Шымкент қаласында “Мәртебелі поэзия мінбері” атты рухани бағдарлама бастау алған болатын. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Абай және ХХІ ғасыр” мақаласында “Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өту той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек” деген болатын.
Осы тұрғыда қайырымды қала тұрғындарын рухани азықтандыру мақсатында әр жұма поэзия күніне арналмақ. Шараға ТМД елдері мен республикаға танымал белгілі ақындар арнайы шақыртылып, мінберде ой мен сезімнен туындаған парасатты жырлар оқылмақ. Апта сайын өткізілетін осынау рухани шара Ұлы Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін оқумен басталатын болады.
Поэзия күнінің алғашқы қонағы жазушылар Одағының төрағасы, ақын, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Есдәулет болды.
“Отырар” кітапханасында өткен поэзия кешінде қаламгердің өлеңдері оқылып, шығармашылығынан кітаптар көрмесі қойылды.
Поэзия кешінің салтанатты ашылуында сөз алған қала әкімі Ерлан Айтаханов аталған шараның мән-мақсатына тоқталып, рухани байлық-адамгершілік негізі екенін атап өтті.
“Бүгінгі күннің өзекті мәселесі жас ұрпаққа-адамгершілік-рухани тәрбие беру. Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал, үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Осы тұрғыда аталған рухани бағдарламаның ұрпақ тәрбиесінде алар орны зор болады деп сенемін”, - деді Ерлан Қуанышұлы.
Шаһар басшысы өз сөзін Ұлы Абайдың бір шумақ өлеңімен қорытындылады.
Поэзия кешіне көршілес Өзбекстан Республикасынан делегаттар мен елімізге белгілі Мархабат Байғұт, Ханбибі Есенқарақызы сынды ақын, жазушылар, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.
Онда студент жастар мен мектеп оқушылары Абай Құнанбайұлының өлеңдерін жатқа айтып, қара сөздерінен үзінді оқыды. Бұдан бөлек кеш қонағы Ұлықбек Есдәулеттің өлеңдері де оқылды.
Қаламгер Ұлықбек Есдәулет “Қанат қақты”, “Жұлдыз жарығы”, “Аптайдың алтынтамыры”, “Ұлыстың ұлы күні”, “Ақ керуен”, “Жаратылыс”, “Жүректегі жарылыстар”, “Алтай асулары”, “Заман-ай”, “Киіз кітап” сынды кітаптар мен “Ахиллестің өкшесі” өлеңдер жинағының, қазақ тіліндегі “Ынтық зар”, “Әбілхаят” 5 томдық шығармалар жинағы мен “Семей-Невада” қозғалысының әнұраны және “Заман-ай” әні сөздерінің авторы. Ақынның шығармалары бірнеше шет тілдеріне аударылған.