Тілші Қарлыға Ибрагимова Несіпбек Дәуітайұлы, Ұлықбек Есдәулет, Әлия Бөпежанова, Әмірхан Меңдеке, Қайнар Олжай, Темірғали Көпбаев сынды азаматтардың Шераға туралы айтқан естеліктерін қағаз бетіне түсірген екен.
«ӨЗ ФАМИЛИЯҢА КӨШ!»
Шерағамыз 1980-89 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетін басқарды. «Қазақ әдебиетінің» сол кездегі кескін-келбетін бүгінде көп адам аңыз ғып айтады. Әдеби сын, өткір мақала, фельетон мен очеркгің түр-түрі, ең аяғы анекдот пен қыжыртпаға дейін табылады екен газеттен. Рахымжан Отарбаев редактордың айтуымен «Арал тағдыры – адам тағдыры» деп мәселе көтереді. Арал мәселесін жазған Рахымжан Отарбаевтың мақалалары қолдан-қолға өтіп оқылып, «Қазақ әдебиетіне» хаттар ағылып келе бастайды. Жұрттың бәрі Арал мәселесіне пікір айтып, бір сөзбен айтқанда, Отарбаевтың журналист ретіндегі «жұлдызды» сәті туады. Қаламы жүріп, жұрттың жан-жақтан қостаған пікірлеріне арқаланып кетсе керек, Рахымжан Отарбаев өз фамилиясына сыймағандай, бір күні ныспысын өзгертіпті. Нөмірге кетіп бара жатқан материалының соңына «Рахымжан Атырауи» деген су жаңа фамилия жазып, бір-екі нөмірге «Рахымжан Атырауи» болып шығып жүреді. Шераға жүмыста темірдей тәртіптің адамы ғой. Жұма күнгі кезекті лездемеде: «Әй, Рахымжан, біреуің – Атырауи, біреуің – Тарази» болып қазақтың жерін бөліп алып жатсаңдар, басқаға не қалады? Бөліну деген осыдан басталады. Қой, айналайын! Үлкен атауларды өзіңе жапсырмай-ақ, өз фамилияңа көш!» – депті жұрт алдында. Сөйтіп бірнеше күн «Атырауи» болған Рахымжан қайтадан Отарбаев болыпты.
БІР ТОП ҚАРА ҚҰЙЫН
Сексенінші жылдардың ортасында бір топ делегатпен бірге Шераға Францияға барыпты. Келіп «летучка» өткізіп жатса, Әлия Бөпежанова Францияға қызығушылық танытып: «Сапарларыңыз қалай болды? Француздар қандай екен?» – деп сұраған ғой. Сонда Шерағаң: «Француздар ашық-жарқын, жайдары, өте мәдениетті екен. Киген киімдері көбіне ашық түсті, әдемі.
Метрода келе жатқанда байқасам, біздің елден барған делегация ылғи қара кәстөм-шалбардамыз. Мойнымызға сұрғылт не көкшіл, көңілсіздеу түсті галстуктер тағып, басымызға қара шляпа киіп алыппыз. Мәдениетті көрінудің бір белгісі қара кәстөм мен қара шляпа деп ойлайтын болуымыз керек. Бір топ қара құйын сияқты бардық. Француздар бізге үдірейіп қарады.
«Бір топ қара құйын келіп кетті» деген шығар», – депті.
СӨЗ ШЫҒЫНДАМАЙ «СОЮ»
Әуез Бейсебаев нөмірге сын мақала жазып, тексертуге бас редакторға алып кірген ғой. Шераға материалын оқып, қатесін түзеп береді. Сөйтсе, сондай қате ертеңіне жазған материалында тағы шұбырып жүріпті. Байқаса, Әуез жұмысқа салғырт қарап, мақалаларын шала- шарпы дайындай салып жүр екен. Әйтпесе мықты сыншының бірі. Салғырттықтан жазуы сұйылып барады. Бір күні Шерағаң Әуездің мақаласын қызыл ала ғып түзеп, кіре беріске іліп қойыпты. Оны көрмеген Әуез Бейсебаев:
«О-о, бұл жолы редактор мақаламды түземей жіберді», – деп мақтанып, масаттанып отырса, жігіттердің біреуі: «Әуез, қабылдау бөлмесінің қабырғасын қарашы», – дейді. Әуез Бейсебаев жүгіріп барып, боп-боз боп қайтады. Жұмысқа салғырт қарап, дұрыс жазбай жүргенін Шерағаның сөз шығындамай-ақ «сойған» түрі. Әрі жұрт көрсін, сабақ болсын дегені.
