"Тәуелсіздік – Тәңір берген тәтті сый" атты мүшәйра жеңімпаздары анықталды

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын атап өту мақсатында "Jas Otan" Жастар қанаты мен Жазушылар одағы Семей қалалық филиалының ұйымдастыруымен "Тәуелсіздік – Тәңір берген тәтті сый" атты жас ақындардың облыстық мүшәйрасы өтті.

Талантты жас ақындарды мүшәйраға тарта отырып, шығармашылық жолдарын айқындап, насихаттау, әдебиетіміздің дамуына үлес қосуына қолдау көрсету, өлең сөздің ел рухына серпіліс беріп, тәуелсіздігіміздің нығаюына, жігерлі, табанды ұрпақтың тәрбиеленуіне ықпалын сезіндіру және патриоттық, гуманистік бағыттағы поэзияны дамыту.

Жас ақындардың өнеріне қоғам қайраткері, алаштанушы, ақын Нұрғалым Құсмила Жырғалымұлы және "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, "Жазушылар Одағы" Семей қалалық филиалының төрағасы Қарт Мерей төрелік етті.

Мүшәйра барысында "Nur Otan" партиясы жанындағы "Jas Otan" ЖҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы А. Аймұқаш:

"Біз бұл іс-шараны өткізу арқылы жастардың бойында рухани кемелденуді, қайсарлы күш пен шалқар шабытты шыңдайтын боламыз. Сондай-ақ, Елбасымыз, «Nur Otan» партиясының төрағасы Н. Назарбавтың «Болашашқа бағдар: рухани жаңғыру!» мақаласындағы басымдықты жүзеге асырудамыз. Бұл мәлени іс-шара Ұлы Абай, кемеңгер Шәкәрім, Мұхит ойлы Мұхтардың жерінде өткізілуі құбап-құп деп ойлаймын", - деп атап өтті.

Мүшайраға облысымыздағы 18 мен 35 жас аралығындағы 30 жас ақындары қатысты.

 Әділ-қазылардың төрелігімен байқаудың бас жүлдесін Бауыржан Игілік жеңіп алса, 2 -орынды Жасұлан Мақаев және Төлеутай Динара, 3-орынды Еркінұлы Қуаныш, Жақсылықов Асқарбек және Ғалымбек Дильназ иеленді. Ал байқауға қатысқан барлық қатысушылар арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Массагет порталы жеңімпаз атанған жас ақын Бауыржан Игілікке хабарласып, байқау туралы ойын біліп, бас жүлде алған өлеңін арнайы қолқалап сұрап алды:

"Нұр Отан мен Жас Отанның қолындағы қаражатты көрінген жерге емес, әдебиет пен мәдениетке жұмсап жатқаны жанымызды жылытты. Байқау соңында бұл мүшәйра жыл сайын жалғасын табады екен, ендеше жыл сайын өңірдегі жеңімпаз болған бір жас ақынға сыйлықты грант есебінде берсе, мысалы, жас ақын  миллион теңге алса, оны кітабын шығару сияқты шығармашылығы үшін жұмсайтын еді" деген пікір айттым. Сонымен қатар, барлық жеңімпаз ақындарды да шын жүрегіммен құттықтаймын", - дейді ақын.

Мүшәйрада бас жүлде алған өлең:

Отан

Селеу қабағы түксиіп,
Сырғалы талын шық сүйіп.
Көрінген тастың астынан
Көңілшек бұлақ сықсиып.
Бұта бастарын жел серпіп,
Жұпарлы аспанды теңселтіп.
Тәттімбет саусақ дүние
Табиғат күйін тең шертіп.
Құдашама ұқсап құбылған,
Сүймесем, аузым уылған.
Жынданып сүйдім серідей,
Айғыр қымыздың буы ұрған.
Барыңды сүйем мен сенің,
Бағыңды сүйем мен сенің.
Сұрапыл сүріп сынбаған,
Сорыңды сүйем мен сенің.
Отаным менің еңселім,
Отаным – күлкім, кемсеңім.
Бейнеттің бәрін мен сенің
Қабағыңменен өлшедім.
О, менің аңқау жас балам,
О, менің момын тас молам.
Сәбидей сүйіп, анамның
Ақ білегіндей жастанам.
Кіндігім, жұлын-жүйеммен,
Боздаған – қыдыр, киеммен
Тәңірлігіңе тәу етіп,
Сабырлығыңды сүйем мен.
Шырғалаң күнде бір ағам
Құл күнін жерлеп сыбаған.
Итжеккен барып иленіп,
Ирелең жолдан шұбалаң.
Ілмиіп әбден жеткенде,
Ілініп елге құлаған.
Күлдіреп кеткен ернімен,
Күлдігін сүйіп жылаған.
Көзімді дымдап бір рет,
Құдірет дегем…
Құдірет…
Туған жер ол да тағдырым
Тәңірі берген нығмет.
Тәу етем дүние жаңылып,
Аспан аясы тарылып.
Ысрафыл мініп күшіне,
Тастан да тамыр табылып,
Қиямет туып, от-күнді
Шығармайынша мағүрүп!

***

Жынды адамдай жымиямын кейде мен
Сені сағынғандықтан...
Жүйесі жоқ сөйлемдермен сөйленем
Сені сағынғандықтан...

Белге соққан жылан құсап бүктелем
Сені сағынғандықтан...
Таң алдында кірпігімнен шық терем
Сені сағынғандықтан...

Қызғаныштан қып-қызыл от күрсіндім
Сені сағынғандықтан...
Қиылуға дайын тұрған қыршынмын
Сені сағынғандықтан...

Өзім Мәжнүн, өзім Зарлық, Мұңлықпын
Сені сағынғандықтан...
Сарыаурудан сұлқ түскен құрлықпын
Сені сағынғандықтан...

Шіркеудегі Айса құсап жылаймын
Сені сағынғандықтан...
Тибеттегі тас боп қатқан "құдаймын"
Сені сағынғандықтан...

Өлсем, сыйман көрге мүлде себебі —
Сені сағынғандықтан...
Осы өмірге келгенім де сол еді
Сені сағынғандықтан...