- Негізгі бет
- Әдебиет
- Рух әлсіздігі ...
Рух әлсіздігі
Ағылшынның атақты қаламгері Оскар Уайльд 46 жыл ғана өмір сүрген.
Әрі философ, әрі ақын, әрі драматург Уайльдтың қаламынан шыққан жалғыз роман «Дориан Грейдің портреті» деп аталады. 1890 жылы алғаш рет журналға басылып шыққанда ағылшын сыншылары роман авторын сотқа бермек болады. Қоғамдағы ірі қайраткерлер, солардың маңайында жүрген атқосшылары жазушы шығармасынан өз-өздерін танып, қоғамда дүрбелең туады. Неге бұлай болды десеңіз, жазушы бетперденің арғы жағындағы адамдардың шынайы бет-бейнесін көрсетіп еді. Сән-салтанаты келіскен сарайларда өмір сүретін олардың нағыз болмыстарын жайып салған болатын.
Бір адамның бойында қарама-қайшылықты ойлар мен сезімдердің арпалысып жататынын, бір-біріне тізгін бермей, кейде бірі жеңіп, кейде екіншісінің мерейі үстем болатынын жазушы осы шығармасында жақсы бейнелейді. Адам болмысының кереғарлығы, оның екіжүзділікке құрылған өмірі, бірақ сол өмірдің қызығы мен шыжығынан безе алмастай пенденің күйі шығарма бағасын арттыра түскен-ді. Роман баяндау әдісінде жазылғанымен, оқиғалары соншама көп болмаса да, көбінде лорд Генридің пәлсапаларына орын берілгенімен өте тартымды. Тартымды болатыны, мұнда адамзатты толғандыратын мәңгілік сауалдар қойылады. Адамзатты мәңгі толғандырған өмір мен өлім, жақсылық пен жамандық, ақ пен қара, жарық пен қараңғы, күштілік пен әлсіздік, макро әлем мен микро әлем мәселесі бар мұнда. Осылардың адам табиғатында қалай көрінетіні, тағдырында қалай өрілетіні көрініс тапқан.
Романдағы басты кейіпкер – Дориан Грей шығарма басталғанда бозбала еді. Оның суретін салған, көркіне ерекше тамсанып, өнер тіліне көшіре білген суретші Бэзил ізгілікті бейнелегеніне сенімді болатын. Ал жас Дорианды ақылымен арбап, тіршіліктегі күрделі қарым-қатынастарды жетесіне жеткізе білген лорд өмірге тым кекесінді көзбен қарайтын.
Портрет салынды. Өмірдегі көркем бейненің өнердегі көркем бейнеге айналуы бозбаланы шаттандырды. Жүрегінде қуаныш пайда болды. Ол қуаныш нәпсіні семіртті. Семірген нәпсі мәңгілік жастық шақта қалғысы келетін, мәңгілік көркем бейнеден ауытқымауды қалайтын бозбаланы көкейімізге ұялатты. Оның әрбір жаман ісінен кейін портрет бетінің өзгеріп, бозбаланың бет-жүзінде ешқандай да жаманшылықтың ізі қалмайтыны ғаламат. Сүйгенінің өз-өзіне қол жұмсауына жол берген, есірткі шегіп, түнгі клубтарда сайран салған, притондарда әрдайым «түнгі көбелектермен» көңіл көтеріп, қаланың ең бір лас аудандарында мас күйінде әркіммен тәжікелесіп, жұдырықтасып, тонаумен, қарақшылықпен айналысып, әбден былығып, күнәға белшеден бата жүріп, өзінің сүйкімді келбетіне күнәнің қара таңбасын түсірмей, жоғары қауым арасында жадырай күліп, биязы сөйлеп, сыпайылықтан бір қадам да аттамай екіжүзділікпен өмір сүру үшін қаншалықты аяр болу керек екенін, мәртебелі оқырман, сіз білерсіз деп шамалаймыз.
Қаншама жылдардан соң да бозбала қалпын сақтаған, есесіне өз үйіндегі ешкім кірмейтін түкпі бөлмеде тұрған портреттің беті айғыздалып, ең соңында портреттен қан тамшылағанда да Дорианның адамгершілік сезімінің селт етпеуі, есесіне өшпенділіктің өрши беруі өзін бейнелеген суретшіні өз қолымен пышақ салып өлтіруге дейін алып барды. Ал ертесінде жылы жүзді сүйкімді кейіптегі кейіпкер жоғары қауым өкілінің бірінің үйінде қоғамның ардақтыларымен бас қосты. Суретші турасында қайғыға берілмек түгілі, оның өлі денесін химик досының көмегімен күлге айналдырып жіберуі жауыздықтың ең бір шыңы болып көрінеді. Бірақ, кейіпкердің жүрегінде тыныштық жоқ. Сырттай дүрдигенмен, іші қуыс. Өйткені, өз нәпсісіне семіріп, үлкен күнәлар жасауға дейін барған Дориан әлсіз адамның образы.
Жалпы, романдағы негізгі күрделі мәселелер – әлеуметтік ортадағы адам болмысы, оның қоғамға кіріптарлығы, рухтың әлсіздігі, жалғыздық пен имансыздық дерті. Мұсылмандық танымымызбен осылардың ең соңғы нүктесі Дорианның абыройсыз өлімі еді деп қосқымыз келеді. Дориан өлген соң портреттің бастапқы қалпына түсуі, одан нұр жүзді бозбаланың қарап тұруы – жазушының шын мәніндегі шеберлігі дер едік.