Пушкин қатысқан дуэльдер

Пушкин қатысқан дуэльдер

Ақын өлді! Намыс құлы
Құлады оқтан у кекпен.

Лермонтов

“Орыс поэзиясының жарық күні” атанған Пушкин 1837 жылы 10 ақпанда (ескі жыл санау бойынша 29 қаңтар) өмірден өтті. Оған себеп – ұлы ақынның француз офицері Жорж Дантеспен болған дуэльде алған жарақаты. Офицер ақынның жұбайы Наталья Гончароваға ғашық болған деседі.

Александр Сергеевич қызуқанды адам болған. Соған байланысты оның өмірінде орын алған дуэльдер саны өте көп. Олардың кейбірі екіжақты келісімнің нәтижесінде ұйымдастырылмай қалған, ал қалғаны ақын үшін оң нәтижемен аяқталды. Біз Пушкиннің өмірінде болған елеулі дуэльдер туралы ақпарат ұсынып отырмыз.

Пушкин алғашқы дуэльге Павел Ганнибал есімді туыс ағасын шақырған. Өйткені, сол заманда жиі өткізілген балдардың бірінде Павел жас ақын ғашық болған арудың көңілін ауламақ болады. Алайда, түсініспеушілік өршімей, аяғы келісіммен тынады. 17 жасар жігіттің мұндай ашушаңдығын қызық көрген ағасы інісіне төмендегідей өлең жолдарын арнапты:

Хоть ты, Саша, среди бала
Вызвал Павла Ганнибала;
Но, ей-богу, Ганнибал
Ссорой не подгадит бал!

Пушкиннің атысқа дейін жеткен алғашқы сөзталасы 1819 жылы орын алды. Оны өзінің лицейлік досы Вильгельм Кюхельбекер дуэльге шақырады. Александр Сергеевич досын қатты жақсы көретін, бірақ оның сұрықсыз түрін мазақ еткен жыр шумақтарын жиі жазатын:

За ужином объелся я,
Да Яков запер дверь оплошно,
Так было мне, мои друзья,
И кюхельбекерно и тошно.

Төзімі таусылған Кюхельбекер ашуға булығып, Пушкиннің алдына қолғабын тастайды (Дуэльге шақырушы өзін қорлаған адамның алдына бір қолғабын тастайды, ал қарсылас қолғапты көтерсе, ұсынысты қабылдағанының белгісі) Пушкин болса бас тартпады. Вильгельм бірінші болып атса да, мүлт кетті. Сол кезде ақын пистолетін тастай салып, досын құшақтамақ болды. Алайда, Вильгельм  «Ат! Ат!» – деп тұрып алады. Пушкин қарудың оқпанына қар толды деген себеппен дуэльді кейінге қалдыртады. Көп ұзамай тентектер татуласты.

Пушкин басқа да дворяндар секілді ішімдікке әуес болды. Оның ессіз қылықтары да осындай мас кезінде жасалатын. Сондай кештердің бірінде Пушкин бір емес, екі досын бірдей дуэльге шақырған екен. Оқиға 1820 жылы Кишиневта орын алған. Достарының естелік жазбаларына сенсек, таң ата бәрі жақсылықпен аяқталыпты.

Кюхельбекермен болған жағдай сияқты Пушкин өз кезегінде атудан бас тарқан сәттер көп болыпты. Сондай дуэльдің бірі 1822 орын алған. Бұл ақын өміріндегі ақылға қонымсыз себептен туған жекпе жектердің бірі болды.

Балда Александр Сергеевич бір бикешті биге шақырып, музыканттарға: «Мазурку!» – деп ұсыныс тастайды. Сол залда болған офицерлердің бірі вальс билеуге ниетті екенін білдіреді. Ал ақын: «Сіз вальсіңізді билей беріңіз, мен мазурка билеймін» деп бикешпен бірге мазурка ырғағына тербеле, залды айнала билеп кетеді. Офицердің дуэльге шақыруға батылы жетпегенін байқаған подполковник Старов Пушкиннің алдына қолғабын тастайды. Қарсыластар дуэль ертеңгі күні сегіз қадамнан жүзеге асырылады деген келісімге келіп тарқасады. Бірінші болып подполковник атқанымен, мүлт кетеді. Ал, Пушкин әдейі далаға атқан екен.

Пушкин қатысқан дуэльдерде қарсыластың екеуі де оқ атқан сәттер өте сирек орын алған. Солардың бірі  Тодор Балш есімді молдованмен болған. Пушкин оның үйінде қонақ болады. Сол уақыт аралығында үй иесінің жұбайы ақынды өз қыздарына тым көп көңіл бөледі деп айыптайды. Оның қызына деген аса жоғары қызығушылығын жақтырмай бір сөзінде: Пушкиннің дуэльдері басталмай жатып, аяқталады – деп ақынның намысына тиеді. Александр Сергеевич әйелдің жолдасын дуэльге шақырады. Екеуі де атады, бірақ ешкім дәл тигізбейді.  

Ақынның соңғы дуэлі 27 қаңтарда Қара өзен жағасында орын алды. Алдымен, Дантес атып, ақынға ішіне дәл тигізеді. Пушкин бірден есеңгіреп қалғанымен, жауап қайтаруға тырысып, тізерлеп отырған күйінде атып, Дантестің оң қолын жаралайды. Дуэльден екі күн өткеннен кейін Пушкин көз жұмды. 


А. Оралқызы