- Негізгі бет
- Әдебиет
- Таласбек Әсемқұлов Асқар...
Таласбек Әсемқұлов Асқар Сүлейменов туралы
Асекеңнің (Асқар Сүлейменовтің) бұл дертке қашан шалдыққанын білмеймін. Әйтеуір, күндердің күнінде оң бүйірін ұстап ауырсынып отырып қалатынын жиі байқай бастадым. Содан соң, онсыз да ашаң адам, еті торалып жүдей бастады. Үйден шықпай жатып қалатын болды. Ауруханаға көп баратын болды. Соңғы кездесулеріміздің бірінде тәкаппар тұлғаның аурудан еңкейіп еңкіш тартқанын көріп жүрегім шымыр ете қалған. Асекең көп жөтелді. Гавана сигарасын үгітіп салатын өзінің әйгілі хош иісті қорқорын да тарта алмады. Тұтатуын тұтатып, содан соң алыстау қойып қойған. Бірақ сөзі түзу.
— Қияметке тақағанда, адам өзінің қашан және қалай басталғанын көп ойлайды екен, — деген еді Асекең ауырсынып отырып. — Мен адам ретінде, әрине, қазақтан басталдым. Сол себепті елім туралы, оның өткені мен кеткені туралы көп ойлайтын болдым.
Екеуміз де үнсіз қалдық.
— Сіз менімен қоштасып отырған сияқтысыз, — дедім мен.
— Иә, қоштасып отырмын, — деді Асекең.
— Мен сізді ешқашан ұмыта алмайтын шығармын, — дедім мен.
— Рахмет, — деді Асекең сәл мұңайыңқырап, — Адал көңілің үшін. Бірақ... небір дегдарлар мен кемеңгерлер өлгенде де қазақтың шаңырағы ортасына түскен жоқ. Біз Мұхаңның да өлгенін көрдік. Сәбең мен Ғабеңнің де дүниеден қалай өткенін көрдік. Қамықтық. Бірақ еңсемізді көтердік. Себебі ағаның өлімі ініге жаңа міндет артады. Егерде сендер біз бұл фәниден кеткеннен кейін қырық жыл қайғырып, дүниеден баз кешіп кететін болсаңдар, онда нашар шәкірт болғандарың. Өлген өледі, тірі кісі тіршілігін істейді. Ең бастысы — іс ары қарай жалғасуы керек.
Кенет... бағанадан бері ауырсына бүгіліңкіреп отырған адам шалқая бере күлген. Баяғы Асекең алдымнан жарқ етіп шыға келді.
Әсет Ақмолданың Facebook парақшасынан
А. Оралқызы