- Негізгі бет
- Әдебиет
- Түркі әдебиетіндегі "хикмет"...
Түркі әдебиетіндегі "хикмет" жанры
Әдебиеттеі «жанр» түсінгі аясында әдебиеттің эпос, лирика, драма секілді ірі тектерінің де, олардың ішкі құрамдас бөліктері болып табылатын жанрлық түрлердің де қамтылатыны белгілі. Белгілі академик С.Қасқабасовтың берген жауабына келсек «Жанр – өнердің, әдебиет пен фольклордың, бір жағынан, жалпы, көп қырлы (универсалды) категориясы да, екінші жағынан, нақтылы категориясы. Көп қырлы болатыны – онда әр түрлі әдістер мен тәсілдер көрініс табады, ал нақты болатыны – шығарма белгілі бір жанрдың аясында жазылады.
Айтылған әрбір жанрдың өзіндік ерекшелігі, заңдары болады Шығыс әдебиетіндегі жанрлар теориясын зерттеген белгілі әдебиеттанушы И.В.Стеблеваның пайымдауынша, «жанр» ұғымы белгілі бір дәуірдегі белгілі бір мазмұн мен тұрақты түр белгілерін қамтитын, поэтикалық біртұтас жүйесі бар мәтіндер тобын біріктіреді.
Өзгермелі тарихи категория ретіндегі «әдеби жанр» ұғымының ерекшелігін айқындай түсетін кезекті анықтаманы татар ғалымы А.М.Шариповтың «Зарождение системы стихотворных жанров» атты еңбегінен кездестіреміз: «Жанр складывается веками, непрерывно изменяется, трансформируется согласно художественно-эстетическим требованиям каждой эпохи и каждой отдельно взятой национальной литературы, и, прожив долгую жизнь, если нет в нем потребности, он может и угаснуть». Аталған ерекшеліктердің барлығын дерлік қамтитын төл әдебиетіміздегі бірегей құбылыстардың бірі ХІІ ғасырда Йасауи шығармашылығы арқылы қалыптасып, түркі халықтарының әдебиет тарихында елеулі із қалдырған хикмет дәстүрі болатын.
Отандық яссайтану ғылымында бірқатар іргелі зерттеулер жасалғанымен, бүгінге дейін хикметтердің жанрлық сипаты арнайы ізденіске арқау болып көрген жоқ. Дегенмен Йасауи мұрасын әр қырынан қарастырған зерттеушілер жанр мәселесіне жанама түрде тоқтала отырып, біршама орнықты пікір қалыптастырды. Х.Сүйіншәлиев, А.Ахметбек, А.И.Пылев сынды зерттеуші ғалымдар Йасауидің дастан-толғау, дастан-қисса және сопылық эпос үлгісіндегі хикметтерін бөліп қарастырған. «Диуани хикметтегі» айтыс жанрлық түріне аталмыш тақырыпта іргелі зерттеу жүргізген ғалым М.Жармұхамедұлы ерекше назар аударған.
Ал Яссауи хикметтерінде өлең түрі ретіндегі ғазалдың қолданылғаны бірқатар авторлар тарапынан сөз болғанымен, оның жанрлық ерекшеліктерінің қаншалықты дамытылғаны жөнінде де дәйекті пікір айтыла қойған жоқ. Айтылғандардан аңғаратынымыз, «Диуани хикметтің» жанрлық сипаты төңірегіндегі ой-тұжырымдар әдетте тұтас туындыға емес, оның жекелеген бөліктеріне ғана қатысты болып келеді.
Яссауитану ғылымында елеулі маңызы бар бірегей зерттеулердің бірінің иесі А.К.Боровков «Очерки по истории узбекского языка» атты мақаласында Йасауи стилінде жырлаған хикметші-ақындар шығармашылығы туралы айта келіп, хикметтердің қалыптасқан дәстүрі бар, ғасырлар бойы өмір сүріп келген дербес поэтикалық жанр екенін атап көрсеткен болатын. Ғалымның назардан тыс қалып жүрген осы салиқалы тұжырымы біздің аталмыш бағыттағы ізденістерімізге негіз болып отыр.
