Тіл-тілде лексикалық байлықтың бір алуаны – кейіпкер аттары. Егер сөз бір адам жайында болса, алдымен оның адами қасиеттерінен бұрын есімі еске түседі, әңгіме бір көркем туынды туралы болса, әлбетте, кейіпкер аты ауызға бұрын ілігеді.
Кейіпкер аты, алдымен ол – жалқы есім, яғни жалпы есімге барлық жағынан (грамматикалық, семантикалық, функциялық қызметі) қарама-қарсы ұғым мен категория.
Жалқы есімдер (ЖқЕ) кез келген тілдің сөздік қорының біршама бөлігін құрайды да, ономастикалық универсалийдің бірі болып табылады, өйткені олар тарих айнасы ретінде халықтың көптеген мәдени құндылықтарын сақтаған.
Жалпы есімдер (ЖпЕ) лексикалық мағынаға ие болса, жалқы есімдерде бұл қасиет жоқ, олар тек атауыштық қасиетке ғана ие. Олай болса, кейіпкер аттары жалпы есімнен жасалғанымен, жалқы есімге айналғанда, бастапқы ұғымынан, мәнінен, нәрінен айрылады.
Поэтикалық ономастикада фольклор мен көркем туындылардағы кейіпкер аттары жалқы есімдерді зерттеудің барлық аспектілері мен бағыттары, топтастыру ұстанымдары, жанрлық ерекшеліктері мен семантикалық құрылымы қарастырылады.
Ауыз әдебиетінің барлық үлгілерінде күлдіргі фольклорлық аттар, ХХ ғасырдың бас кезіндегі Б.Майлин, Ж.Аймауытов, І.Жансүгіров, Қ.Тайшықов, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов туындыларында аты ерекше, күлкілі, тосын қойылған сатиралық және юморлық кейіпкер аттары көп кездеседі.
Біздің мақсатымыз – халық ауыз әдебиетінің қай түрінде болсын, оның құрамында кездесетін антропонимдердің бәрін қамту емес, юморлық бейнелердің тарихтан мәңгілік орын тебуіне себепкер факторлар мен уәжділікті анықтау; есімі жалпыға айналып кеткен аттар сырын, "есімі ерекше", "сөйлеп тұрған", "айқайлап тұрған" эмоциялы-экспрессивтік аттарды ұлттық болмыспен сабақтастыра қарастыру, тіл құпиясының адам есімдерінде мол деректің көзі екенін этнолингвистикалык тұрғыдан зерттеу.
Эхалықтың сүйікті кейіпкері болады. Мысалы В.И. Дальдің зерттеуінде "Ертегілерде поп Иван, Иван ханзада, Ивашка, ақ көйлекті Ивашка, ақымақ Иванушка бірінші орынды иеленеді" [1].
Алдар көсе, Қожанасыр және Тазша бала жайлы күлдіргі әңгімелер мен ертегілер – тек қазақ ғана емес, түркі тектес халықтардың көбіне ортақ мұра. Қазақ халық ауыз әдебиетіндегі Алдар көсе, Қожанасыр күлдіргі әңгімелері мен Тазша бала ертегілеріне тарихи-мәдени типология, генетикалық типология тұрғысынан да өзара ұқсас болып отырады. Осы топтағы әңгімелердің жанрлық сипатындағы бір-біріне ұқсамайтын өзгешеліктері Анадолы түрік халқының нұсқаларында да толық сақталған. Демек, қазақ халқымен түбі бір түрік халқының әдебиетіндегі Алдар көсе, Қожанасыр және Тазша бала жайындағы күлдіргі әңгімелер, ертегілер, әлеуметтік-сатиралық, адамгершілік-тұрмыстық тұрғыдан дамыған деуге болады.
Қожанасыр – өзбек, тәжік, әзірбайжан тәрізді түркі халықтарына ортақ кейіпкер. Оның іс-әрекеті, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы күлдіргі болса да, әңгімелері ғибрат-үлгі, сабақ аларлықтай. Қазіргі қолданыста оның аты апеллятивтенген, аңқаулау немесе сөз тапқыш адамды, "өзі бір жүрген Қожанасыр екен" дейді.
