Таласбек Әсемқұлов жазушы, сыншы, мифолог, кинодраматург, күйші. 1955 жылы 1 тамызда Семей облысы Аякөз ауданы Ақтоғай теміржол стансасында дүниеге келген.Бүгін қазақ сынына тың өзгерістер әкелген сыншы, жазушы Таласбек Әсемқұловтың туған күні. Көзі тірі болғанда қаламгер 63 жасқа келер еді. Назарларыңызға жазушының әр жылдары жазылған сыни мақалаларынан үзінді беруді жөн көрдік. * * * Біздің ойымызша қазақ әдебиеті, дамуға ұмтылған барлық әдебиет сияқты, Батыс мәдениеті салған сара жолға түскен болуы керек. Батыс Еуропа тарихына жүгінер болсақ, көптеген ақылға сыймайтын жайттарға куә болар едік. Бізде көп жұрт үздіксіз дамуды үздіксіз гүлдену деп түсінеді. Ал шындығында олай емес. Өнер болғаннан кейін даму керек.Көпшіліктің талғамымен жұру қарабайырлану, өлу деген сөз. Алайда, индивидуалистік жолмен жүрген өнер өз дамуында шыңға шығады да... қалың көпшілікке түсініксіз болып қалады. Шопенгауэр мен Ортега-Гассет айтқан дамудың парадоксы дегеніңіз осы. Не істемек керек? Ал бұл екі ортада көңіл көтерудің индустриясы қарап тұрмайды. Халыққа түсінікті әдебиет пен кинематографты тудыра қояды. Өзінің үмбетінің лас мәдениетке жүгінгенін көрген эстет-жазушы өзінің кірпияз өнерінің тереңіне одан сайын терең шомады. Міне, осылайша оқырман мен жазушының арасында өткел бермес терең ор қазылады. Енді осы ситуация бізге де келген сияқты. Идеологияның диктатынан құтылған, ождан бостандығы, дін бостандығы, т.т. толып жатқан бостандық алған қазақ оқырманы бүгінде шетелдің әдебиетін игеріп жатыр. Қазақ қаламгері мен қазақ оқырманы арасындағы контакт үзілген сияқты. Біз әдебиет тарихына айналып бара жатқан сияқтымыз. * * * Бірде сондай бір әдеби қарияны Қаламгер кафесінде алқалап, рюмкесін дәміл-дәміл толтырып, қызмет қылғанымыз бар. Сонда буын-буыны босап, елжіреген қарт, үйсіз жүрген жастардың әңгімесін, Оны қоя тұрындар, деп қайырып тастап, - Біле-білсеңдер Хэмингуэй... деп бір өнегелі әңгіме бастады.Бұрын да білетін едік, әйтсе де бүкіл әлем жұртшылығы білетін әңгімеге құлақ түрдік. Хэмми көп қиыншылық көріпті (оның көрген қиыншылығы біздің мына бүгінгі жастардың панасыздығын ақтайтын сияқты). Пивнушкада (дәл осылай деді) тұрып жазыпты. Содан, күндердің күнінде талмай еңбек етіп жүріп батыс әлеміне танылыпты, байыпты, пәленбай вилла салдырыпты, яхтасы болыпты. Сонда, жарықтық Хэмми, деді әдеби қария көзіне жас алып отырып, Сонша мол байлықтың ортасында бәрібір орындыққа отырмай тұрып жазады екен. Баяғы пивнушкадағы әдеті ғой. Кейін шетелде де болдық, пивнушканы да көрдік. Күні бойы, түні бойы отырсаң да ешкімнің шаруасы жоқ. Пивнушканың үстінде пәленбай қабат мейманханасы бар. Ай жатасың ба, жыл жатасың ба, соқа басың ба, әлде үйелменіңмен келесің бе ешкімнің шаруасы жоқ. Ол жақтың бір кереметі жамбас ақының ақылға сиымдылығы. Орыстың кемпірлері сияқты пәтер ақыны ойша белгілей салмайды, қалыпты баға, оны қадағалап отыратын полиция бар. Және бұл өркениетті Батыстың нағыз өзі емес, бергі жағы, дамымай қалған шалғайы болып саналатын