- Негізгі бет
- Әдебиет
- Танымал қазақ тұлғаларының...
Танымал қазақ тұлғаларының бүркеншік аттары
Ақын-жазушылар мен өнерпаздардың көркем шығармалары мен өнер туындыларын бүркеншік есімдермен жариялауы бұрыннан бар үрдіс. Оның бір себебі мәжбүрліктен болса, екінші себебі кей авторлар есімін көрсеткісі келмейді. Кейде «осы туындым қалай екен, ел алдында байқап көрейін» деген өзіне сенімсіздік те болады. Мысалы, Абайдың алғаш өлеңдерін Көкбай ақын атынан жариялауы бүркеншік ат пайдаланудың бір түрі.
ХХ ғасырда қазақ ақын-жазушылары мен ағартушылары патшалық саясатқа байланысты бүркеншік ат пайдалануға мәжбүр болды. Соның бірі – Бейімбет Майлиннің ең көп бүркеншік аты болған екен. Оның бізге дейін жеткен 74 есімі бар. Бүркеншік есім кейде көптеген авторлар бірігіп жазған туындыға не мақалаға да беріледі. Қазақ тарихында «Екеу», «Үшеу», «Төртеу», «Бесеу» деген бүркеншік есімдер кездеседі.
Әлем әдебиетінде де бүркеншік есімдер жиі қолданылады. Кейде қаламгерлер сол бүркеншік атымен әлемге танылады. Мысалы, Нобель сыйлығының иегері Моя Яньның есімі – Гуань Мое екенін екінің бірі біле бермейді. Әлемге әйгілі жазушы О.Генридің шын аты – Уильям Сидни Портер. Бірақ ол О.Генри есімімен танылды.
Қазір де қазақ әдебиетінде бүркеншік аттар қолданылады. Ақын-жазушыларға хабарласқанымызда олардың көпшілігінде мұндай ат жоқ болып шықты. Ал кейбірі байқау-мүшәйра немесе жас кезінде қолданғанын айтты.
Мысалы, танымал ақын Ақберен Елгезектің бүркеншік аты – «Мұңлы полковник», белгілі жазушы Өміржан Әдіхалықұлының бүркеншік аты – «Таған», ақын Ерлан Жүніс – «Оғлан» атын пайдаланған. Ал, ақын Қайсар Қауымбектің бүркеншік аты – «Алшын Матай».
Танымал қазақ тұлғаларының бүркеншік аттары
Шәкәрім Құдайбердіұлы кейбір шығармаларының астына: “Ұмытылған” деп қол қойған;
Әлихан Бөкейханов өзінің бірқатар зерттеу, мақалаларындағы аты: «Қыр баласы», «Арысұлы», «Қалмақбай»;
Мұхтар Әуезов: «Қоңыр», «Найман», «Жаяусал», «Айғақ», «Бөрте-Матай»;
Ілияс Жансүгіров: «Найман баласы», «Матай», «Қаптағай»;
Міржақып Дулатов: Мадияр, Таймінер, «Азамат Алашұлы»;
Бейімбет Майлин: «Малай», «Мен», «М-и», «М. Б.», «Мереке», «Мырқымбай»«Балықшы», «Жалшы», «Жолаушы», «Інісі», «Көз», «Тай», «Шоң», «Қайдауыл», «Тілші»
Сәбит Дөнентайұлы: «Жетім», «Сәбит», «Шәкірт», «Іс», «Жаналин Сәбит», «Жаналин».
А. Оралқызы