- Негізгі бет
- Әдебиет
- Петрарка - Жұматай....
Петрарка - Жұматай. Лаура мен Ләйлә
Ғашықтық ғаламаты. Өмірдің әжуасы. Баянсыз бақыт. Тағдырдың томағасыз түз қыраны сезімді қызыл түлкідей тырнағына салды-да кете барды. Бір мысқал мейірімі болсайшы дерсің...
Сүйген жүректің сертіндей болған жырлар жазды... ақтық демі таусылғанша жыр етті. Петрарка мен Жұматай. Осылай талай қалам ұстағандар құлаш-құлаш мақала жазды. Қос ақыннан үйлесімділік, ой сабақтастығын іздеді. Тапса тапқан да шығар. Оларға айтар бір ғана уәжіміз бар.
Жұматайды Петраркамен байланыстыра зерттеушілер(я керісінше) алдымен Жұматай философиясын ұғынса дейсің. Жұматай нағыз экзистенциализм өкілі. Оған дәлел шайырдың бір жырында «Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде» деген жолдар бар. Ол күлу жәй ыржаңдау емес. Ащы мысқыл. Мысқыл болғанда да өзіне берілген тағдырды менсінбеу, мойындамау, оны мысқылдап күлу. Өмірді өліммен жеңу! Петрарканың пәлсапасы қандай? қайта өрлеу дәуіріндегі итальяндық үш ұлы тұлғаның (Франческо Петрарка, Джованни Бокаччо, Данте Алигьери) бірі болған, Лаураны жырлаған жанның философиясы туралы Жұматаймен салыстырар жандар неге оны айтпайды? Осыдан соң кейбіреулердің Лаура мен Ләйлә жайлы жазып жүргені жәй ғана пафос, болмаса дақпырт емес деңізші.
Хош біздің айтпағымыз мүлдем басқа. Шабысы шалқұйрықтай шайыр Жұматай жайлы. Оның сезім иірімдері тудырған жыры туралы. Солардың бірі былай басталады.
Айыбым болса кеше жүр,
Асқақтау жердің маралы.
Жырладым сені неше жыл,
Жындантып неше қаланы.
Дауыл, жел, теңіз, өзен шартты түрде айтсақ жындануға құқы бар. Өйткені олар Жаратылыс құдіреттері. Біздің ұғымда қала адам баласының қолымен жасалған жасанды дүние. Ол қалай жынданбақ сонда? Екінші мәселе, жел жынданса дөңгеленген дүниені дүбірлетер долы дауылға айналады, теңіз жынданса толқыған асау толқынға ұласады, ал қала қалай жынданады екен, қызық?? (Постмодернизм туралы бұл жерде сөз қозғамай-ақ қойған жөн.)
Осы жыр жолдары бастан аяқ АА ЖЖ деген ассонанс, аллитерациямен жазылған. Біздің ой, ақын сондай шарттылыққа бағынамын деп жырға жасанды жолды қосты ма дейді? Біздің ой тоқтасын ба? Ой ұшқындарымыз сол жырға келесідей өзгеріс енгізуді қалайды.
Айыбым болса кеше жүр,
Асқақтау жердің маралы.
Жырладым сені неше жыл,
Жүрегім содан жаралы.
Біз ғашық жүректің жынданғанын емес жараланғанын білеміз. Оқырман қауым осыны ескерсе дейміз.
Айтамын жақындарша,
Тұрса да дәтім бармай.
Тұлпардай ақын болса, Тұлпар бар ақындардай.
Жұматайдың өзі айтпақшы сол ақын-тұлпардың кейде адасып үйірінен шығып қалатынын ұмытпайық...
Бағдәулет Нұрмат
А. Оралқызы