- Негізгі бет
- Әдебиет
- Виктор Гюгоның "Аласталғандар"...
Виктор Гюгоның "Аласталғандар" романына қатысты қызықты 5 дерек
Бүгін — әдебиет тарихындағы аса ірі тұлғалардың бірі һәм бірегейі, француз жазушысы әрі ақыны Виктор Гюгоның жарық дүние есігін ашқанына 220 жыл. Ол 1802 жылы 26 ақпанда дүниеге келген. Осы орайда ұлы классик шығармашылығының апофеозы, яғни, шыңы саналатын "Аласталғандар" романына қатысты қызықты деректермен бөліскенді жөн көрдік.
1. Романда 823 сөзден тұратын сөйлем бар. Ол 93 үтір және 51 нүктелі үтір арқылы бөлінген.
2. Виктор Гюго аталған роман жарық көрген кезде демалыста болады. Оған қатысты оқырман реакциясын білгісі келген автор өзінің баспасына "?" сұрақ белгісінен ғана тұратын жеделхат жібереді. Біраздан кейін жазушыға "!" - деген жауап келеді. Бұл тарихтағы ең қысқа хат болса керек.
3.1980 жылы роман желісі бойынша жазылған мюзикльді әлі күнге дейін өз көрерменін жоғалтпаған. Жалпы, ол 38 елдің 221 қаласында қойылған.
4. Аталған роман-эпопея орыстың ұлы жазушылары Лев Толстой мен Федор Достоевскийге қатты әсер етті. Мысалы, Толстойдың "Соғыс және Бейбітшілік" романы осы туындының орыс мәнеріндегі нұсқасы іспетті. Федор Михайлович те екі күн түрмеде отырған кезінде рахаттана отырып "Аласталғандарды" қайта оқып шыққанын әйелі Аннаға айтқан екен.
5. Кейбіреулер романның бас кейіпкері Жан Вальжанның прототипі 1801 жылы ұрланған нан үшін бес жылға айдалған Пьер Морин болған деседі. Өзгелер Франсуа Видок дәл Жан секілді бұрын істі болып, кейін Париж қылмыстық полициясының шефі қызметін адал атқарған ізгі адамға айналғанын айтады.
А. Оралқызы