- Негізгі бет
- Дедуктивті әдіс
- Дедукция сабақтары (2-дәріс)...
Дедукция сабақтары (2-дәріс)
Түнгі телефон қоңырауы Шерлокты ұйқысынан оятып жібереді. Ол ұйқылы-ояу телефон тұтқасын алады.
– Бұл кім?
– Холмс, бұл сержант Джаспер, Скотланд Ярд. Дик баскесерлері тағы да бүлік шығарды. Олар казиноны тонап кетті. Өткен аптада сол казиноның иесі Штейн табысын олармен бөліскісі келмегені туралы естіген едім.
– Қазір қалада баскесерлерден кімдер жүр, сержант?
- Боб, Джек, Пит және Марк. Біз оларды уақытша абақтыға қамадық. Бірақ олар қорғаушы талап етіп, Скотланд Ярдты басына көтеріп жатыр. Боб Джек және Питпен бірге ешқашан қылмысты іске бармайтынын айтады. Өткен аптада үшеуі қымбат бағалы тастар сататын дүкен тоналуына байланысты күдікті ретінде қамауға алынған болатын. Боб – фаталист. Оның екінші рет олармен бірге қылмысқа бармайтынын мен де жақсы білемін.
Штейннің айтуынша, тонаушылар екеу болған. Демек, үшіншісі оларды көлікте күтіп отырған. Пит – тәжірибелі жүргізуші. Ал Джек пен Марктің көлік жүргізу куәліктері жоқ. Олар расымен көлікті жүргізе алмайды.
- Жәбір көргендер бар ма?
Қонақтарды күтіп алушы жарақат алған. Оны дереу емханаға жеткіздік. Казино қызметкері есінен танғанша қарумен оқталған адамның бойшаң екенін айтып үлгерді. Ал Джек, Боб, екеуінің де бойы ұзын болғандықтан, нақты қайсысы атқанын білу қиын.
- Сержант, Пит пен Марк өткен аптада бір қызға бола төбелесіп қалды емес пе?
- Дәл солай, сэр. Олар енді барда бір үстелдің басында отырмайды. Тіпті бір-бірімен амандаспайды. Менің ойымша, екеуінің бұл тонауға бірге баруы екі талай.
- Джаспер, жазықсыз ұсталғанды жібер. Көлік жүргізушісін бірінші камераға, казино қызметкерін атқанды екінші камераға, үшінші тонаушыны үшінші камераға қама. Таңертең барып, тексеремін.
Сержант Джаспер тәжірибелі қызметкер. Ол Шерлок Холмстың айтқанын бұлжытпай орындайды.
Қадірлі massaget.kz сайтының оқырмандары, Холмс мырзаның дедуктивті ойлау қабілетіне сүйене отырып, сержант қай камераға қай баскесерді орналастырады. Дедуктивті шешіміңізді пікір ретінде қалдыра аласыздар.
Ж. Өрісбай