Қожанасыр бейнесі түрік тілдес халықтар арасында пайда болғанымен, сөзінің өткірлігі арқасында араб, парсы т.б. халықтардың ортақ әдеби қаһарманына айналған. Қожанасыр атымен байланысты күлдіргі әңгімелер қазіргі заманда құнды мұра болып сақталған. Сондықтан да оны әр халық, солардың бірі қазақ халқының да иемденуі, тіпті өз жерінде оған ескерткіш салуы да түсінікті. Қазақстанда үлкен Жібек жолының бойында, Сырдарияның жағасында бір кезде Қожанасырдың күмбез-бейіті болған деседі. Күмбез-бейіт дарияға қарай қисайта салынған және сыртынан суға қарай итере тіреу қойылған. Күмбезді көрген адам күлмей өтпейтін болған.
Түркия ғалымдарынан Қожанасыр бейнесін терең зерттеген И.Х.Данишменд, Исмаил Хаккы Коньялы, Фуад Көпрүлү, Абдулбаки Гөлпынарлы, тарих зерттеушілері Мукремин Халил Йынанч пен Сайт Сунгур; Гюнай Кут, Рыфкы Мелюл Мерич, Мухаррем Баяр, Ибрахим Алааттин Говса, Феридун Нафыз Узлук, музей директорлары Наджи Кум, Осман Ферид және Абдулкадир Ердоған, Мехмет Чайырдағ, доктор Мустафа Ышык, Микаил Байрам, зерттеуші-жазушы Абдуллах Сатұлы мен Мухсин Ильяс Субашы, тарихшы ғалымдар профессор Тунжер Байкара мен Ахмет Яшар Ожак, Шүкрү Курган, Сайм Сакаоғлы, Фикрет Түркмен сынды тұлғаларды атап өтуге болады.
Дүниежүзінің 25-ке жуық елі Қожанасырды өздерінің тарихымен байланыстырып, өз ұлтының өкілі санайды. Бұл жағынан ең алдында тұрғаны – түріктер мен өзбектер.
Жазушы М. Әуезов: "Қожанасырдың өз басы қазақ емес және әңгімелері де әуелде қазақ ортасында туған әңгіме емес… Қожанасыр әңгімесі – көршілес өзбектен ауысып келген "қыдырынды әңгіме". Әңгіме көбінесе Қожа Насырдың шаһарда тұратындығын айта отырады" дейді. Демек, академик М.Әуезов отырықшылық, қаламен байланысты туғандықтан, Қожанасыр қазақтікі емес деп отыр [2].
Қожанасыр – Алдар көсемен қатар жүретін күлдіргі бейне. Бірақ екі бейненің халық танымында сомдалуы мен күлдіруінде айырма бар. Халық Алдар әңгімелерінде басқаларды Алдар арқылы мазақтатып, өшін алып отырады. Қожанасыр әңгімелерінде өзі аңғал, аңқау, әпенде болып көрінеді. Қожанасырдың аңқаулығының ар жағында тапқырлық пен қуақылық, ащы мазақ пен мысқыл тұрады.
Кәдімгі есекке мінген Қожанасырдың шымшыма әзілдері әлем халқының барлығында бар. Арабтар Қожанасырды – Джуха, тәжіктер – Мушфих, ұйғырлар – Саляй Чаккан және Зайдин молда, түркімендер – Кемин, болгарлар мен Югославия халқы – Петр қу секілді отауызды, орак тілді кейіпкерлерінен өз "Қожанасырларын" жасап алған. Өйткені бұл – түркі тілдес барлық ұлтқа ортақ тұлға.
Кейде ку, кейде аңқау, бірақ жаны таза, әулиедей суреттелетін Қожанасырды қайсыбір зерттеушілер өмірде шын болған, тарихи тұлға деп қараса, өзгелері оның есімін аңыз-әпсаналармен байланыстырып, әңгімелерін халық фольклоры қатарына жатқызады. Расында, Қожанасыр әңгімелері қай заманға жатады? Дүниеде ондай кісі болған ба, болмаған ба?
Оның әңгімелері шамамен орта ғасырларда дүниеге келген сияқты. Бәлкім, мұндай күлдіргі әңгімелер одан да бұрын туған шығар.