«ӨЗ ТҮРІҢНЕН ӨЗІҢ ШОШЫП КЕТПЕ!»
1993 жылы бір топ қаламгер Әкім Таразидің 60 жылдығын атап өтуге Жамбыл облысындағы Билікөлге тартады. Жазушылардың көбі жолсоқты болған. Билікөлде халық қошеметтеп қарсы алып, бар ықылас-құрметін көрсетіп күтеді. Шераға бастықпын деп шікіреймейтін, жұртпен бірге, жұрттың жағдайын жасап, көңілін көтеріп жүретін адам ғой. Шаршап келген жазушылар түн ауа төсекке құлапты. Ертесіне Әкім Таразидің мерейтойлық іс-шарасы үшін бәрі ерте тұрады. Ұйқылары канбаған. Бірінің қабағында қыртыс, бірінің түрі мыж-мыж. Ұйқыларын аша алмай, жазушылар қауымы көңілсіздеу отырады. Сөйтсе, Рамазан Тоқтаров бетін шая сала, бірден айнаға жүгіріпті. Шаршаңқы ортаның ішінен суырылып шығып, «пысықсып» айнаны алып, бұйра шашын түзеуге әлектеніп жатқан Токтаровтың мұнысын байқаған Шераға: «Әй, Рамазан, байқашы сол айнадан. Өз түріңнен өзің шошып кетіп, шалқаңнан түспе», – депті. Көңілсіз, қоңылтақсып отырған жазушылар ду күліпті.
ЛИ ҚАЙДА?
«Қазақ әдебиетінде» кезекті «летучка». Фототілші Сайлау Пернебай жиналысқа кешігіп келеді. Келсе, Шерағаң мұрты едірейіп, көзі ақшиып, тістерін шақұр-шұқыр шайнап, үстелді қайта-қайта тоқпақтап, «Ли кайда?» – дейтін көрінеді. Ешкім үндемейді. Бәрі бастарын салбыратып, іштерінен тынып отыр. Жан-жағына барлай караған бас редактор тағы да: «Ли қайда, ойбай, Ли қайда?» деп айғайлайды. Осылай біраз уакыт созылады. Шераға айналып келіп «Лиді» сұрайды. Түкке түсінбеген Сайлау:
– Шераға, сіз еш ренжімеңіз. Бірақ, бір кәріс үшін бар қазақты қыратындай не болды сонша? – депті. Ашуға әбден булыққан Шерхан Мұртаза кабинетінен шығып жүре береді. Жұрт күлкіге көміліп қалады. Сөйтсе, мәселенің мәні мынада екен. Газет шыққан. Бірінші бетінде «Республика» деген сөзге құралған тақырып тұрған. Бас тақырып. Сол бас тақырыпта қате кеткен де, «республика» сөзі «респубка» боп кеткен ғой. Шерағаңның арыстандай ақырып «Ли қайда?» деп отырғаны сол екен.
Сол шыққаннан Шерағаң далаға беттейді. Есіктің алдында бір кісі темекі тартып тұр екен.
– Әй, темекің бар ма? – депті.
– Шераға-ау, сіз шылым тартпайтын едіңіз ғой десе:
– «Мына Сайлаумен жұмыс істесең темекі емес, аттың тезегін шегесің, аттың тезегін», – дейтін көрінеді ашудан дір-дір қағып…
«ҚАЗАҚСТАННЫҢ БҮКІЛ ЕРКЕГІ ЖЕРГЕ ҚАРАП ҚАЛМАЙ МА?»
