Бірнеше жылдан бері қоғам арасында "Сәбит Мұқанов сатқын ба?" деген сұрақ дау тудырып келеді. Бұған қатысты қазір қоғамның да, зиялы қауымның да пікірі екіге жарылған. Кейінгі уақытта Сәбеңе қатысты сөз әлеуметтік желіде қайтадан гу-гулеп, әртүрлі дерек шыға бастады. Ақпараттың анық-қанығын білу мақсатында Массагет порталының тілшісі Сәбит Мұқановты зерттеуші, ғалым – Күләш Ахметоваға арнайы барып сұхбаттасты.
– Сұрақты сізге төтесінен қойғым келіп отыр. Сәбит Мұқанов Мағжанды, Сәкенді, сатып, үстінен арыз жазды дегені рас па?
– Жақсы. Төтесінен қойған сұрағыңа мен де төтесінен жауап берейін.
Жоқ. Жоқ, әрине жоқ! Керісінше, Карелияда айдауда жүрген Мағжанға жағдайын сұрап хат жазғаны үшін, Мағжанның - “Алматыға барып Орталарыңа қосылғым келеді. Мені Жазушылар Одағына мүшелікке ал" – деген өтінішін орындап, Алматыға шақырғаны үшін, пойыздан өзі күтіп алып, Мирзоянға ертіп барып көмек қолын созғаны үшін - бір де;
Cәкенмен дос, жақын араласқаны үшін – екі де;
Сәбит Мұқановтың өз басы дауға қалды. Партиядан шығарылды, Жазушылар Одағын басқарып отырған қызметінен қуылды.
Ал Сәбит Мұқановқа тағылған айып бұл – 1937 жылдың 3 қазаны.
Мағжан – Сәбит Мұқановтың ұстазы. Жерлес. Алдыңғы 2020 жылы 29.04. “Егемен Қазақстанда” жарияланған “Мағжанды ұстатқан Сәбит Мұқанов па?” деген мақаламнан соң, көзіқарақты қазақтың біраз зиялысы телефон шалып, хабарласты. Соның ішінде өмірбақи Сот жүйесінде қызмет атқарған Бекет Тұрғараев: "Мағжанның тергеу ісінің делосын оқығанын" айтты. "Мағжанның ұсталуына Сәбит Мұқановтың қатысы жоқ. Сәбит Мұқанов Мағжанды сатпаған да, ұстатпаған. Ал, Алматыға Қызылжардан 18 наурызда шығып, 25 мартта келгенін растай отырып, өзінің қолында Мағжанның хаттарының көшірмесі бар» екенін айтты.
Осындай нақты дәлелдерді білетін ғалымдардың да, жазушылардың да айтқандарын куәлікке тартуға болады. Бірақ соттың сөзі – үкім сөзіндей ғой деп отырмын.
Ал, Сәбит Мұқановтың Сәкенмен қарым-қатынасы тонның ішкі бауындай өте жақсы болған. Егер олай болмаса Гүлбарам тәтей дүниеден өтерінде: «Сәкеннің сүйегі қайда қалғаны белгісіз. Сәбит Сәкеннің сенімді серігі еді, мені Сәбиттің қасына қойыңдар» деп, Мәриям Мұқановаға аманат айта ма?
Күйеуіне кім дос, кім қас дегенді ең алдымен аңғаратын көп жағдайда әйелдер емес пе? Оның үстіне Гүлбарам Сейфуллинамен жақын араласқандардың айтуына қарағанда, ол кісі жуас та, можан-топай да әйелдердің қатарынан емес. Оны Сәкенді ақтау барысындағы іс-әрекетімен дәлелдеді де. Сондай ер мінезді азамат әйел Сәбит Мұқановтың Сәкенге қылаудай қиянаты болса, Мұқановтың маңына жолай ма? Сондықтан, Гүлбарам Сейфуллинаның Сәбит Мұқановтың қасында жерленуі, құдайдан үміті барларды ойландыруы керек.
– Архивті қаншама жыл зерттеген Тұрсынбек Кәкішев. Ол кісі архивте осындай дерек бар не жоқ деп айтушы ма еді?
– КГБ-ның де архивін ақтарған Тұрсекең Сәбеңнің адалдығына, ешкімнің үстінен донос жазбағанына әбден көзі жеткен. Сондықтан да ол мәселе сөз бола қалса емін-еркін сілтейтін.
