- Негізгі бет
- Әдебиет
- Тәуелсіздіктің 30 жылдығына...
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған жыр байқауы мәресіне жетті
Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің қолдауымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған: "Жасай бер, Тәуелсіздігім, Жырлаймыз сені біз бүгін! Еңсесі биік Елордам, Ұстаған бақыт тізгінін" - атты Республикалық аламан жыр бәйгесі мәресіне жетті.
Аталмашы мүшәйраның жүлде қоры:
Бас жүлде – 3 000 000 теңге,
Бірінші орын – 1 150 000 теңге,
Екі екінші орын – 650 000 теңгеден,
Үш үшінші орын – 550 000 теңгеден.
Қазылар алқасы Қазақстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, ақын Бауыржан Жақып, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лареаты, ақын Несіпбек Айтұлы, Алаш сыйлығының лауреаты, "Жұлдыз" журналының бас редакторы, ақын Ғалым Жайлыбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, "Дарын" Мемлекеттiк жастар сыйлығының лауреаты Арман Шеризат болды.
Осы мақсатқа табан тіреген қазылар алқасы мына төмендегі ақындарды мүшәйра жүлдесіне лайық деп тапты:
Бас жүлде "Тәуелсіздікпен тілдесу" атты өлең топтамалары үшін Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, талантты ақын, белгілі журналист Олжас Қасымға;
Бірінші орын "Елордам – арман ордам" атты өлеңдері үшін, жыр әлеміне таныла қоймаған, тосын талант, Ақмола облысы Ерейментау ауданынан шығармаларын жолдаған Дәурен Бақытқажыұлына;
Екінші екі орын "Мәңгілік ел" өлеңдер топтамасы үшін Алматы облысы Жаркент ауданында тұратын жас ақын Еркін Исаханға және "Тәуелсіздік – боз жусаным" атты өлеңдер топтамасы үшін алматылық Құрманғазы Жұмағұлұлына;
Үшінші үш орын "Тәуелсіздікке тағзым" өлеңі үшін Ернұр Қайралаповқа, Нұр-Сұлтандық жас ақын Мұқият Қойшыбайдың "Еркіндікке құштармын", Нұр-Сұлтандық жас талант, мектеп оқушысы Арыстай Асылтайұлының "Ұлан сөзі" өлеңіне берілді.
Жүлдегерлерді марапаттау пандемияға байланысты онлайн форматында Нұр-Сұлтан қаласы күні қарсаңында өтеді.
Т. Раушанұлы