Ұлылар өміріндегі қызықты оқиғалар

Ұлылар өміріндегі қызықты оқиғалар
Фото: people.howstuffworks.com

Жазушы Ғабиден Мұстафин барлық шығармасын қарындашпен жазып шыққан. Алдын ала қарындаштарын ұштап қоятын болған. Онере де Бальзак күніне 50 шыныаяқ кофе ішкен екен. Достоевский «Ойыншы» (Игрок) шығармасын карта ойынында қарызынан құтылу үшін жазып шыққан. Ұлылардың өмірі қашан да қызық һәм қым-қиғаш оқиғаларға толы болған. Бұл материалда сол қызықты сәттерден бірнеше мысал беріп отырмыз.

Мекенжайы көрсетілмеген хаттар

Жазушы Виктор Гюго ғұмырының соңғы жылдарында Париждегі өз атымен аталған көшеде тұрған. Ол хатқа мекенжайын жазатын кезде «Құрметпен, Виктор Гюго мырза, оның Париждегі авенюсі» деп жазатын болған екен.
                                                                                ***
Жазушы 1862 жылы санаторийде дем алып жатқан кезінде жақында жарыққа шыққан "Қорланғандар"  (Les Misérables, 1862) романына деген оқырман көзқарасын білу мақсатында, шығарманы басып шығарған баспаханаға «?» белгісіндегі  хатты жібереді. Ізінше баспадан «!» белгісі бар жауап келеді.  Бұл тарихтағы ең қысқа хат жазысу еді.

Өз повесі туралы шығарма

Жазушы Валентин Катаевтің немересі құрбысымен болған қызық оқиғаны айтып берген. Бір күні немересінің құрбысына әдебиеттен сабақ беретін мұғалім Валентин Катаевтің «Полк ұлы»  (Сын полка) повесіндегі Ваня атты кейіпкерге жазушы қандай міндет жүктеген?» деген тақырыпта шығарма жазып келуді тапсырады. Ол Катевтердің үйіне қонаққа келіп, осы туралы жазушының өзінен сұрап алып, шығарма жазады. Оны оқыған әдебиет оқытушысы «Жазушы мүлде басқа мақсатты көздеген» деп шығармаға 3 деген баға қояды.

Пайдасыз кеңес

Джоан Роулинг «Гарри Поттер және философиялық тас» (Harry Potter and the Philosopher's Stone) кітабын 1995 жылы жазып бітіреді. Арада бір жыл өткеннен кейін Лондондағы «Bloomsbury» атты шағын баспаға тапсырады. Кітап баспадан шығатын болса да, бас редактор оның табысқа жетуіне күмәнмен қарап, авторға болашақта басқа іспен айналысуға кеңес берген.

«Роботты» өмірге әкелген жазушы

«Робот» сөзін чех жазушысы Карел Чапек қолданысқа енгізген. Ол пьесасында адамға ұқсайтын темір механизмдерді «лабор» деп атайды. Бірақ, бұл сөз өзіне ұнамағандықтан, інісінің кеңесімен оны «робот» деп өзгертеді.

Режиссёр таңдау тәсілі

Америкалық танымал жазушы Стивен Кинг режиссёр-студенттерге өз шығармаларын экранизациялауды ұсынған. Ақысына 1 доллар алатын боп келіскен. Оларды коммерциялық мақсатта таратуды жазушы өз міндетіне алған екен. Бірақ сол уақытта түсірілген фильмдерден ақша табу мүмкін емес еді. Міне, осындай режиссёр-студенттердің бірі Френк Дарабонт  жазушының «Палатадағы әйел» шығармасы ізімен қысқа метражды фильм түсіреді. Ұдайы шығармашылық байланыста болған режиссёр мен жазушы кейін «Шаушенкадан қашу» (Побег из Шоушенка), «Жасыл миля» (Зеленый миля), «Тұман» (Мгла) фильмдерін өмірге әкеледі. Бұл фильмдер жазушыға да, режиссёрге де қыруар табыс пен атақ-даңқ әкеледі.

Жазушының «көмекшілері»

Естімеген елде көп демекші, Александр Дюма шығарма жазуда «көмекшілерінің» кеңесіне көп жүгінеді екен. Олардың арасында Огюст Маке танымал болған. Дюма жайлы мемуар жазған Клод Шооптың айтуынша, осы Огюст Маке «Граф Монте Кристо» романының сюжетін ойлап тапқан, «Үш мушкетёрдің» (The Three Musketeers) өмірге келуіне біраз маңдай тері сіңген. Дюма арзан базардағы роман мен қолжазбаларды сатып алып, оған жаңа кейіпкерлер мен сюжеттер қосып, қайтадан жазып шығады деген алып-қашпа әңгімелер де кездеседі.

Тақырыптағы қате

Атақты фантаст-жазушы Рэй Брэдбери өзінің кезекті романын «Фаренгейт бойынша 451 градус» деп атайды. Шығарма мазмұнына байланысты осындай тақырып таңдалады. Себебі, осы температурада қағаз өзінен өзі жанып кетеді екен. Бірақ қағаз Фаренгейт емес, Цельсий шкаласы бойынша 450 ден асқанда өртенеді. Жазушы тақырып таңдау кезінде өрт сөндіруші маманымен кеңескен екен. Ол Фаренгейт пен Цельсий шкалаларын шатастырып алғаны үшін жазушы да логикалық қатеге ұрынған.

Т. Раушанұлы