“Донос” жазса, осы кезге дейін жария болар еді. Алаштанушылардың бәрі болмағанмен, кейбірі 1988 жылдан бері архивке бет бұрғаннан-ақ алдарынан Сәкен, сосын Сәбең шыға келетіндей әсерде болған. Оны кейбірі асығыс алаулатып, жалаулатты да. Артынан су сепкендей басылды. Неге? Себебі, Сәбең жазды деген донос жоқ.
Ал, енді өзің арнайы сұрап отырған Тұрсекең – Тұрсынбек Кәкішев – шыншылдығымен ерекшеленген Ғалым ғой.
"Құдай-ау, жоқ доносты жоқ деп шыныңды айтсаң сенбейтін қазаққа не деуге болады, мынау не масқара, мұндай мінезбен қайда барамыз", - деп ренжіп отыратын.
Сәбит Мұқановтың үйі – Жазушылар Одағының филиалындай болған. Сәбеңнің құшағының кеңдігінен, мінезінің жұмсақтығынан қарапайым халықпен де етене араласқан. Сәбең қайтыс болғанда қайғырмаған қазақ қалмады дегенді деректі фильмдер дәлелдейді. Қазақ үшін – өлім де бір сын емес пе?...
Сәбең 1973 жылы қайтыс болғанда Мұқағали Мақатаев: “Бұрынғылардың айтқаны рас болса, енді екінші нағыз өмірі басталатын адам осы Сәбең болуға тиісті. Жұрт не ойласа да өзі білсін, менің ойымша Сәбит – үлкен дүние. Өзі – Өмір... Бұл – қазақтың Бальзагы. О, оның ұзақ өмірі енді басталды. Сәбеңде арман жоқ!..” деп Сәбеңе халық тарапынан көрсетілген құрметтің басқаларға ондай дәрежеде көрсетілмейтінін де күнделігінде жазған.
– Сәбит Мұқановтың 100 жылдығы тұсындағы әл-Фараби атындағы университетте өткен конференцияда ҰҚК палковнигі қатысып, баяндама жасап: "ҰҚК мұрағатынан Сәбеңнің біреуді қаралап жазған ешқандай хатын не арызын кездестірмедім. Жоқ!" депті. Егер ешқандай арыз жоқ болса Сәбитті сатқын дейтіндер ол мәліметті қайдан алып жүр?
– Иә, ол – Амантай Кәкенов дейтін ұлтжанды азамат. Ақмола облысының тумасы. Астана қаласының тұрғыны. КГБ-ның полковнигі.
– Әлеуметтік желілерде: "Сәбиттің айнасындағы қаламгерлерге опасыздық жасағаны біреудің даңғыр сөзі емес, архивтен шыққан көптеген донос арқылы дәлелденген дүние" деген пікір өріп жүр?
– Жарайды. Өріп жүрсе фактіні көрсетіп, жарияласын! Сәбеңнің мойнына қойсын! Бұл Сәбит Мұқанов сатты деген сөз 1957 жылы Сәкен ақталғанда алғаш рет айтылған болатын. Бірақ оны айтқан адам, Сәбеңе бетпе-бет айтуға да, Жазушылар одағына шақырып алып жиналысқа салуға да толық мүмкіндігі бар еді. Бірақ олай жасамады. Себебі, өтірік айтылған сөздің жабылған жала екенін жақсы білетін, кезінде сотта қызмет атқарған заңға бес саусағындай жетік болғандықтан сыбырла-ап айтты. Мүмкін ол сол сыбырының ғасырдан ғасырға өтетінін білмеген де шығар.
– Себебі не?
– Себебі шығармашылық бәсеке, Сәбеңнің халық алдындағы беделі, Кеңес одағындағы даңқы, Сәбеңнің шежірешілдектен алдына жан салмайтындығы, Сәбеңнің мектеп оқулықтарынан бастап, жоғары оқу орнының студенттеріне де арнап оқулық, оқу құралдарын жазуы, арнайы автор болуы.
– Ол сөзді айтқан кім?
Ол сөзді айтқан әдеби ортаға Сәбеңнің өзі жетектеп әкеліп қосқан – Ғабиден Мұстафин.