Татар әдебиеттанушысы А.Шарипов те: «Түркі тілді поэзиядағы хикмет жанрының алғашқы үлгісі – Йасауи туындылары» деп тұжырымдайды. «Хикмет жанры» деген тіркес жекелеген өзбек әдебиетшілері тарапынан қолданылғанымен, әзірге бұл мәселені тарата түсіндірген, арнайы зерттеу жүргізген бірде-бір автор жоқ. Ал төл әдебиеттануында «жанр» термині қалыптаспаған түрік зерттеушілері хикметтерге қатысты әдетте «дәстүр» («геленек») ұғымын қолданады.
Шығарманың бітім-болмысын саралаудың сыртқы композиция элементтерін екшеуден басталатыны, мұндайда бірінші кезекте туынды атауына мән берілетіні белгілі. Яссауи туындысына негіз болған «диуан» және «хикмет» ұғымдарына біз алдыңғы мақалаларымызда толыққанды түсінік беріп өткен болатынбыз.
Түркі әдебиетіндегі алғашқы авторлық жинақ «Диуани хикмет» болып табылатыны, түркі халықтарындағы диуан әдебиетінің бастауында диуан поэзиясына қойылатын барлық талаптарға сай келетін аталмыш туындының тұрғаны, тариқат тағылымын танытатын хикмет ілімінің қыр-сырын жетік меңгеріп, талғампаз поэзия талабына сәйкестендіріп, дербес жанр дәрежесіне көтерген тұлға – отаншыл, ойшыл ақын Қожа Ахмет Яссауи екендігі осы мақалада түйінделген болатын.
Ендігі кезекте төл поэзиямызда хикмет жанрының қалыптасуына әдеби тұрғыдан қандай алғышарттар болды, оның пайда болу кезеңі мен ұлт әдебиетіндегі толыққанды поэзиялық түрге айналуы арасында нендей үдерістер жүрді деген сауалдарға жауап іздеп көрелік.
Яссауиге дейінгі түркі поэзиясында өлең түрі ретінде де, жанр немесе композициялық бірлік ретінде де «хикмет» ұғымы қолданылмағаны белгілі. Аталмыш ұғымның «даналық», «фәлсафа», «нақыл сөз» мағынасын білдіретін араб тіліндегі «хикма» («хикмат») сөзінен шыққанын ескерсек, жанрдың түпкі тегін де араб поэтикасынан іздеу орынды. Исламға дейінгі араб поэзиясында қасида (поэма) құрамындағы қысқа нақыл сөздер «хикма» деп аталған. Дегенмен қоғамдық тәртіп нормаларын, тұрмыс даналығын, тіршілік ғибратын түйіндеп беруді көздейтін араб поэзиясындағы хикметтің жанр генезисі тұрғысынан аздаған сәйкестігі болғанымен, мерзімі жөнінен де, мазмұны жағынан да сопылық іліммен, дін-шариғат жолымен тікелей байланысы жоқ.
Біздің пайымдауымызша, Яссауиге дейін хикмет жанрында тұтас поэзиялық шығарма тудырған автор түркілерде ғана емес, араб-парсы әдебиетінде де кездеспейді. Хикметтерді өнімді қолданған ХІІІ ғасырдағы парсы ақыны Сағди Ширази туындыларының өзінде ол тек қысқа нақылдар түрінде келеді, бұл мысалдың өзі Яссауидің хикмет дәстүрі қалыптасқаннан кейінгі кезеңге тән болып отыр. Жоғарыда аталған хикмет жанрын зерттеушілер ХІІІ ғасырдағы түркі және парсы поэзиясының материалдарына сүйенген. Ал бұл бірегей үрдістің іргетасы Йасауидің жанрды қалыптастыру мен тұтастандыру жолындағы үздіксіз ізденістері, ерен еңбегі, жемісті жаңалықтары арқылы қаланғаны мәлім.
