"Үш ноян" ( фр. Les trois mousquetaires ) — Александр Дюманың 1844 жылы 14 наурыз бен 11 шілде аралығында Париждегі "Ле Сьекль" газетінде алғаш рет жарияланған тарихи шытырман оқиғалы романы. Кітапта Парижге мушкетер болу үшін барған д'Артаньян есімді жас дворянның және оның үш досы – Атос, Портос және Арамистің 1625-1628 жылдар аралығындағы шытырман оқиғалары баяндалады.
Д'Артаньянның оқиғасы трилогияның тағы екі романында – "Жиырма жылдан кейін" және "Виконт де Брагелонна, немесе он жылдан кейін" шығармаларында жалғасады.
"Үш ноян" романын қазақ тіліне белгілі аудармашы Әбілмәжін Жұмабаев аударған. Аталмыш шығарма 2021 жылы foliant баспасынан жарық көрген.
Роман не туралы?
Он сегіз жастағы кедей гаскондық д'Артаньян мушкетер боламын деп Парижге барады. Менге қаласындағы қонақүйде кардинал де Ришельенің серігі граф Рошформен жанжалдасып, ол жас жігіттің ұсыныс хатын ұрлап кетеді. Парижде король мушкетерлерінің капитаны де Тревиль д'Артаньянға полкіне қабылдану оңай емес екенін, ол үшін алдымен екі жыл басқа жерде қызмет етіп, ерлігімен көзге түсу керек екенін айтады. Сөйтіп капитан д'Артаньянды гвардияшылар полкіне жібереді.
Сол күні жас жігіт байқаусызда үш мушкетер – Атос, Портос және Арамиспен сөзге келіп қалып, олар Д'Артаньянды дуэлге шақырады. Бірақ дуэл өткізуге тыйым туралы заң болғасын, патша әскері бұларды қамауға алмақшы болады. Үш мушкетер мен д'Артаньян оларды жеңіп, ақырында дос болады. Шытырман оқиғалардың барлығы осы жерден басталады.
Роман балаларды неге үйретеді?
Дюманың "Үш нояны" шынайы достыққа үйретеді. Атос, Портос, Арамис және д'Артаньян әрқашан: "Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін!" деп, кез келген қиындықтарды жеңіп шығады.
Д'Артаньянның прототипі бар ма?
1844 жылы тарихи роман жазу – қазіргіден бөлек кәсіп еді. Сол кездегі ең танымал автор Уолтер Скотт болды. Оның тарихи романдары үлкен сұранысқа ие еді. Және барлық еуропалық тілдерге бірінен кейін бірі аударылып жататын. Сол кездегі көптеген авторлар Скотқа еліктеді. Әрине, Дюма да осы романды жазарда Скотттан үлгі алды.
Бұл шығарманың оқиғалары алдымен 1700 жылы шыққан және француз эмигрант жазушысы жазған кітап. Оның авторының аты – Кертиль де Сандра. Ол өмірбаянында Бастилияда д'Артаньянмен кездесіп, оқиғаларды жазып алғанын айтады. Кейін оны Нидерландыда әдеби тілге өңдеп, кітап етіп басып шығарған.
Мұның қаншалықты шындыққа жанасатынын айту қиын. Әрине, тарихи прототипі болды. Д'Артаньян есімді мушкетер шынайы адам. Бірақ д'Артаньянның естеліктерінде көретін оқиғалардың көпшілігін Кертиль де Сандра ойлап тапқан деген тұжырым бар.
Дюманың өзі патша Людовик XIV-тің тарихын жазбақшы болып кітапханада жүргенде Д'Артаньян естеліктеріне тап болғанын романның алғы сөзінде жазып кеткен.
"Бұл арада мен со бір тартымды шығарманы егжей-тегжейлі баяндайын деп отырғаным жоқ, тек өткен күндердің суреттерін бағалай білетін оқушыларыма осы мемуармен таныс деген кеңесті ғана айтпақпын. Олар бұл туындыдан шын шебердің қолынан шыққан портреттерді табады, осынау асығыс суреттемелер көп жағдайда казарма есіктері мен шарапхана қабырғаларына сүйеніп тұрып жазылғанымен, оқушылар бұдан Людовик XIII мен Анна Австрийскаяның, Ришелье мен Мазаринидің бейнесін, сол кездегі сарай маңындағылардың талайының бейнесін бірден таниды, Анкетиль мырза тарихы қандай айқын болса, бұл бейнелер де сондай айқын", - дейді автор.
Жас ақын, Жандарбек Жұмағұлов: "Дюманың қанатты сөздері бүгінде де танымал"
"Дюма осы романы арқылы жастарға көптеген нәрселерді үйретеді. Мысалы, кітапты оқып отырып 4 достың батылдығына тәнті боламыз. Автор бұл қасиетін нағыз ер азаматқа тән ең маңызды қасиеттердің бірі деп атайды: «Ерлік қашанда сыйластықтан туады» дейді. Дюма романының кейіпкерлері – кітап шыққасын көптеген жастардың идеалдарына айналды. Олар сол кейіпкерлерге ұқсағысы келді. Мен шығарманы оқып отырып Д'Артаньян мен мушкетерлердің абыройды бәрінен де жоғары қойғанына тәнті болдым. Олардың «Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін» деген сөзі бүгінде де танымал қанатты сөз. Досқа адалдық, қиын кезеңде достарыңды сатып кетпеу деген осындай болса керекті".
Сөз соңында айтарымыз, қазақтың белгілі аудармашысы көптеген классикалық туындыларды қазақ тілінде сөйлеткен Әбілмәжін Жұмабаевтың аудармасы арқылы шыққан "Үш ноян" романы қазір де көптеген жастар іздеп жүріп оқитын шығарма. Шамамаен 700 беттен тұратын романның тілі жеңіл, оқиғалары қызықты.