеше ай бұрын бір байқау өтеді. Ұйымдастырушылар байқаудың танымбелгісіне (эмблемасына) әзілдеп «жүк көлігінің» суретін қояды екен. Сұрақ: Бұл ненің байқауы? 

17. Жуль Верннің «Капитан Грант балалары» атты романында Дункан кемесі толқынды Үнді мұхитынан өткен кезде, қолда бар морждың майын тауысады. Сосын оңтүстікке жақын аралдардың бірінде аялдап морж майын қамдап алады. Кем дегенде 10 тонна майды бөшкеде жинайды. Сұрақ: Сонша май не үшін қажет болды? (Көмек: Әдетте орта ғасырда қолданылған кемелерде үнемі морж майының қоры жүретін болған).

18. "Еуразия" деп аталатын ресторанның радиожарнамасында Еуразияны "ең үлкен материк" деп келтіреді. Сосын оның кішкене бөлігінен дәм татып көруге болатынын айтады. Сонымен мұнда не жарнамаланып тұр және ол Еуразияның қай бөлігімен сәйкес айтылған? 

19. Соңғы рет өткізілген жүзу спортынан Олимпиада ойындарында судың температурасы 13 градусты көрсеткен. Бұл әдеткі температурадан біршама төмен болатын. Дегенмен ұйымдастырушылар суды жылытуға әрекет те етпепті. Неге? 

20. Бірде Орыстың ақыны Маяковскийді радиоға шақырыпты. Сонда жас ақын микрофонға қарап: «Мұнда тыңдаушылар көп пе?» деп сұраған екен. Сонда режиссер екі сөзбен жауап беріпті. Содан Маяковкий «Маған одан артығы керек емес» деген екен. Режиссердің айтқан сөзін табыңыз. 

21. Вудро Вильсон мен Франклин Делано Рузвельт өзінің президенттікке сайлау алды үгіт насихаттарын жүргізуі кезінде белгілі бір тіркесті қолданған. Олар бұл сөз тіркесін айтып, саяси алаңда  өздеріне дейін президент болған Тафт пен Гуверден кем түспейтіндерін айтады. Кеңес кезінде бұл сөз Сталинге қатысты да айтылған? Тіркесті табыңыз. 

22. Честер Беннингтон есімді солист студияға президент атымен аталатын қоғамдық орта арқылы өтеді екен. Сұрақ: Честер қай топтың солисі болып табылады? 

23. Николай Воронцовтың карикатурасында темірші ақсүйекке: «Сізге елу пайыз жеңілдік жасаймын», - дейді. Сұрақ: Ақсүйектің аты кім? 

24. Телефонды ойлап тапқан Александр Белл өмірінде ешқашан анасына және әйеліне телефон соқпаған екен. Неге? 

25. Жапон тіліне аударылып жарияланған орыс ақынының бірнеше туындысы мынадай мағынамен беріліпті:

1) «Смит пен Мэри хикаясы. Орыстың махаббат дастаны» - 1886 жыл. 2) «Жалған патша» (Лжецаревич) – 1893 жыл. 3) «Ханзада мен аққу» - 1950 жыл.

Мұндағы шығармалардың атауы бұрмаланып аударылғаны белгілі. Сонымен автордың кім екенін табыңыз? 

26. Авиациялық спорттың төрт түрі бар. Олар: ұшақпен, тікұшақпен және планермен ұшу спорты. Төртіншісін атаңыз. 

27. Эскимостар ОҒАН сұйық, жеңіл, ауыр, жұмсақ, әппақ, жарқын және одан бөлек тағы екі жүзге тарта сипаттама береді. ОЛ не? 

28. Орта ғасырдағы алхимия қазіргі заманның химиясына айналды. Ал бес ғасыр бұрын қолданылған «ятрохимия» ғылымы қазір қалай аталады? 

29. Омар Хайямның «Рубаилар» жинағының түпнұсқасы 1912 жылы жойылып кеткен. Сонымен оған не болған? 

30. Неміс тілінде «Feder» сөзі «қауырсын», ал «ball» сөзі сәйкесінше «доп» дегенді білідіреді. Немістер қандай спорт түрін «федербаль» деп атайды?

Сұрақтардың жауабын әдеттегідей бір күннен кейін жариялаймыз. Оған дейін өз жауабыңыз болса, пікір ретінде қалдыруға болады. Логикаңызды дамытыңыз!

Жауабы

Сурет: zhasorken.kz

Оқи отырыңыз:

Логикалық сұрақтар #1

Логикалық сұрақтар #1 (жауабы)

Логикалық тапсырмалар. Онлайн орындау #1

Логикалық тапсырмалар. Онлайн орындау #2

Логикалық тапсырмалар. Онлайн орындау #3

Логикалық тапсырмалар. Онлайн орындау #4