Өз дәуірінің ізденімпаз дарыны Қожа Ахмет Яссауидің бірқатар мұсылман елдерінде болып, атақты ғұламалардан сабақ алғаны белгілі. «Хорасан, Шам, Ғираққа сапар шеге» жүріп, ақынның тек дін ілімінен ғана емес, сол заманның дәстүрі бойынша ғылымның бірқатар саласынан хабардар болуы заңды. Өзі ден қойған сопылық ілімнің негізгі таралу әдісі өлең сөз болғанын ескерсек, Яссауидің араб-парсы сопылық поэзиясын терең игергені күмән туғызбайды. Жүрек тазалау, жан сезімдерін ояту, түйсікке қозғау салу арқылы кемелдікке ұласуды көздеген сопылық ілімнің табиғаты поэзияға етене жақын болатын. Ақын туындыларындағы ішкі мазмұн, көркемдік құралдар мен бейнелілік жүйе ерекшеліктерінен араб-парсы сопылық поэзиясымен тіні үзілмеген сабақтастық аңғарылады.
Яссауи өзінің поэзиялық туындыларын «хикметтер» деп атаған. Бұл тұста ақынның жоғарыда айтылған шағын көлемді жанрлық түр ретіндегі «хикмет» ұғымын ғана емес, тамыры терең, тағылымы мол хикмет ілімін де назарда ұстағаны сөзсіз. Көлемі жағынан 5–30 шумақ аралығында болып келетін ақын хикметтерінің негізгі бөлігі – сопылық сарындағы толғаулар. Басты тақырыбы – Аллаға ғашықтық. Йасауи хикметтері көбіне-көп сопы ақынның лирикалық-философиялық толғаулары күйінде, бірқатар тұстарда ғибратты оқиғалар баяны ретінде жазылған. Ақынның сондай-ақ жеке қолтаңбасын танытатын рухани кемелдену жолын сипаттаған ғұмырнамалық хикметтері де, дәстүрлі діни поэзия үлгісімен жазылған Аллаға мінәжат пен Мұхаммед пайғамбарға және оның шаһариярларына мадақ жырлары да бар. Сырт қарағанда әртүрлі көлем мен тақырыптағы үзік-үзік туындылардан құралғандай әсер қалдыратын Яссауи хикметтерінің ішкі тінінде үзілмес бірлік бар. Оқиғалы немесе оқиғасыз, дәстүрлі немесе тың үлгіде жазылған барлық хикметтерді тұтастырып тұратын біртұтас мазмұн, ортақ идея, талғаулы көркемдік құралдар, біршама тұрақтанған қалып-үлгі орныққан. Өз шығармаларын «хикмет» атауымен біріктірген ақын осы ерекшеліктерді ескерген болса керек.
Әдебиеттанушы А.Шарипов «хикмет» ұғымы аясында ғазал, мадақ, мінәжат, муназара, мураббағ сынды бірнеше жанрлық түр мен өлеңдік қалыптардың көрініс тапқанын айтады, оларға біршама түсінік беріп өтеді. Іргелі ізденістерге арқау болар соны идея ұсына отырғанымен автор аталған ұғымдарды талғауда және түсіндіруде араб-парсы поэтикасы заңдылықтарына біржақты бейімделген тәрізді. Біздің пайымдауымызша, Йасауи шығармашылығы арқылы толыққанды сипат алған хикмет жанры – аса күрделі симбиоз жанр. Оның қалыптасуы мен қабылдануын жеңілдеткен басты себеп – аталмыш жанр алғышарттарының түркі поэзиясында ежелден бар болуы дер едік. Төл әдебиетімізге түбірімен жат жанр ешбір жағдайда берік орнығып, терең тамырласып кете алмасы анық.
М. Ақан