Түркияда көптеген ғалымдар Қожанасырдың ешқандай да фольклорлық кейіпкер болмағанын, оның ХIII ғасырда Селчук/Селжұқ империясы кезінде өмір сүргенін дәлелдеп жазып жүр. Ол дәлелдер мыналар:
Біріншісі, ол Акшехир қаласының Қожанасыр ауданында, солтүстіктен Текке суы, оңтүстік шығысы мен батыстан Йалвач пен Коньяға баратын жолдармен қоршаулы тұрған кесене, 80 гектарлық жерді алып жатқан моланың ішінде орналасқан. Кесененің қай уақытта тұрғызылғаны жайында ешқандай мәлімет жоқ. Бірақ Қожаның бас жағына кейіннен қойылған мазар тасында Хижра 386 (Милади 996) жазуы бар. Ал бұл уақыттарда Түріктер әлі Анадолыға қоныс аудармаған болатын. Сол себепті жазуды теріс оқу керек. Сонда ғана біз Қожанасырдың Хижра 683 (Милади 1284-85) жылында қайтыс болғанын білеміз [3].
Қожанасыр қабірінің кітапшасында былай деп жазылған: "Хазихи'т-Тюрбетю эл-мерхум/ Эл мағфур ила-абдихи/ Эл гафур Насру'д- дин/ Эфенди рухуна Фатиха сене 386" (Бұл төбеде жатқан марқұм және кешірімшіл Қожанасыр Әпенді рухына фатиха. 386-жыл).
Өзбек ғалымы Төремырза Джаббаровтың деректеріне сүйенсек, Қожанасыр Бұхарада туған. "Бұхаралық құмырашы Шермаметтің ұлы жоқ болатын. Бір күні құмырашының әйелі құдайға жалынып, бір перзент сұрайды. Ертеңіне Шермамет базарға апарып сататын құмыраларын түгендеп жатып, үлкен бір құмыраның ішінен бір нәресте тауып алады. Бұхара қаласының заңдарына сәйкес олар 90 күн бойы баланың ата-анасына іздеу салады. Бірақ ата-анасы табылмаған соң Шермамет пен әйелі нәрестені өздері асырап алады. Бала ақылды, зерек болып өседі, әкесіне көмекші болады. Оның жүрегінде әділетсіздікке қарсы жиеркенушілік пен наразылық туады; жетімдерге қол ұшын береді" (Дүниежүзінің 25-ке жуық елі Қожанасырды өздерінің тарихымен байланыстырып, өз ұлтының өкілі санайды. Бұл жағынан ең алдында тұрғаны – түріктер мен өзбектер).
Халықтың сүйікті бейнесі Қожаның кесенесі Акшехир қаласында "Қожанасыр Кесенесі" деп аталады. 1905 жылы жөндеу жұмыстарына дейін бұл кесененің үсті ашық, қоршалмаған болатын. Қожаның кесенесінде үлкен бір қақпасы және қақпада бір ғана құлып болғаны айтылады. Кесенеге 1905 жылы Конья губернаторы Фаик мырза заманында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, сырты алты бағанмен кеңейтіледі. Ашық есіктің үстінде ілулі тұрған қара құлып, әркімді күлдіртіп, ойландырады.
XV ғасырда өмір сүрген ақын Синан Пашаның (Қожа ұрпағынан) Эюп мешітінің ауласындағы мазар басындағы таста бір шежіренің барынан және шежіреде Қожанасырмен байланысты бөлімнің өшіріліп қалғаны айтылады [4].
Қазақ фольклорына келер болсақ, қазақтың әдебиетші, тілші, тарихшы ғалымдары күлдіргі әңгімелерге ерекше көңіл бөліп, оларды ел ішінен жинап, баспасөз беттерінде жариялап отырған. Осы күнге дейін Т. Әбдірахманов "Қожанасыр әңгімелері" (1965), "Қожанасыр хикаялары" (1977), Б.Кенжебаев "Тымпи", К.Сейдеханов "Өлген қазан" (1985), Б.Адамбаев, Т.Жарқынбеков "Ел аузынан" (1985) атты жинақтарды құрастырып, жарыққа шығарды. "Қазақ ертегілері" деп аталатын үш томдық жинаққа енген Алдар көсе, Қожанасыр, Тазша бала есімдеріне байланысты қазақтың күлдіргі әңгімелері мен әзіл-шыны аралас әңгімелердің мол енгізілгенін атап айтқымыз келеді [5].
