- Негізгі бет
- Әдебиет
- Періште тағдыр үзілмесе...
Періште тағдыр үзілмесе екен
19 қаңтарда Ләйлә Сұлтанқызының жаңа «Әйел» атты кітабының тұсаукесері болды. Осы рәсімнен кейін сатылымға шыққан кітапты бүгінде қыз-келіншектердің қолынан көп байқап жүрміз. «Кітаптың сыртын әдемілеп әрлеген Ләйлә ішін әсемдей алды ма екен?!» деген сыни пікірлерді де құлақ шалып жүр. Осы тұрғыда, бұл кітаптың ішінде қарандашпен астын сызып, стикермен жапсырып кететін түртіп алар дүниелер бар ма екен деген оймен massaget.kz тілшісі бұл туындыға көз жүгіртті. Кітаптың ішіндегі мына бір оқиға адам көңіліне ерекше сезім ұялатады екен.
Іштегіні өлтіргім келмейді...Үмітті айтам...Неге дейсіз бе?! Бір жыл бұрын бір бүлдіршінмен таныстым. Жасы небәрі 9-да. Үш айлақ қана өмірі қалған екен...Ата-анасы бәйек болып, қызының бар арманын орындауға асығып жүр...Бала армандарының бірі – «Балапанға» шығу екен. Тікелей эфирге қонақ ретінде шақырған едік. Біраз дайындалыпты...Бала ғой, қатты қобалжығаннан жүрегіндегі құрылғы тоқтап қалыпты. Эфирге бір сағат қалды дегенде, телефонның арғы бетінен бар күшін жинаған әкенің дауысы естілді...«Қызым комада...Біз келе алмайтын болдық, кешіріңіз...» Жауапсыз қалған әңгіме...Ештеңе дей алмадым, шамам да келмеді. Келесі күні қайта хабарласқан едім. Ешкім жауап бермеді...Өмірінің бәрі алда...Періште тағдыр үзілмесе екен... Жо-оқ, үзілген жоқ. Іштегіні өлтіргім келмейді. Үмітті үзгім келмейді. Құрылғыға тәуелді етіп қойған құрғыр жүрек әлі де соқса екен...Тіршілік үшін күрессе деймін...Ең ауыры – ол өзінің жалған өмірдегі тіршілігінің шектеулі екенін сезеді. Журналистерге: «Мен сіздерге бір құпия айтайыншы, бірақ оны мамам мен папам білмей-ақ қойсыншы...Менің кеудемде жүрек жоқ. Мен жүрексіз өмір сүріп жатырмын. Жақында мен жақсы жаққа кетемін...» - депті. Жүрегі бар жұмыр басты пенденің өзі мұндай таза, мұндай бақытты емес болар...Сіздің кеудеңізде 24 сағат үздіксіз соғып тұрған жүрегіңіз бар. Бірақ бақытты болуға сонда да бірнәрсе кедергі. Неге?! Жүректі болғаннан, жақсы, қоғамнан демей-ақ қояйын, өзіңізге, ортаңызға қаншалықты пайдалысыз?! «Балапан» арнасына шығам деп, күз туралы тақпақ жаттапты. Күз тағдыры кішкентай қыз тағдырына ұқсап тұр ғой...Сабағынан үзілердей болған жапырақ...Кішкентай ғана таза әрі бейкүнә жапырақ. Әке-шешесінен өмірінің аз қалғанын жасырады екен...Бала ғой. Оларға көзіндегі қорқынышын көрсеткісі келмейді. Қазір кішкентай періштенінің тағдыры әлемдік донор банкіне тәуелді, әрине әуелі Аллаға! Аурухананың төсегіне таңылып, әлсін-әлсін дем алуда..Қоштасатын сәтін не қайта өмірге келер шағын тосуда... Ал кеудеде бұйрықты орындар темір құрылғы ғана...
Құрметті оқырман! Телеграм мессенджерінің артықшылықтары мен тиімді пәрмендері күн санап артып келеді. Егер, бұл әлеуметтік желіні әлі орнатпаған болсаңыз, асығыңыз. Массагет мақалаларын Телеграм арқылы оқуға мүмкіндік бар. Ол үшін арнамызға тіркеліңіз!
А. Қажиев