Боб Дилан – музыкант, әдебиет саласынан Нобель сыйлығының иегері.
Боб Дилан әдебиет саласынан Нобель сыйлығын табыстау салтанатына қатысқан жоқ. Үлкен жетістікке жете тұра, мұндай қадам жасауы Бобтың онсыз да құпияға толы тұлғасына деген қызығушылықты одан әрі арттырды.
Шараның ұйымдастырушы комитетіне жіберген хатында Боб Дилан бұрын осы атақты алған Редьярд Киплинг, Бернард Шоу, Томас Манн, Альбер Камю, Эрнест Хемингуэй сынды жазушыларды жоғары бағалады. Алайда, Диланның өзі мүлдем басқа әдебиет майталмандарының шығармашылығына қызығушылық танытады екен. Оның CBC телеарнасына берген сұхбаттары ішінен өзі атап өткен және оның болмысының қалыптасуына үлкен септігін тигізген кітаптар тізімін ұсынамыз.
1. Джек Керуак «Жолда» («On the road»)
Боб Дилан жас кезінде америкалық әдебиеттің 40-50 жылдардағы “beat generation” аталатын толқыны өкілдерінің туындыларын зор құлшыныспен оқыған. Әсіресе, осы бағыттың негізін қалаушы Джек Керуактың саяхатшы жігіттер өмірін сипаттайтын «Жолда» («On the road») романы туралы ол: «Роман кейіпкерлерінің сөздері санама серпін берді, бір деммен оқып шықтым»,– деген. Музыкант тағы бір сұхбаттарында бұл кітап туралы былай дейді: «Мен «Жолда» романын 1959 жылы оқыдым, сол тұста ол тек менің ғана емес, менің замандастарымның да өмірін өзгертті». Дилан естелік жазбаларында өзінің Миннесотадан Миннеаполиске көшкені туралы жазады: «Көшу кезінде мен осы «Жолда» романынан оқыған дүниелерімді іздедім: үлкен қала, ондағы оқиғалардың алмасу жылдамдығы және өзіне ғана тән дыбыс». Ол Керуактың өзімен жолығып үлгермеді, бірақ, 1975 жылы жазушының жақын досы битниктер толқынының танымал өкілі Аллен Гинзбергпен бірге Джек Керуактың бейітінің басына барған.
«Соғыс туралы» – соғыстардың мақсаттары мен қаталдығы туралы пруссиялық Карл фон Клаузевиц есімді солдат жазған философиялық трактат. Клаузевицтің өзі Наполеон кампаниясына қатысқан, ал одан кейінгі өмірін соғыс тактикаларын зерттеуге арнаған. Дилан ол туралы былай дейді: «Клаузевиц өміріңізде болып жатқан мәселелерді соншалық терең қабылдамауға үйретеді».
3. Артюр Рембо. Өлеңдер
Боб Дилан өзінің шығармашылық мансабының түрлі кезеңдерінде Артюр Рембо поэзиясына тағзым етумен болды. Дилан оны былай сипаттайды: «Кезінде мен Рембоның «Мен – өзгемін» өлеңін оқыдым. Одан кейін мен өз жүрегімнен күміс қоңырау сылдырлағандай күй кештім. Содан кейін ғана әр сөздің бір құдірет екенін ұғындым». Диланның 1976 жылы жарық көрген Blood on the Tracks альбомындағы You're Gonna Make Me Lonesome When You Go өлеңі Артюр Рембо шығармашылығына арналған.
4. Лев Толстой. «Соғыс пен бейбітшілік» («Война и мир»), «Анна Каренина»
Дилан – Лев Толстой шығармашылығының үлкен табынушысы. Ол, тіпті, Ясная Полянаға арнайы барып қайтқан. Жазушы мекеніне жасаған сапары туралы Дилан былай дейді: «Лев Толстой дәл осы жерде өз еңбектерінен де, барша соғыс атаулыдан да бас тартты. Ол 82 жасында үйіндегілерге хат қалдырып, өзі орманға кетіп қалған екен. Бірнеше күннен кейін өкпе қабынуынан қайтыс болды. Мен жазушының қонысжайын велосипедпен аралап шықтым».
5. Вуди Гатри. «Атақ жолында» («Bound for Glory»)
«Атақ жолында» («Bound for Glory») – фолк әнші Вуди Гатридің автобиографиялық кітабы. Боб Дилан өміріне ең көп әсер еткен де осы кітап екен. Оны 1960 жылы студент кезінде оқып шыққан Бобтың санасын серпілтіп, ол да Гатри секілді автостоппен саяхат жасауға жиналады. Вуди Гатриге арнап музыкант Song to Woody, кейін Last Thoughts On Woody Guthrie («Вуди Гатри туралы соңғы ой») әндерін жазды.