Түркі халқының прецедентті есімдерін Г.А.Қажығалиева, Г.Б. Мадиева, Г.К. Исанғалиева, С.К. Иманбердиевалар зерттеді. Орыс тіл білімінде Ю.Н. Караулов, Ю.А. Сорокин, В.Г. Костомаров, И.В. Захаренко т.б. зерттеулері бар.
Н.С. Смирнова Алдар көсе бейнесі жайлы: "Алдар, Тазша, сказочные воры – яркие социальные типы поборников справедливости в сатирической сказке… Будучи, по всей вероятности, образами древними, восходящими к древним дуальным мифам, они перекочевали затем в волшебную сказку (есть волшебные сказки о Тазшах и Алдар-Косе, где они являются оборотнями, схватываются с Жалмауыз-кемпир и т.д.) и, наконец, стали основными героями сатирической сказки", - дейді [6].
Профессор, ономастика бойынша монография, бірнеше окулықтардың авторы Г.Б.Мадиева "Қазақтың күлкі атасы Алдар көсенің қулығы, казақы қалжыңдары, іс-әрекеті арасына кең таралғаны сонша, "қазақ лингвомәдени социумінде стереотипті кейіпкер ретінде қолданылады" [7] деп атап көрсетеді.
Ел арасынан қуақы, күлдіргі, жылпос, алдампаз адам шықса, Алдар деген атты берген. Оның себебін ғалым Б.Адамбаев "халық өзінің шығармаларында белгілі адамның бейнесін ғана өзгертіп қоймайды, оның ең алдымен, ісін, сөзін қалауынша ел тілегіне бейімдеп өндеп, өзгертіп жібереді" [8] ,- деп түсіндіреді.
Алдар аталуының уәжі, себебі көп. Алдар айналасындағы күлкі екі жағдайдан көрінеді: бірі персонаждың кейпінде, бетіне маса тайып жығылатын жылмағай, жалтыр иекті жылпостың көсе атануы болса, екіншісі Менің атым Алдар деп айғайлап тұр, өйткені сөздің түбірінде етістік алдау бар. Халық жек көрген адамдарынан Алдар аты арқылы өшін алған, "Алдар қу, Алдардың арбамайтыны, жалмамайтыны" жоқ деген сөз ел аузында мәтелге айналып кеткен. Оның себебін академик М. Әуезов былай түсіндіреді: "Алдар аты – күлкі аты, күлкіге өлім жоқ. Күлкі – өлмес елдің өшпес күші".
Бүгінгі қолданыста жақсы, қуақы, қызықты әңгіме болса, шық бермес Шығайбайдың сарандығын сынайтын өткір мысқыл болса, Алдар көсе сияқты екен деп қаламыз. Демек, Алдар жинақталған, апеллятивтенген кейіпкерге айналып кеткен. Алдардың аты башқұрт, татар, қырғыз, ноғай, т.б түркі тілдеріне кең тараған.
Қазақ арасында туылып өскен Алдар көсе бейнесі туысқан өзбек, түрікмен ауыз әдебиеті арқылы ертегідегі Жібек жолымен тілі бөлек, Иран мемлекетіндегі парсы тіліне қосылатын халықтар ауыз әдебиетіне "Алдар", "Көсе", кейде "Аяр", "Шум бала" (Тентек бала) атымен жетіп барғанын көруге болады. Мысалы, "Персидские сказки" де Алдар мен Көсенің аты бір қолданбай, жеке-жеке кейіпкер есебінде аталынатынын көреміз. Алдар да, Көсе де, Аяр, Қу бала да өзінше түрлі-түрлі мазмұн мен пішінді бейнелейді. Бірде өмірден безіп дуана, дервиш пішінінде, кейде ақылды, данышпан, мәртебелі ұлы адам бейнесінде көрінсе, "Қырық көсе" аңызында сиқырлы, залым кісі, жағымсыз кейіпкер бейнесінде беріледі.
