«Ұлы Гэтсби» – америкалық жазушы Фрэнсис Скотт Фицджеральдтің үздік туындысы. Бұл шығарма туралы естімеген адам жоқ шығар. Оны оқымағанның өзінде, 2013 жылы роман желісі бойынша түсірілген голливудтық фильмді барлығы көрген болар. Сол жылы фильм фурор (күшті әсер) туғызып, оның әнші Ферги орындауындағы A little party never killed nobody саундтрегі хит әнге айналды.
Алайда, кітапты оқығандардың өзі романның алғашқы атауы өзге болғанын біле бермейді. Джаз дәуірінің ұлы туындысына атау қою барысында автор көп ойланған. Оның «Гэтсби — Алтын қалпақ», «Ессіз ғашық» және т.б. нұсқалары болыпты. Баспадан шығаруға бір апта қалғанда «Трималхион тойы» аты бекітілген. Кейін оны да өзгертіп, АҚШ туының түстеріне сай «Қызыл, көк, ақтың астында» деп атаған. Бірақ, өзіңіз байқағандай, бұл да роман атауының соңғы нұсқасы болмады. Ақыр аяғында, өзіміз білетін «Ұлы Гэтсби» атауы таңдалды.
Жалпы, роман 1925 жылы 10 сәуірде жарық көрген. Америка әдебиетіндегі Джаз дәуірінің өкілі саналатын Фицджеральд шығармасын Нью-Йоркте бастап, Еуропадағы саяхаты кезінде Парижде аяқтаған. Алғаш сол жерде жарияланған болатын. Оқиға Нью-Йорктен алшақтау орналасқан Лонг-Айленд "алтын жағалауында" көрініс табады. 1920 жылдары Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ-та гүлдену басталады. "Құрғақ заң" кезінде көптеген заң бұзушылар миллионерлерге айналып, қылмыстың өрлеуіне түрткі болды. Фицджеральд туындыда шексіз материализм мен Америка жұрты құндылықтарды сезінуден қалғанын бетке басады. Роман автордың тірі кезінде еш атаққа ие бола алмады. Ұлы депрессия және Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары тіпті ұмытылып кеткен болатын, 1950 жылдары жақсы сатыла бастады. Кейбір ағылшын тілдес елдерде орта мектеп пен ЖОО-дағы әдебиет бағдарламасына енгізілген. 1998 жылы роман Modern Library баспасы ұсынған тізім бойынша XX ғасырдың ең үздік 100 кітабының рейтингінде 2 орыннан табылды.