Босния-Герцеговина еді. Әрине, бұндай пивнушкада отырып біздің де жастар жаза алар еді деп ойлаймын. Шырғалаңы қиын шеңбер * * * Кітапты өртегеннен де өтіп кеткен ауыр қылмыс бар. Ол кітапты оқымау депті Иосиф Бродский. Бұған кітапты оқымаудан да өтіп кеткен ауыр қылмыс бар, ол оқыған кітапқа пікір айтпау деп қосар едік. Және ең өкініштісі, бұл сұмдық дағды біздің ұрпаққа және ішінара бізден кейінгі ұрпаққа да жұғыпты. Менің бір бауырым. Бар гуманитарий. Қай сала екенін айтпаймын, себебі ол менің айтқан әңгімемнен өзін танып қоюы мүмкін. (Мен бұл жерде бір адам жайында емес, ұлттық мерезге айналған дағды жайында айтып отырмын.) Сұлу ат сияқты ізетті. Қысқа мерзімде кандидат болды, доктор болды. Жақын болашақта академик болып қалуы да ғажап емес. Әйтеуір алаштың бір баласы ғой, өсе берсін. Бірақ осы бауырым біртүрлі қызық. Кірпияз бекзаттығы мен мәдениеттілігі сондай, өзіне не керек екенін түсінбейсің. Ешқашан анық пікір айтпайды. Үнемі дзэнбуддашыл монахтар сияқты қашыртып, жұмбақтап айтады. Мағынасына жетіп көр. Таяу арада осы Астанада өткен бір наурызда дастархандас болып қалдық. Өлшеулі құрмет, екшеулі ізет. Бір кезде отырып Егемен Қазақстанға сіздің бір мақалаңыз шығыпты. Бәленше, жақсы мақала деп мақтап отыр. Тауып оқимын деді. Егеменге менің, әліпбидің ауысуына байланысты жазған Әріптің тағдыры атты мақалам шыққан. Бауырым соны айтып отыр еді. Сол жерде визиткамды бердім. Телефон алмастық. Бауырым сол күйі ізім-қайым жоғалды. Білем, мақаланы оқыды. Бірақ пікір айта алмайды. Ал егер мен оған телефон шалсам, жауабының дайын тұрғанын білем. Оқығам жоқ! Оқығам жоқ.. * * * Біз қолымыздан келгенше бақытсыз болуға тырысамыз. Адамдар өзін сырт көзбен көре алмайды, көре алатын болса, өздерінің осы қалпына күлер еді. Адам бар ақыл-ойын осы бақытсыздыққа жету жолына жұмсайды. Өмір адамға екі мүмкіндіктің екеуін де берген. Күн мен түнді де, гүл мен тікенекті де. Барлығы сіздің таңдауыңызға байланысты. Таңдаудың кереметі сонда, егер де сіз тікенекті таңдасаңыз, күндердің күнінде тікенектен басқа ештеңе де жоқ екенін көресіз, себебі, сіздің санаңыз осыған ғана үйренген. Бұ дүниеде тікенектен басқа гүлдің де бар екені, түннен бөлек күннің де бар екені әрине, ойыңызға кіріп те шықпайды. Ақиқат жолындағы адамның жалғыз ғана қазынасы сабырлы жүрегі. Мумин ғана ақиқатқа жете алады. Бұл менменнің қолынан келмейтін іс, себебі, эго пенденің жолындағы ең үлкен кедергі, ол сізді болмыстан бөліп тұр. Эгоның салдарынан сіз дүниеден бос қалдым деген сананың соңына түсесіз. Бірақ сіз ешқашанда дүниеден бөлек емессіз, сіз жеке арал емессіз, сіз ұшы-қиыры жоқ құрлықтың бір бөлігісіз. Жоқ, мұның өзі жетімсіз сөз, сіз сол құрлықтың өзісіз. Эго сізге құлазыған жалғыздықтың санасын дарытады, осы жалған сананың салдарынан сіздің жүрегіңіз біртін-біртін біржола жабылады. Өз-өзіңізге тұйықталғаныңыз сондай, күндердің күнінде күн мен айды, тұңғиық аспанды, жел менен жауынды да көрмейтін боласыз, дүниеден біржола қол үзесіз, тірідей көрге