Қожанасыр – Алдар көсемен қатар жүретін күлдіргі бейне. Бірақ екі бейненің халық танымында сомдалуы мен күлдіруінде айырма бар. Халық Алдар әңгімелерінде басқаларды Алдар арқылы мазақтатып, өшін алып отырады. Қожанасыр әңгімелерінде өзі аңғал, аңқау, әпенде болып көрінеді. Қожанасырдың аңқаулығының ар жағында тапқырлық пен қуақылық, ащы мазақ пен мысқыл тұрады.
Түркі халықтары мәдениетіне ортақ бейнелердің ішінде Тазша бала бейнесін атап айтуға болады. Бұл ортақ бейненің әр түркі халықтарында өз атауы бар, мысалы, түріктерде Келоғлан, қазақтарда Тазша бала; әзірбайжандықтарда Кечел, Кечел Мехеммед, Кечел Жиен; керкүкте Кечелоғлан; түрікмендерде Келдже Батыр; Қырымда Тазбала; Алтайда Тас, Тастарақай сияқты аттары бар. Сонымен бірге грузиндер "Таз басты қаз шопан" атауы осы Келоғлан бейнесіне қатысты қолданған. Немістерде "Гриндкопф/Голденер" деген кейіпкерлердің Келоғланмен кейбір ұқсастықтары байқалады.
Тазша бала – басы таз (айна тақыр) жасөспірім. Тазша дегенде көз алдымызға басында тақиясы бар көзге қораш, елеусіздеу шынашақтай баланың кейпі елестейді.
Тазша бала тапқыр, қу-айлакер кейіпкерлер қатарына жатады. Халықтың оны тазша таздануы физиологиялық құбылыс. Тазша бала "Қырық өтірікте" мұздың үстіне құрығын, қамшысын, пышағының қынын шаншып, биіктетіп, жан-жаққа қарайды. Темірқазықтың ар жағында жайылып жүрген құлынын көреді. Ғажайып фантазияның, тебеннің арқасында Тазша бала өз дегеніне жетеді. Тебен-магнит екенін Тазша бала қалай білді? Бұл жерде халықтың физикалық құбылысты аңғарғанын байқауға болады.
Профессор А.Машанов осы фантастикасының құдіретін былай деп түсіндіреді: фантазия – тебенде. Тебен – магнит. Ал магниттің қандай құпия қасиеті барын қазіргі ғылымның өзі әлі күнге дейін толық шеше алмай отыр". Ғалым А.Машанов Тазша баланы бұл әрекетіне қулық, айлакерлік деп қарамайды, ақылды, дана деп қарайды. Тазша балаға қатысты өз ойын фантаст-жазушы Абдул-Хамид Марқабаев: "Бізге керегі – атам заманда қазақтың көрер көзге қораш бір баласының аузынан бүгінгі таңдағы, ғылым мейлінше шарықтап өсіп, қарыштап кеткен заманда адамды ойландырып тастай фантастикалық идеяның шығуы. Осыған қарап, мен қазақтың тұңғыш фантасы – осы Тазша бала дер едім" [9] деп түйіндейді.
Хаккы Өзканның "Келоғлан ертегілері" атты кітабында Тазша баламен байланысты ескі ертегісі берілген: "Келоғлан ертегілері" және "Келоғланның сиқырлы сыбызғысы". М.Шахиннің жинақтаған "Келоғлан ертегілері" атты кітапта Тазша баламен байланысты ертегілер берілген. Автор кітаптың басында қысқаша Тазша жайлы мәлімет бере отырып, оны "Түрік халық ертегілерінің ең сүйкімді кейіпкерлерінің бірі…" дейді де, "Тазша бала көне Түріктердің "атсыз" деп ортаншы баласына берген есімі" деген бір көзқарасты алға тартады [10].