– Мағжантанушы Бақыткамал Қанарбаева ALTAYNEWS.kz интернет басылымына берген сұхбатында: "Мағжанның ұсталуына Сәбит Мұқановтың рөлі үлкен" деген пікір білдірген екен. Осы туралы айта кетсеңіз? Шынымен Мағжан мен Сәбит араз болды ма?
– Мағжантанушымын деп жүрген Бақыткамал Қанарбаева – Мағжанның шығармаларын теориялық тұрғыдан зерттеген. Теориялық! Оны жай оқырман қайдан білсін. Алаш азаматтарының ғана емес, жалпы көркем шығармаларды теориялық тұрғыда зерттеген ізденуші, тарихи оқиғаларға тереңдеп бармайды. Себебі, ол зерттеу объектісінің міндетіне жатпайды. Сіз айтып отырған Қанарбаеваңыз да өзі анық білмейтін, зерттемеген дауға май құйып, оқырманды шатастыратын себебі сол.
Ал, өмірде Мағжан мен Сәбит араз болмаған! Араз болса Мағжан: ”Құрметті жолдасым Сәбит”- деп, Сәбеңе 1936 жылы Алматыға келердің алдында арнайы хат жаза ма? Тағы қайталап айтайын, Алматыға келердің алдында Сәбеңе өз еркімен сұранып, хат жазған – Мағжан! Ал, Сәбит Мұқанов Мағжанның азаматтық та, ақындық та қасиетін білген, бағалаған. Бағаламаса: “Абайдан кейін тіл өнегесінде Мағжаннан асқан ақын жоқ” деп жаза ма? Мағжанның тарихтағы орнын айқындап, Абайдан кейін отырғызып берген Сәбит Мұқанов еді ғой. Сәбеңнің осы қанатты сөзін бүгінгі мағжантанушымын, алаштанушымын, әдебиеттанушымын деп тарихты өзінен бастағысы келіп жүргендердің қайсы жаңарта алды?! Сәбит Мұқановтың Мағжанның шығармашылық портретін ғылыми дәлелдеп, әдеби айналымға енгізгеніне биыл тура он жылы кем БІР ҒАСЫР болады. (СӘБИТ МҰҚАНҰЛЫ “ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті” 1932 ж). Ол аз десеңіз Мағжанның ауылындағы мұражайының маңдайына жазылған сөзді: “Абай – ақылдың ақыны, Мағжан – ақынның ақыны” деп айтқан Сәбит Мұқанов. Мағжан туралы кім не деді дегенді бүге-шүгесіне дейін жиып-теріп жүрген мұражай қызметкерлері біле ме, әлде айдаладан тон пішіп жүргендер біле ме?
“Егемен Қазақстан“ газетінде 2020 жылғы 29 сәуірде шыққан санында “Мағжанды ұстатқан Сәбит Мұқанов па?” деген мақаламда сіздің сұрағыңызға жауап болатын біраз жағдайды айтып едім. Біздегі баспасөздің ұстанған бағыты солай ма, әлде журналистердің жауапсыздығы ма, қалай болғанда да ұлттық құндылықтарға қатысты даулы мәселе сөз болғанда, журналистік зерттеу жасалмайтыны өкінішті...
Бақыткамал Қанарбаеваның Сәбит Мұқанов пен Мағжан Жұмабаев қарым-қатынасындағы айтып жүргендері 99,9 процентке қате.
– Жақында ғана Елдос Тоқтарбай әлеуметтік желіде Сәбит Мұқанов Әлихан Бөкейхановты ұнатпады, лекциясынан қуып шықты деген дерек жариялады. Бұған дейін де Сәбең туралы біріңғай жағымсыз жазбалар салды. Мақсаты не? Бұл деректерді қайдан алып жүр?
– Елдос – әдеттегідей өз репертуарында. Елдос Тоқтарбай – өтірік айтудың ғана шебері емес, цитатаны өз ыңғайына қарай ыңғайлап алудың да мастері екен. Анау-мынауды емес, қазақ әдебиетінің классигі – Ғабит Мүсіреповті жұлып алып қалған. Дұрысы – Сәбиттер емес Сәбит, Ғабиттер ғой! Сонан соң Елдос пайдаланып отырған Гүлнәр апайдың ("Шындық шырағы", 2012 жыл) алаш азаматтары туралы бұл естеліктері маған өте жақсы таныс. Себебі, алғысөзін Гүлнәр апайдың өтініші бойынша Тұрсекең-Тұрсынбек Кәкішов: "Ақиқаттың анасы шындық" (01.05.1997 ж.) деп тақырып қойып, жазып берген. Менің таңғалғаным, осы кітапта Гүлнәр апай Міржақып Дулатовты ЧОН-ның отрядында (Арнайы мақсаттағы бөлім) жүрген Мұқанов қалай құтқарып қалғанын баяндаған. Ондайды Елдос Тоқтарбай аңғармайды, көрмейді.
