- Негізгі бет
- Сатира
- Есепшімді көрсеңіз......
Есепшімді көрсеңіз...
Соңғы уақытта сын әлеміне қалам тербеп жүрген жігітті әу баста әдебиетке алып келген сатира болатын. Астарында үлкен ой жататын, кезегі келсе, өткір тілімен шағып алатын, мінезі кесек болып туған Бағашардың жан жүрегі сатира деп туған. Осы бір аядай ғана дүниенің оқырман қауымға берері көп. Оқып шығыңыз! Жақсы пікір қалдырарыңыз сөзсіз!
Есепшімді көрсеңіз...
Жалақымды алғанда, құдай салмасын, жалпақ жұртқа жария етіп, өзім жұмыс істейтін газетімді мақтап жүремін. Енді ше? Еліміздің бас экономикалық газетінде жұмыс істеу анау-мынауыңызға бұйырмаған бақ. Осы ретте, өзімнің де осал емес екенімді теріскен шыққыр тіліме тиек ете кетпесем болмас. Алда-жалда, құдай сақтасын, жұмыс ауыстырып жатсам, өзіме жасаған аз-маз жарнамам ғой. Жоқ, жарнамасы жоқ екен деп қалмаңыз. Біздің ауылдан шыққан бір-екі ағам бар еді. Ар жағы енді белгілі ғой... аха!
Қолыма қалам алған соң, әйтеуір жұрт жазбай кетті демесін деп, үйімнің айналасындағы оқиғалардың бәрін тізіп, жиырма шақты әңгіме жазып қойғанмын. Тіпті, біреуі үшін, мүйізімен аспанды тіреп тұрғандай орнынан әрең қозғалатын жазушы ағаларым қатысқан додада топ жарып, жүлдегер атандым. Әй, өзім де осал емеспін. Соным жақында ғана баспадан жуан кітап болып шықты. Енді, өткен-кеткенді еске түсіріп, тағы бір кітап жазып тастап, Мемлекеттік сыйлық алуым керек. Оған шамам жетеді. Қазақ прозасына әкелген жаңалығымды да жазушы қауым түгел мойындап қойды.
Мен мақтап жүрген газет қай газет деп сұрап отырсыз ба? Қане, өзіңіз тауып көріңізші қай газет екенін? Біз – екі газет, бір журнал «Қыл қалам» деген бірлестікке қараймыз. Жалақымыз, құдайға шүкір деп сөйлейін, қазіргі нарық заманында алғы қатардағы соммаға жатады. Елу мың! Тіпті, бухгалтерияға барып, жалақы қағазыңды тексерсең, жүз мыңнан асып шығып жатады. Өзіміз елу мың аламыз. Қалған елу мыңын елу елдің қатарына қосылып алайық деп сұрамаймыз. Газетте елу адам істейміз. Жалақымыз да уақытында түсіп тұрады. Уақыты да өзімізге белгілі. Бізде бәрі елумен байланысты болғаннан кейін, басқа жұрттар отыз күнде айлықтарын шайлық етіп отырғанда, біз елу күн дегенде аламыз. Онда да, әрине, есепшілеріміздің қолы тисе. Олар – ұжымымызға өте сыйлы адамдар. Жұмыстары өте көп және ауыр болғаннан кейін жиі мазалағымыз келмейді. Кейде, екі айдың жалақысын алмай, үшінші айда бастығымызды жіберіп, сұратып аламыз. Бұл қорыққандығымыздан емес, сыйлағанымыздан. «Үлкен» адамдарға үлкен адамдар кіру керек емес пе?! Біздің мекемеде ақша аз. Бірақ соны көптей ғып, берекелі етіп ұстап отырған осы есепшілеріміз. Сондықтан көп мазаламаймыз. Басқалар неге қайта-қайта сумаңдап, есеп-қисап бөліміне кіре береді. Таңқаламын! Олардың мазасын алады ғой. Жоқ, оларды ерігіп отыр дей ме екен. Қап, ашуымды келтіріп отырғандарын қарашы! Біз әуелі қаламақымызды сұрауға ұяламыз. Жазда демалыс алып, демалысымның ақшасын сұраймын деп ұятқа қалдым. Енді, есепшілерді ашуландырмай-ақ елге қарызға онсыз да баттым ғой, тағы қарыз алып жүре беру керек еді, мазалап қойдым, соныма әлі күнге дейін ұяламын. Көрген кезімде, қайта-қайта кешірім сұраймын. Менікі әбестік болды. Алдында қаламақымды сұрап, тағы жер шұқыдым. Оны алғаныма көп болмаған. Осыдан екі жыл бұрын ғана алғам. Жалақымды алып жатып, сұрап қалып едім, аса мәртебелі бас есепшім, қабағын да шытпай:
–Осыған да рақмет айтпайсың ба? – деді. Қара жер ашылмады. Мен бірақ, ұяттан нарттай жандым. Орнымнан тұрып, далаға шығып кеттім. Сол жалақыма әлі рахмет айта алмай жүрмін. Сіз көрсеңіз, мен үшін айта салыңызшы. Рақмет!
сурет:ult.kz
Дайындаған:Фараби Арыстанбек
Л. Лига