- Негізгі бет
- Әдебиет
- Уистен Хью Оден....
Уистен Хью Оден. "Кесіртке терісін жамылған ақын"
Біраз уақыт болды Уистен Хью Оденді жағалап оқып жүрмін. Бұл тентек немені әдебиеттанушылар ХХ ғасырдың ұлы ақындарының қатарына жатқызады. Сабаздың тілі қыршаңқы, мінезі шалдуарлау, ойлары бөлек. Ұнайды. Ұнамайтын жерлері де алайда баршылық. Ұнайтын жерлерін табу үшін кейде ұзақ-сонар, кейде келте-шолақ өлеңдерін май шаммен оқу керек болады. Мезі қып жіберетін тұстары да жоқ емес. Уистен Британияда туып, кейін АҚШ азаматтығын алған екен. 66 жасында Австрияда өлген. Пәленбай xалықаралық беделді сыйлықтар алған, ол бізге қызық емес. Кімге керек Гугл ағайдан сұрап алар. Маңыздысы - қызық ақын.
Өлеңдерін ағылшын тілін меңгерген кезде аударармын мүмкін. Әзірге орыс тіліне аударылған кейбір ойларын қазақшалап едім, қолдарыңыз бос болса, оқи салыңыздар.
***
Мен үш ұлы ақынды білуші едім, олардың барлығы да жоғары деңгейдегі иттің ғана балалары болатын: Йейтс, Фрост, Брехт.
***
Мәскеуліктер бір біріне Кремльдің үнемі жарығы жанып тұратын терезесін нұсқап: "Бұл еңбекқор ара - Сталин" дейтін көрінеді.
Түнделетіп тек Гитлерлер жұмыс істейді.
***
Менің Құдай алдындағы жалғыз міндетім - бақытты болу, ал жақынымның алдындағы парызым - оған ләззат сыйлау және оның мұң-қайғысын жеңілдету.
***
Орыс жазушыларының ішіндегі ең жақсысы - Чеxов. Сендердің араларындағы жалғыз есі дұрыс адам сол ғана.
***
Маған орыстар автокөлік терезе тазалағышын үнемі ұрлайды деп айтты. Неге?
***
Тек әйелдер ғана күлкілі оқиғаны естіп алған соң: "Бұл шынымен болған ба?" деп сұрайды.
***
Мен сағат тілі бойынша өмір сүремін. Қолымда сағат болмаса, қай уақытта қарным ашатынын да білмейді екем.
***
Күрделі сұрақ қою ма? Түк қиын емес!
***
Өлеңнің әкесі - Ақын, шешесі - Тіл.
***
Жаңа поэзияның күрделілігі жөнінде сын айтар алдында, адам өзінен "мен қанша рет жан дүниемді дәл осылай терең әрі шынайы ақтара алдым деп сұрау керек".
***
А, Құдай, кітап жаратқаныңызға зор алғыс! Әйтпесе адамдардың әңгімесінен есім баяғыда-ақ ауып кетуші еді.
***
Ажал - пикникте сені қуып жеткен алыстағы күн күркірінің дыбысы.
Айтпақшы, Оденді орыс тілінде сөйлеткен Бродский ол туралы былай депті:
"Маған Оденнің беті кесіртке мен тасбақаның терісін еске салатын".
Кейін бір айтқан сөзі:
"Егер маған түр таңда десе, мен Оденнің немесе Беккеттің түрін таңдап алар едім. Бірақ, Одендікі дұрыстау ғой деймін".
Ал, маған Оденнің түрі ауылдағы бір кісінің келбетін еске салады. Ол да ақын шатыс біреу болатын.
Ақберен Елгезек
дереккөз:ult.kz