– Елдос Тоқтарбай неге осындай мысалдарды келтірген?
– Елдос тарихты тереңнен толғап, айтыс-тартыстың ішіне кіріп, проблемалық мәселелерді айтқысы келеді. Бірақ Педагокикалық бағытта Торғайда алған базалық білімі аяғын тұсау салады да отырады. Бірақ ешқандай тақырыпқа, ешқандай жұмысқа тұрақтай алмайтыны мінезінен бе деп ойлаймын...
Шығармашылық жолында дұрыс бағыт-бағдар беретін ғалымдардың кездеспегені-ай деп ойлаймын. Оның үстіне атақ пен даңққа аппетиті өте үлкен. Ал ерсі тірлігі рекламаны өзіне-өзі жасайды. Ғылыми пікірді саралап айтудан гөрі оқырманға тез әсер ететін эмоциясын бірінші орынға шығарады. Ешуақытта бастаған тақырыбын аяғына дейін жеткізбейді. Әйтпесе, өзінің "түрме шығармаларын" зерттеуді аяғына дейін жеткізсе қазақ әдебиетіне үлкен олжа болар еді.
Жарайды, оны сәл кейінге қалдыра тұрып, сіздің: “Сәбит Мұқанов Мәскеуде лекция оқуы мүмкін бе” деген, сұрағыңызға жауап берейік. Себебі, сіз оқырмандарыңыздың да пікірін ескеріп отырсыз ғой. Солай ма?
– Әрине.
– Мәскеуде Сәбит Мұқановтың лекция оқуы мүмкін емес. Оның басты себебі – Мәскеуге білім алуға келген студент Сәбит Мұқанов қоғам қайраткері өзінен 25 жас үлкен Әлихан Бөкейхановты ұнатпайтындай кім еді ол кезде?! Бар болғаны – студент. Студент болғанда да салт басты емес, соңында бірге жүрген бала-шағасы, ағайын-туысы, Сәкеннің әйелі Гүлбарам мен қызы Лаураны да аядай үйінде паналатып, айлық стипендиясы шайлығына жетпей жүрген кезі.
Ал, Әлихан Бөкейханов болса, ол кезде білім жағынан да, ғылым жағынан да, саясат жағынан да жалғыз Сәбеңнен ғана емес, білімдімін деп жүрген талай тұстасынан оқ бойы озық, қайраткер болатын. Айырмашылық бар ма? Бар, жер мен көктей. Оның үстіне жеті жасынан тұл жетім, кісі есігінде өскен Сәбеңді бұла өскен төре баласы Әлихан Бөкейхановпен салыстырудың өзі қисынға келмейді ғой, лекциясын тыңдатып қоймақ түгіл. Әлихан Бөкейхановтың қадір-қасиетін Сәбит Мұқановтың өзі де білген, мойындаған. Сыйластықпен қараған. Сондықтан да Сәбең азаматтық жолынан жығылмаған. Оған нақты дәлелді алыстан іздеп қажеті жоқ.
Мәскеуде Смағұл Сәдуақасов қайтыс болғанда, қайғылы хабарды естіген Сәбең Мәриям апайды ертіп алып, мәйітті “Крематорийдің” алдында күтіп алады. “Сәбит жақын барып амандасып, көңіл айтты. Мен шегіншектеп кейіндеу тұрдым. Бөкейханов келбетті адам екен. Кескін-кейпі патшадай болып көрінді маған. Тәкаппар, суық жүзді”, - дейді өз естелігінде Мәриям апай. (“Менің Сәбитім” А.1993, 32б).
Осы қаралы жиында өте аз адам болған. Алаш азаматтарының өзі де Әлихан Бөкейхановтың жанынан табылмай жатқанда Сәбит Мұқановтың табылуы ойланарлық жағдай емес пе?...
– Әңгімеңізге рахмет.