Сонымен Тазша – қуақы, күлдіргі, тапқыр, бала ғана емес, магниттің, тебеннің қасиетін білген кейіпкер деп атауға болады. Қарабайыр айлакер-қулықтың астарында ежелгі мифтік данышпандық жатқанын ескерсек, фольклорлық кейіпкер Тазшаның құпия да киелі танымға ие пенде екенін анықтауға болады. Ғалым Б.Тілеубердиев Тазша концептісінде "қазақ халқының дүниетанымдық, мифологиялық, этникалық танымдары мен көзқарастары сақталған" деген қорытынды жасайды [11].
Алдар Көсе, Жиренше, Қожанасыр туралы ертегілік аңыздардың қарақалпақ нұсқалары кездеседі.
Удмурд ертегілерінде Алдар Иван, Алдар ағай, Иван Алдаров дейтін персонаждар бар. Ал түрік фольклорында Алдар көсе бейнесі жоқ.
Мұндай күлдіргі бейнелер қатарына шор халқының пор Мукалай деген кейіпкерін алуға болады: пор /вор сөзі шор тілінде ұры мағынасынан басқа, қу, ұятсыз, суайт мағыналарының синониміне айналып кеткен. Мысалы пор Мукалай "қу" (тау иесі және аңшы) деп кездеседі.
Қорытындылай келгенде, Қожанасырдың өмірі жайлы деректер Селчук империясы дәуіріндегі Анадолының этнографиялық ерекшеліктеріне өте жақын болғандықтан осы деректерді негізге алуымыз қажет.
Қожанасыр бейнесін зерттеуде Еуропа ғалымдары да өз үлестерін қосқан. Алайда оның шын бейнесін зерттеу үшін тек ғана тарихи тұрғыдан қарап, Қожанасырдың мазар тасына, есім ұқсастықтарына тоқталумен, шежіресін іздеумен шектеліп, жорамалдап айтып келген. Бұл әдіс пайдасыз ғана емес, қазіргі таңда жарамсыз болып табылады.
Алдар көсе туралы әңгімелердің мазмұны, тақырып жағынан Қожанасыр әңгімелеріне жақын тұстары көп болғанымен, өзіндік ерекшеліктері бар екендігі анықталы дәлелдер келтірілді.
Тазша бала бейнесі тек ертегілерде ғана емес, халық әдебиетінің басқа да анрларында кездесіп, халық сүйіспеншілігіне ие болған. Кейбір фольклортанушылардың "Тазша бала бейнесі тек ғана түріктерге тән" пікірінің қате екені дәлелденді.
Тек қазақ фольклорында емес, бүкіл шығыс халықтарының ауыз әдебиетінде интернационалдық кейіпкерлер дәрежесіне көтерілген Қожанасыр мен Алдар көсені типтік образ деп атаған дұрыс.
Алдар көсе мен Қожанасыр өзбек ауыз әдебиетіндегі Афанди, Хожа Насреддин, түрік фольклорындағы Насреддин Хожа сияқты күлдіргі кейіпкерлердің бейнелері бір-біріне қайшы келмей, қайта бірін-бірі әрқашан қолдап, қашанда бір-біріне серік, бірінің атын екіншісі толықтырып отыратын образдар деп түйіндеуге болады.
Әдебиеттер:
1. Даль В.И. Толковый словарь живого великорусского языка: В 4 т. – М., 1998
2. Әуезов М. "Ертегілер". – Алматы: 1957
3. Tokmakçıoğlu E. "Bütün Yönleriyle Nasreddin Hoca". – İstanbul: Sinan yayınları, 1971.
4. N. Sevin, 1965
5. Қортабаева Г.Қ. Қазақ ономастикасы: поэтонимдердің этнолингвистикалық сипаты. – Алматы, 2013
6. Н.С. Смирнова Казахская народная поэзия. – Алма-Ата, 1967
7. Мәдиева Г.Б. Ономастика: зерттеу мәселелері. – Алматы, 2016.
8. Адамбаев Б. Халық даналығы. – Алматы, 1976.
9.Мархабаев А. Тазша баланың ізбасары// Уақыт және қаламгер. – Алматы, 1974
10. Der. Şahin M. "Keloğlan Masalları". - Ankara: Nevzat yayınevi, 1977.
11. Тілеубердиев Б. Қазақ ономастикасының лингвоконцептологиялық негіздері. – Алматы, 2007
Мақала авторы: Г.К.Кортабаева