Сыншылар ағылшын Бодлері атап кеткен Суинберн Викториан әдебиетінің шекарасын едәуір кеңейткен адам. Де Сад, Готье мен Бодлерді сүйіп оқитын Суинберн ағылшын әдебиеті (XVIII ғасырдан кейінгі уақытта) жоғалтып алған ашықтықты қайта әкелді, - деп жазады Камилла Палья. Оны Зұлымдық гүлдерінің авторымен салыстыру орынсыз емес. Деканданспен тынымсыз күрескен М. Нордау бұл екеуінің арасындағы ұқсастықты елден бұрын танығандардың бірі. Ол Суинберннен Бодлерге тән демонизм, азап шегу, дерт пен қылмысқа деген әуестік байқалады- деген екен. Суинбернге қатысты Деканденттік ақын деген атақ пен репутация оның Поэмалар мен балладалар (Poems and Ballads, 1866) аталатын жинағының алғашқы томы шыққан сәттен-ақ қалыптасып үлгерді. Оқырман жаңа шығармалардан Зұлымдық гүлдеріндегі өз дертінен, дертті күйінен рахат алу қасиетінің әлдеқайда күрделі түрін байқады. Бұл жинақтың жарыққа шығуын О. Бардет Аралдықтар үшін аса қауіпті келетін жойқын күшті толқынмен салыстырды. Суинберн өлеңдерінде оқырман талғамына сай келуге тырыспады. Әрине, ол туындыларының ой-өрісі тар көрбілте, консерватизм құрсауынан шықпаған, санасы дәстүрлі дүниеден өзгені қабылдамайтын тоғышарлар қабылдауына қиын болатынын білмеуі мүмкін емес. Оның үстіне өз Бальзагы мен Готьесі жоқ ағылшын қоғамы мұндай мақамдағы туындыларға дайын емес еді. Жинақ әу бастан succs de scandale (ағылшынша success from scandal) сипаттамасына сай XIX ғасырдың соңғы онжылдығында Викториан әдебиетін сілкінткен көркемөнер саласындағы жанжалдар дәуірінің алғашқы толқыны болуы тиіс еді. Рамон Касас. Жас декадент (1899) Ақынның замандасы, XIX ғасырдағы ұлы ағылшын ақындары (The Greater English poets of the Nineteenth Century, 1907) атты кітаптың авторы Уильям Пейн Чайльд Гарольдтан кейін дәл Поэмалар мен балладалар жинағының бірінші бөліміндей қоғамның қатал сынына ұшыраған кітап болмады. Мыңдаған жастар оның әр жырын жатқа білетін және қай ортада болмасын бір біріне оқып беруге құмар еді,- деп жазған болатын. Әсіресе, пуритандық моральға қарсы декаденттік өлеңдері үлкен обструкцияға ұшырады. Laus Veneris, Долорес, Гермафродит, Анактория, Гесперия, Алапес, Прозерпине гимні, Итилий, Фаустина аталатын жырларында автордың қауіпті әйелдер образы (femmes fatales)һәм де Садқа деген әуестігі мен христиандық сенімге ашық қарсылығы көрініс табады. Прозерпина. Суретші-прерафаэлит Данте Габриэль Россеттидің 1874 жылы салынған картинасы Крис Снодграсстың ойынша, Суинберн фундаменталды табуларды саналы түрде бұзу арқылы тыйым салынған салаларға баса көктеп кіргені үшін оған қатысты heroic criminality принципін қолдануға болады. Осы арқылы ақын өз замандастарын есінен тандырса, 90 жылдардың декаденттерін өз шығармашылығына табынарлық дәрежеге жеткізді. Суинберн тым нәзік сезімталдық, қауіпті сұлулық, ессіз құштарлық сынды сюжеттерге елітетін. Өз заманының қоғамында адами құндылықтар деградацияға ұшырағанына, сезім мен сананы байланыстыратын жіп үзіліп, жан мен эмоциялар үйлесімі жойылғанына көзі жеткен ақын ежелгі аңыздардан Ібілістің іздерін (Бекторының сұлулығын) іздейді. Оның сүйікті кейіпкерлері де Венера, Сапфо, Федра, Прозерпина, Долорес, Фаустина. Ақынның әрбір өлеңінен пұтқа табынушылық құндылықтары мен христиан түсінігіндегі күнә ұғымдары арасындағы қарама-қайшылық байқалады. Венера Вертикордия. Суретші-прерафаэлит Данте Габриэль Россеттидің картинасы Ол өз поэзиясына қауіпті әйелдер иконографиясын тұтас жиып алғандай. Ағылшын әдебиетінде әйелдерді Зұлымдық пен Өлім символы ретінде қолдану осы Суинберннен басталады. Әр өлеңінде әйел қауіпті, күнәһар, азғындаушы секілді барлық ипостасьта көрсетіледі. Суинберннің бедеу әйелдерінің келбеті Сфинкстің өлі сұлулығындай, ал өздері Бодлер поэзиясындағыдай қан ішкіш вампирмен бірдей. Марио Праз Суинберн әйелдері туралы: Олар шынайы адамнан емес, идолдан, сана елесінен алынған жаратылыстар,- дейді. К. Снодграсс та Суинбернның сүйікті кейіпкерлері Венера, Долорес, Фаустина адамға тән қасиеттері бар жер бетінің жаратылыстары емес, ғарыштық фигуралар, жабайы құмарлық символдары - деген пікір айтады. К. Савельев. Алджернон Чарльз Суинберннің поэтикалық мұрасындағы декаденттік көркемдіктің табиғатыАударған АйымгүлГалиева