«Қазақ әдебиетінің» редакциясына бір кісі арыз айтып келеді. Шераға әңгімесін тыңдаса: «Сүйіп қосылған жарым еді. Дүние-малымыз да, арман-сырымыз да ортақ еді. Әйелім мені тастап кетті», – деп шағыныпты әлгі жігіт. Әйелі тастап кеткесін өмірдегі бағыт-бағдарын, ақылын жоғалтып алғандай болған болу керек, тауы шағылып күйзеле отырып, Шерағаның алдында таусыла сөйлепті. Келісінің мәнісі – басындағы жағдайды газетке беру. Әңгімесін тыңдап болғасын Шераға әлгі жігіттің бетіне тіксіне қарап:
– «Әй, қарағым, сені қатыны тастап кетті деп сонда бүкіл республикаға жар саламыз ба? Ондай мақала шығатын болса, бүкіл Қазақстанның еркегі жерге карап қалмай ма? Қой, ондайыңды, қайт аулыңа!», – деп тыйып тастапты.
СОҚА БОЛМАСА, ТРАКТОР НЕ БІТІРЕДІ?
Тәуелсіздік алған жылдары Камал Смайылов пен Шерхан Мұртаза екеуі «Егемен Қазақстан» газетінде хат жазысады. Ол әңгімелері кейін «Елім, саған айтамын, Елбасы, сен де тыңда» деген кітап болып басылды. Соған байланысты Көпен Әмірбек пародия жазады. Сол пародияны Камал Смайылов оқып, ренжіпті.
Бастауы былай екен:
– Елім, саған айтам,
Елбасы, сен де тында.
Камал дос, сен де құлақ түр,
Себебі, сен – соқа,
Ал мен – трактор, – деп Шерхан Мұртазаның атынан жазған ғой Көпен Әмірбек. Соған Камал ағамыз: «Мені соқаға, Шерханды тракторға теңепсің. Мен оған келісе алмаймын!» – деп кейіпті Көпенге. Біразға дейін өкпелеп жүріпті. Кәмекесінің көңілін жаза алмаған Шерағаң бір жолыққанында: Смайыловқа: «Кәмеке, жердің бәрін жыртатын соқа. Жердің шырайын кіргізіп, егін де егетін, құнарлы топырақтың құнын келтіріп, баптайтын да, сақтайтын да – соқа. Сізді соқаға дұрыс теңеп тұр. Соқасы болмаса, трактор айдалада бір өзі не бітіреді?!» – деп тауып кетіпті.
«СЫНАЛУҒА ДАЙЫН ЖҮРІҢДЕР…»
Жазушылар Одағында партия ұйымының жиналысы өтеді. Шерағаң ол уақытта «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы. Журналистері кілең жалындап тұрған жас жігіттер. Газеттің дүрілдеп тұрған кезі. Шерағаның бастамасымен журналистер жазушылардың шығармаларын газетте сынай бастайды. Сыналған бір топ жазушы жиналыста: «Мына Мұртазаны орнынан алу керек. «Қазақ әдебиетіне» келгелі дардай атағы бар бізді қайдағы бір «боқмұрындарға» сынатып қойды», – деп екі сағат бойы кезек-кезек сөз алып, жабыла шулапты. Жиын соңында партия ұйымының хатшысы: «Бұған Шерхан Мұртазаның өзі не дейді екен? Бір ауыз сөз берейік», – дейді. Жиналған жазушылар Шерағанды ақталады, кешірім сұрайды деп ойласа керек. Мінбеге шыққан Шераға: «Біз алған бағытымызды дұрыс деп есептейміз. Алдағы уақытта да сыналуға дайын жүріңіздер», – деген екен.
