"Қаламақың қалай, қазақ қаламгерлері?!" сауалнамасы аясында ақын, жазушы, "Шық тұнған жолдар", "Әкелеріміз айтатын әңгіме","Жылқы атылған жаз", "Қоңыз" шығармаларының авторы Ырысбек Дәбеймен әңгімелестік.
Ырысбек Дәбей, жазушы: "Қазақстанда жазушылықпен күн көру қазірше мүмкін емес"
– Өткен жылғы Forbes-тің әлемдегі ең табысты 100 адамының қатарына 2 жазушы енді. Оның бірі – Джоан Роулинг. Табысы 92 миллион доллар. Екіншісі АҚШтың бұрынғы президенті Билл Клинтонмен бірігіп кітап жазатын Джеймс Паттерсон. Оның табысы 70 миллион доллар. Елімізде жағдай қалай? Қазақстанда кітап жазып миллион теңге табуға бола ма?
– Еліміздің кітап нарығын, әрине, дамыған, халқының саны көп елдермен салыстыруға келмейді. 20 миллионға жетпейтін халқы бар, оның өзі орыс тілді, қазақ тілді аудиторияға жіктелетін, кітап оқитын-оқымайтын болып бөлінетін елде кітап нарығы аса мәз болмайтыны белгілі. «Миллион теңге» деген аса жоғары көрсеткіш емес, кітап жазып, ондай қаржыға қол жеткізуге болады.
– Сіздің биылғы (немесе былтырғы) қаламақыңыз қанша?
– Соңғы жылдары жылына бір кітап шығарып, базарға салып жүрмін. Орта есеппен 1500-2000 теңгеден екі мыңға жуық кітабым сатылады. Егер оны қаламақы деп санасақ, өзіңіз есептей беріңіз.
– Кейінгі кезде әлеуметтік желілерде кітап сататындар көбейіпті. Бұл құптарлық іс. Қазақ оқырмандары қазақша кітап сатып алып оқуға дайын ба?
– Әрине, сұранысын қанағаттандыратын кітап болса, қазақ оқырмандары сатып алып оқуға дайын.
– Еліміздегі "Меломан", "Книжный город" сынды танымал кітап дүкендеріне барсаң орысша кітаптар, орысша шетел аудармалары самсап тұрады. Есесіне алушылар да көп. Қазақша аударма немесе қазақ қаламгерлерінің кітабын іздесең таппайсың. Неге? Әлде қазақ қаламгерлеріне оқырмандар тарапынан шынымен сұраныс жоқ па? Жалпы, Қазақстанда жазушылықпен күн көруге бола ма?
– Ірі кітап дүкендерінен қазақша кітаптардың табылмауы бір жағынан сұранысқа сай (ол мейлі әдеби, аударма, мотивациялық, т.б. болсын) дүниелердің жоқтығынан да қарастырған жөн. 14 жылдың алдында "Нобель" сыйлығын алған Орхан Памуктің романдары аударылып, енді-енді кітап дүкендеріне түсіп жатыр. Мо Янь романдарының аудармасын іздесең, таппайсың. Сол сияқты жылына әлемге әйгілі қаншама бестселлер шығады. Қысқасы, біз сұранысқа сай дүниелерді қазақ оқырмандарына ұсынуға үлгеріп жатқан жоқпыз. Қазақстанда жазушылықпен күн көру қазірше мүмкін емес. Қосымша табыс көзі ретінде жазушылар жазған кітаптарын базарға салып көрсе болады.
– Бізде халықтың кітапқа оқуға деген ықыласын оятып, кітап агенттіктерінің жұмысын жандандыру үшін мемлекет тарапынан қандай істер атқарылуы тиіс?
– Кітап агенттіктерінің жұмысын жандандыру үшін мемлекеттен бұрын қаламгер өзі құлшынуы керек шығар. Заманауи тақырыптарды игеріп, бүгінгі қоғамның тыныс-тіршілігін көркем картинаға айналдырса, меніңше қоғамның алдында да, ар-ұятының алдында да құба-құп болар еді. Мемлекет тарапынан осыған дейін де небір механизмдер іске қосылды ғой. Сол не берді? Әрине, ештеңе. Жеке баспаларды байытып, соларға тендер берді. Бәрі жеке тұлғаның (қаламгердің) ар-ұяты, жігер-қайратына байланысты.