түсесіз. Және қайда жүрсеңіз де, өзіңіз тудырған көрлеріңіз өзіңізбен бірге жүреді. Бұл көрлер көзге көрінбегенмен мәңгі жаныңызда. Адамдар бір-біріне байланғаннан басқа ештеңені білмейді. Бірақ сіз басқаға жармасқан сайын, ол сізден қашады. Неге? Себебі, бостандық сезімі, азаттық түйсігі адам жанымен бірге жаратылған. Азаттық аңсары басқа сезімнің барлығынан биік, барлығынан терең. Сондықтан сіз азаттықтың жолына махаббатты да шаласыз, бірақ азаттықты ешқашан құрбан ете алмайсыз. Міне, адамның барлық уақыттағы қасіреті осыдан келіп шығады (себебі, байырғы адам, қазіргі адам деген жоқ, адам өзінің рухани негізінде бір-ақ адам). Біз заттарға, адамдарға, белгілі бір көзқарасқа, қысқасы, бәріне байланамыз, ақырында байлану өнерге, өмір салтына, бәсекеге айналады. Бірақ байланған сайын қасіретіміз де ұлғая түседі, себебі, өмір бір орында тұрмайды, тіршілік үздіксіз қозғалыс үстінде болмыстың заңы осы, тіпті бір-бірінен кейін келген екі сәт бірбіріне ұқсамайды. Алтын күннің қызарып қалай батқанын тамашалаңыз, бірақ байланбаңыз, себебі, ол сурет емес тірі дүние. Артынан түн келеді. Түннің өз сұлулығы бар. Бірақ байланған пенденің ақымақтығы сондай ол осы кештің мәңгі тұрғанын қалайды, осы кешті жоқтайды, аһ ұрып отырып, қара барқыт түнін, жұлдыз жапқан сұлулығын байқамай қалады. Абайдың ұлы жұмбағы * * * Менің ұғымымда талғам адамның эстетикалық ар-ұяты. Әрине күнделікті өмірдегі, тұрмыстағы ар-ұяттан айырмашылығы, талғам ерекше тәрбиеден, қалыптасудан өткен ар-ұят. Одан ары баратын болсақ, талғам сананың дамыған ең нәзік түрі. Кеше ғана басымыздан өткен, бүгінде тарих еншісіне айналып бара жатқан қоғамдық формацияда басқаға орын болса да, талғамға орын жоқ еді. Кеңестік жүйе талғамы жоқ, тұтас адамзат нәсілін тәрбиелеп өсіріп шығарды. Бұл жерде мен Батыс әлеуметі бұл тарапта бізден үстем шықты деп отырған жоқпын. Дегуманизация, масскульт бүкіл әлем мәдениетіне тән құбылыс. Талғамсыз адам бүкіләлемдік тұлға! Әрине, біз (мен бұл жерде өз замандастарымды айтып отырмын) бақытсыз ұрпақпыз. Гертруда Стайнның сөзімен айтсақ, жоғалған ұрпақпыз. Себебі, біз өзіміздің бақытсыз ұрпақ екенімізді сезінбедік. Ал бұл екі есе бақытсыздық. Алайда, мәдениет тарихы бір ұрпақтың ғұмырымен шектелмейді. Біз өзімізден кейін де өнер бар екенін, көкорай шалғын болып өсіп шыққан жаңа ұрпақтың да өзіндік айтары бар екенін, олардың бізге ұқсауы шарт емес екенін, оның өз қамы, өз түйсігі бар екенін, содан соң жаңа түйсікті, жаңа танымды бейнелеу үшін бұрынғы тілдің мүкіс екенін мойындауымыз керек. Жаңа, жас ұрпақтың рухани ізденістеріне құрметпен қарауымыз керек. Талғам эстетикалық ар-ұят. * * * Абайдың мистикасын талдау қиын. Талдаудың қиындығы оныңтүсiнiксiздiгiнен емес. Бұл жерде Абай көп ақыннан анық.Мәселенiң қиындығы, Абайдың мистик ретiнде адамзатұмытып кеткен, ақиқаттың көне жолдарымен жүретiндiгiнде.Ең оңай ең қиыны деген қағида бар. Абай қайыра тапқандаңғыл жолдың бiз үшiн әлi күнге дейiн түсiнiксiз болыпотырғандығы осыдан. Аюп һәм Абай