«ДИКТОР ДЕГЕНІҢ – «КУКЛА»
Шераға 1992 жылдары Жамбыл облысынан депутаттыққа түседі. Телевидениеде істеген бір диктор да Шерағамен бір округтен кандидаттығын ұсынып, депутаттыққа таласады. Өзі кезінде Шерағаның қол астында істеген, білімі таяздау журналист болса керек. Депутаттыққа үміткерлер сайлауалды халықпен кездесу өткізулері тиіс. Әкім Шерағаңа екеуіңіз бір округтенсіздер ғой, халықты екі рет шақырмай, жиналысты бірге өткізіңіздер», – дейді. Жиын өтеді. Диктор бір жағы әртіс екен. «Әртіспін, дауысым да бар, халық күніге мені тыңдайды. Танымалмын», – деп масаттанып отырса керек. Әкім сөз алып: «Мына біздің ауданнан шыққан Пәленбай Түгенбаев деген дикторды білесіздер. Дауысы керемет, өзі бір жаңылмайды. Күн сайын әлемде болып жатқан саяси окиғалардың бәрін біледі. Жілік-жілігін шығарып, аударып-төңкеріп айтады. Бәрін біледі. Сөйлегенде шаң каптырады», – деп аяғын жерге тигізбей мақтапты. Өзін жап-жас диктормен теңестіріп, ол диктордың деңгейін білмей тұра асыра мақтағанына шыдамаған Шерағаң жиын соңына қарай: «Мен бір ауыз сөйлейін», – дейді. «Телевидениенің пұшпағын біз де біраз илегенбіз. Телевидениенің тілінде диктор дегенің – «кукла». Біреудің жазып бергенін оқитын қуыршақ. Әкім мынаны бәрін керемет біледі деп мақтап жатыр. Мынау – депті дикторға қолын шошайтып, біреудің жазғанын оқып беріп, нан тауып жүрген адам. Сценарийдің барлығын Қайнар Олжай жазады. Күнделікті айтатынын өзі тауып, өзі жазса, оны өзі оқыса баяғыда пайғамбар болып кетпей ме?», – деп, бір-ақ ауыз сөз айтып, мінбеден түсіп кетіпті. Жиналыс біткесін әкімдер: «Ойбай-ау, Шераға, біз қайдан білеміз? Күнде телевизордан жаңалықты осы оқығасын бәрін біледі деп ойлаймыз ғой», – депті қипалақтап. Диктор болса деңгейін біліп, «зыптай» болған екен.
***
Әкім Таразидың мерейтойына Қалихан Ысқақ, Ұлықбек Есдәулет, Мұхтар Мағауин, Сайын Мұратбеков бар, бір топ жазушы пойызбен жол тартады. Жол бойы ақындар өлең оқып, күй тартып, ән салып, қалжыңмен қағысып, арқа-жарқа болып кетіп барады. Шерағаң да бастық екенмін демейтін, көңілді жүргенді ұнататын адам ғой. Әзіл- қалжыңы жарасып, көппен бірге көңілді кетіп барады. Байқаса жазушылардан Мұхтар Мағауин мен марқұм Сайын ағамыз бір купеде екен. Көпке қосылмайды, купелерінен шықпайды. Купелеріне тек жолсерік қана анда-санда шәй әкеліп береді. Олардың көпке қосылмағаны жазушылардың көңілдеріне тиеді. Шыдамаған Шерағаң купенің есігін сырғытып ашып кеп жіберіп: «Әй, Мұхтар, Сайын, не мына отырыстарың? Өмір мына өздерің атша мініп келе жатқан жүйткіген пойыздай өтеді де кетеді. Тымырайып бұл
отырыстарың қалай?», – деп жұрт алдында ұялтып тастапты.
«СЕН ТУРАЛЫ ЕШТЕҢЕ АЙТҚАН ЖОҚ»
Шерағаның «Қазақстан» телерадио корпорациясын басқарып жүрген кезі. Телевидениені басқарудағы қызметін «Қазақстан» телеарнасының облыстағы бөлімшелерінде мойны «былқылдаған» кадрлардан тазартудан бастайды. Облыстағы жұмыс істемейтін журналистерді жұмыстан шығарады. Арнаның Маңғыстау облыстық филиалындағы бір кісінің де өндіртіп жұмыс істеп жүргені шамалы екен. Өзі зейнет жасына жеткен. Әлдеқашан «пенсияға» кетуі керек. Ол кісі Шерағаңмен интернатта бірге оқыған екен. Орнын босату туралы бұйрық жеткесін интернаттағы досы екі өкпесін қолына алып: «Шерхан-ау, бұның қалай? Интернаттың қара нанын бөліп жеп едік кой», – деп жетіпті. «Зейнет жасына жетіпсің, орныңды босат. Жастарға жолыңды бер», – дейді Шерағаң. «Екеуміз жастымыз. 63-темін, зейнет жасына жетгім демей, сен де жұмыс істеп, бастық болып жүрсің ғой», – дейді әлгі кісі қоймай. Сөйтсе Шерағаң: «Мені бұл орынға президент жіберді. Бірақ сен туралы ештеңе айтқан жоқ», – депті.
zhasorken.kz